Алтын адамның атамекеніндегі «Музей түні»
Алтын адамның атамекеніндегі «Музей түні»
527
оқылды
Маусымның 9-нан 10-на қараған түні Алматы маңындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Музей түні» іс-шарасы өтті. Іс-шара барысында Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары мен қонақтарына қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен ақпарат алуына үлкен мүмкіндік туды. «Есік» музей-қорығы атаулы шараны осымен алтыншы рет өткізіп отыр. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, т.ғ.к.   Гүлмира Райылқызы іс-шараның ашылу барысындағы алғы сөзінде барша қонақтарды осынау мерекемен құттықтай келе, «Есік» музей-қорығындағы «Музей түнінің» неге мамыр айында емес, маусым айында өтетінінің себебі музейдің құрылған күнімен байланысты екенін атап өтті.    width= «Музей түніне» келген қонақтарға 4 бірдей экспозициялық залдар бойынша тегін экскурсиялар жүргізілді.    width= «Музей түні» алдымен «Алтын адам құпиялары» атты жастар мен мектеп оқушыларына арналған квест ойынымен басталып,  жастардың тарихтың жұмбақ тұсын табуға деген қызығушылықтарын оятты. Осы түн аясында «Есік» музей-қорығының бас суретшісі Д.Бектемировтің авторлық көрмесі ашылып, қылқалам шеберінің қолынан шыққан тың туындылардың дайындалуы жөнінде шеберлік сабақ өткізілді.    width= «Ұста Дәркембай қолөнер музейінің» шеберлері «Шеберлер жауһары» атты көрмесімен бірге зергерлік өнер мен көзе жасаудан шеберлік сабақтарын музейге келген қонақтарға көрсетті. Сондай-ақ Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қ.Көдековтің «Ғасырлар толғауы» және шәкірті Т.Калиеваның «Шамшырақ» атты көрмелері де көпшілік қауымға ұсынылды. Әбу Ақмаралдың «Шебер қолдар» шеберлік сабағы бүгінде тренд болып жатқан қыз-келіншектердің тақиясын тігудің қыр-сырымен бөлісті. Музей түніндегі қонақтардың арасында тақияға деген қызығушылық танытушылар көп болды.    width= Балалар жылына орай «Айлин» және Renior art шығармашылық орталықтарының «Бәрі өз қолымызда» атты көрмесі де  тартымды ұйымдастырылды.  Балалар шығармашылығының көрмесіне келуші қонақтар сақ ханзадасы, сақ жауынгерінің келбеті, тарихқа жаңа көзқарас секілді түрлі тақырыптағы майлы бояумен және қарындашпен салынған картиналарды тамашалады. Балаларға арналған аквагрим өнеріне деген көпшілік қауымның қызығушылығы ерекше болды. Сонымен қатар сақ мың бояуы шығармашылық ойындары да балаларға ұсынылып, гипстен жасалған түрлі мүсіншелер боялып, петроглифтердің көшірмесі жасалды. Музейдің жас қонақтары аспан астында құрылған сахнадан «Күлтегін», «Мұзбалақ» мультфильмдерін тамашалады. Байдаралы отбасы ұсынған ерте көшпенділердің «Бес қару» жауынгерлік өнері келушілерді таңғалдырды. Мәдени іс-шара осы түннің символикалық оқиғасы «Сақ алауын» жағумен аяқталды.

Алматы