Қазір құлдықтың қамытын кигендер туралы ақпараттан көз сүрінеді. Жоғалған жақынын жылдар бойы іздеп, бақсы-балгер жағалап, құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырғандардың қатары одан да көп. Сонда дейміз де, құл иеленушілерге қарсы құзырлы орган тарапынан жасалып жатқан қарекет аздық етіп жүр ме? Әлде адам саудасына қарсы заңымыз осал ма?Ең сорақысы, осындай қылмысты мемлекеттік істің тізгінін ұстағандардың өздері жасап отырғаны.
Ресми деректерге көз жүгіртсек, елдегі ең көп таралған адам саудасына мәжбүрлі жезөкшелік пен еңбек құлдығы жатады. Екі жыл бұрын, яғни пандемия кезінде еліміздегі адам саудасы бойынша тіркелген қылмыс саны 6 есеге артқан. Ал былтыр полиция адам саудасына байланысты 103 қылмыстық іс қозғаған. Оның сыртында адам саудасына қарсы күрес жөніндегі сенім телефонына түсетін қоңыраудың санында шек жоқ. Мысалы, былтыр жартыжылдықта ғана «11616» нөміріне 837 қоңырау соғылған. Бірақ соғылған қоңырау мен тіркелген істердің 70 пайызы ғана сотқа жетеді екен. Бұл туралы сол жылы Алматыда азаматтардың құқықтарын қорғау проблемалары туралы арнайы баяндаманың тұсаукесерінде сарапшылардың өздері айтты.
Құзырлы орындарға хабар беретіндер аз
Осыған қарап «елдегі адам саудасына қарсы тұру мәселесінде кедергі көп пе?» деген заңды сауал туындайды. Былтыр жыл соңында адам саудасымен күрес туралы жасалған баяндамада адам саудасына қатысты әрбір төртінші қылмыс қана ашылатыны мәлім болған. Мамандардың айтуынша, қылмыстарды анықтау көрсеткішінің төмендігі құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардың дағдарыс орталықтарымен тиімді өзара іс-қимылының жоқтығымен байланысты. Оның бір ұшы сыбайлас жемқорлыққа келіп тірелуі мүмкін екені айтылды. Мәселен, Жамбыл және Алматы облыстарында сәбилерді сатуға байланысты қылмыстарға мемлекеттік мекемелердің өкілдері: аудан әкімдігі жанындағы бала асырап алу комиссиясының мүшесі және облыстық аурухананың медицина қызметкерлері де қатысқан. Бұдан бөлек, адам саудагерлерінің әрекетінен зардап шеккен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қорғау шаралары әлсіз екені де сол жиында айтылды.
Сонымен қатар адам саудасының артуына халықтың құқықтық сауатсыздығы мен білімінің аздығы да себеп. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда осындай оқиғаларға куә болған күннің өзінде құзырлы орындарға хабар беруге құлық танытатындар аз. Сол үшін құқық қорғаушылар кез келген күдікті жағдай байқалған жағдайда «116 16» ұлттық сенім телефоны жұмыс істейтінін, құрбандарға көмек көрсетумен айналысатын ұйымдар бар екенін білу керек.
Құлдыққатүскендердіңкөбіндеқұжатыжоқ
Елімізде адам саудасының құрбаны болған жандарға түрлі бағыт-тағы көмек көрсететін осындай ұйымның бірі – «Мархабат» қоғамдық ұйымы. Олар ШҚО-ғы мемлекет тарапынан бекітілген әлеуметтік көмекті ұсынады. Мәселен, сотта өкіл болу, құжаттарын қалпына келтіру, тіпті шетелдік азаматтар болса, Отанына қайтаруға дейінгі жұмыстарды атқарады. «Құлдыққа түскен адамдардың басым көпшілігінің құжаттары жоқ. Осы уақытқа дейін құжаттарын рәсімдемеген. Болмаса жоғалтып алып, ары қарай іздемеген. Соның кесірінен жұмысқа тұра алмайды. Сосын жалдамалы жұмыстарды істеп жүріп, ақыр аяғында құлдыққа түседі. Әйелдер арасында да осындай», – дейді «Мархабат» қоғамдық ұйымының төрағасы Дарын Сағдолдин. Оның айтуынша, орталықта құлдыққа түскен адамдар жарты жыл бойы тегін жатады. Құлдықтан босаған адамдарды оңалтуды мақсат еткен орталықта жәбірленушілердің өтемақысын сот арқылы қайтарту, медициналық, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық жағынан әртүрлі көмек көрсетіледі. Одан кейін де орталық қорғауындағы адамның тағдырын өз бақылауында ұстайды. «Былтыр 8 жыл құлдықта болған бір кісіге көмек көрсеттік. Шаруа қожалығында мал баққан. Ешқандай құжаты болмаған. Өйткені түрмеден шыққан бойда шаруа қожалығына барып, жұмыс істеген. Құжаттарын рәсімдемеген. Бірнеше рет қашуға әрекет жасағанмен, қожайындары жібермеген. Сол іс сотқа дейін барды, бірақ екіжақты келісіммен аяқталып, кінәлі адам жауапқа тартылған жоқ», – дейді Дарын Сағдолдин.
Айтуынша, орталық былтыр құлдық қамытын киген 14 адамның құқығын қорғап, оңалуына көмектессе, биыл осындай 10 адамға жәрдем беріп жатыр. «Орталық құлдықта жүрген адамдардың анықталуына да қол ұшын созып келеді. Мысалы, ай сайын полицейлермен құлдық құрбандары болуы мүмкін жерлерге рейдке шығамыз. Сондай бір тексерісте біз жезөкшелікке тартылған әйелдердің арасында балалы әйелдерді де анықтадық. Құлдықтағы қыздардың көбі балалы болғанда белгілі болып жатады. Бізде қазір бір әйел бар. Екі баласымен жатыр, өзінің де, балаларының да құжаты жоқ», – дейді Дарын Сағдолдин.
Жазамерзімі жұмсақпа?
ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Шынар Көшербаеваның сөзінше, биыл да адам саудасына қатысты тіркелген қылмыстық іс көп. Айталық, биыл бес айдың өзінде 51 дерек тіркелген. Оның ішінде ер адамдарды мәжбүрлі жұмысқа тарту мен қыз-келіншектерді жезөкшелікке жегу жиі кездеседі. «Бұл санаттағы қылмыстың дені – мәжбүрлі еңбекке жегу мен еркінен тыс жезөкшелікке салу. Мүмкіндігі шектеулі адамды қайыршылыққа салу оқиғасы да бар. Бірақ адам саудасымен айналысқандар жазадан құтылмайды. Қылмыстық кодекс бойынша кемі бес жылдан, қылмыстық құрамы бойынша ең ұзақ жаза мерзімі 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айлықтарын ала алмай жүргендердің ісі азаматтық тәртіп бойынша сотта қаралады», – дейді аға жедел уәкіл. Маманның сөзінше, мәжбүрлі жезөкшелікпен айналысу бойынша қаралатын істерде қылмыс құрамына байланысты күдікті 5-8 жылға темір торға тоғытылады. Бірақ олардың арасында қылмысын қайта жасайтындар да кездеседі екен. Сөз арасында Шынар Көшербаева адам саудасына қатысты кейбір оқиғаларда мемлекеттік қызметкерлер тарапынан қылмысты жасырып-жабуға жәрдем берген жағдайлар болғанын айтты. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Алматы мен Қостанай облыстарында болған осындай оқиғаларда қылмыскермен қатар қылмысты жасыруға тырысқандар да жауапкершілікке тартылыпты.
Құқықтық мемлекеттегі адам құқығы аяққа тапталмауы тиіс еді. Әсіресе мемлекеттің асыл қазынасы саналатын адам мен оның өмірін қорғау үшін ант-суын ішіп, жауапты жұмысқа тұрған қызметкерлердің жауапкершілігі жоғары болуы керек еді. Күні кеше Қостанай облысында мемлекеттік мекеменің лауазымды тұлғалары адам саудасымен айналысты деген күдікке ілінді. Анау-мынау емес, облыс әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының лауазымды тұлғалары мемлекеттің қамқорлығындағы адамды тегін жұмысқа пайдалануға берген. Сенгеніміз сенімге селкеу түсіріп жатса, қайтпек керек?