Жаз келгеннен көпшілік су айдындарына қарай ағылатыны белгілі. Олардың ішінде мас күйінде суға түсіп, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жататын деректер аз емес. Сондай-ақ ата-ананың көзін ала бере өзен-көлге тайып тұратын балалардың кейбірі суға кетіп жатады. Оған дәлел былтырғы шомылу маусымында Жамбыл облысында 2 адам суға батып көз жұмса, оның біреуі бала. Ал биыл жаз айы басталмай жатып 1 адам қаза тапты.86 қауіпті су айдыны бар
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, өңірде 16 шомылуға рұқсат етілген орын болса, шомылуға тыйым салынған су айдындарының саны 86 екен. Осыған орай департамент мамандары шомылу маусымы басталмай жатып 311 рейдтік шара өткізген. Қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 8 570 жадынама таратып, 847 қызметкер түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұл бағыттағы жұмыстарға сондай-ақ 149 ерікті жұмылдырылған. Аса қауіпті су айдындарына 3 мобильді құтқару бекеті қойылып, 4 жасақшы белгіленген. Ал жалпы облыс бойынша 13 құтқару бекеті ашылған. Су айдындары түбіндегі қауіпті анықтау үшін 9 тексеру жүргізіліп, су қоймаларында 40-тан аса түгендеу болған.
Байқап тұрсаңыздар, сала мамандары шомылу маусымына күшейтілген режимде дайындыққа кіріскен. Әрине, бұл қуантады. Алайда жаз айлары басталмай жатып бір адамның суға батып кеткені бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейте түсуге шақырады.
Тараздықтар қайда шомылады?
Осы тұста баса айтып кетерлігі, биыл Тараз қаласында рұқсат етілген шомылу орны жоқ. «Зербұлақ» көлінде күрделі құрылыс жұмыстары жүріп жатқандықтан қазір тараздықтар қайда барып суға түсерлерін білмей отыр. Бұл мәселе Тараз қаласы әкімдігінің аппараттық жиынында да көтерілді. Шомылу маусымына қатысты түйткілден хабардар болған шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев жауаптыларға басқа орын дайындауды тапсырды. Алайда маусым айы басталып кетсе де, бұл мәселе шешілмей тұр. Сондықтан қала тұрғындары қазір Талас өзенінің бойындағы «Бөбек» орталығының аумағы, «Тектұрмас» көпірінің тұсы, «Гидроторабтың» төменгі ағысы, «Қант зауыты» маңы, «Автобекет» көпірінің асты, «Шөлдала» тұрғын алқабындағы суармалы және тұндырғыш каналдарын жағалауда. Ал ағысы асау Талас өзені ең қауіпті су айдыны саналады. Онда бала түгілі ересектердің суға түсуі қиын. Жақында құтқарушылар осы өзенде суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды. «Қант» алқабы маңындағы өзен жағалауында шомылып жүрген балалардың бірі суға ағып бара жатқанын рейдтік шарада жүрген құтқарушылар байқап қалған. 10 жастағы баланың суға кеткенін қасындағы ересектер білмей де қалған. Шомылып жатқан орыннан 100 метр қашықтыққа дейін ағыспен ағып кеткен баланы Саят пен Ермек есімді екі құтқарушы жанкештілікпен судан алып шыққан. Өз өмірлерін тәуекелге тіккен мамандар жедел жәрдем келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетіп, баланың өмірін де аман алып қалды. Бұл сөз жоқ, көзсіз ерлік. Міне, осы оқиғаның өзі Талас өзенінің қаншалықты қауіпті екенін айғақтап тұр. Сондықтан Тараз шаһарына бір шомылатын қауіпсіз аймақ керек.
Облыс орталығында шомылатын қауіпсіз су айдыны болмағаннан кейін халық жазда бессейндерге ағылатыны тағы белгілі. Бүгінде қалада 40 стационарлық және 6 таяз бассейн бар. Облыс әкімдігінің Білім басқармасы олардың 22-сімен келісімшарт жасап, 12 мыңнан аса баланы шомылуға үйретуді жоспарлаған. Әрине, бұл – игі бастама. Алайда жергілікті билік балаларды шомылуға үйретуді емес, олардың қауіпсіздігіне жауап беретін құтқарушыларды бассейндерге қызметке алуды басшыларына міндеттесе екен дейсің. Себебі алдыңғы жылы дәл осы жекеменшік бассейндерде бірнеше жасөспірім көз жұмған болатын. Оның ішінде мектеп лагерінің бассейніне түсіп қаза тапқан 9 жастағы бала да бар. Сондықтан бассейн басшыларына құтқарушыларды қызметке алуды міндеттеуді бірінші орынға қою қажет. Егер бұл талапты орындамаса демалыс орнының жұмыс істеуіне заңмен тыйым салған жөн. Өйткені еліміздің ең асыл қазынасы адам және оның өмірі екені Ата заңда тайға таңба басқандай көрсетілген.
Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда жауапты мамандар шомылу маусымына аса жауапкершілікпен қарағаны жөн. Жоғарыда аталған тараздықтарға қауіпсіз су айдынын жасақтау және бассейн басшыларына құтқарушы маманды қызметке алуды міндеттеу сынды мәселелерді жергілікті билік назарда ұстайды деп сенеміз.