Жиһанкез Сәрсенбай
Жиһанкез Сәрсенбай
1,503
оқылды
Ұлт ұясы Ұлытаудан жаяу шыққан жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев «Ұлытауға бардың ба?» деген атпен экспедицияға шыққан болатын. 72 жастағы ағамыз еліміздің барлық дерлік өңірін жаяу аралап, рекордтар кітабына енуді мақсат тұтқан. Сәрсенбай Оспанұлы бұл сапарында қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан қолданбалы өнер түрлерін жи­нақтап, ЮНЕСКО-ға өткізуді көздеп отыр. «Жалғыз жүріп, елімізді аралап шығамын» деген азаматты «бұл кім?» дейтіндер де бар. Олай болса, жиһанкез туралы сөз қозғайық. Шебер ұста, қадірлі азамат Сәрсенбай Оспанұлы өзінің өмірдегі еңбегін еліне, жеріне, Отанына арнап келеді. Еңбек жолын 17 жасында туған жері Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында бастаған ағамыз қойшы, жүк тиеуші, одан соң қолына күрек, балғасын ұстап, құрылысшы болып еңбек етеді. Сонымен бірге, тас қалаушы, балташы және автокраншы міндеттерін қатар атқарады. 1973 жылдан 2001 жылға дейін Жаңарқа ауданында қарапайым қара жұмыстан бастап, шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, агроном, өндіріс орындарында бас шебер қызметтерін атқарып келген. 2001-2004 жылдары Жезқазғанда қаржы бақылау комитетінде шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Кеңгір кентінде «Балапан» құс фабрикасында темір ұстасы болды. Жасынан еңбекқор Сәрсенбай аға, қай жерде еңбек етсе де, жасаған істері сапалы әрі құнды болып тұрады. Өзінің қарапайым әрі біртоға мінезімен әріптестеріне де, қоршаған ортасына да, отбасына да сыйлы. Сәрсенбай Шебер кісі өзінің алтын қолды өнерін Ұлытаудың болашағын көтеруге де жұмсап келеді. Ол 2006-2007 жылдары Ұлытау ауданындағы «Терісаққан» ауылында мешіт құрылысын салып, ел игілігіне табыстап, ауыл халқын үлкен қуанышқа бөлеп, қариялардың ақ батасын алған болатын. 2007-2010 жылдары «Қазақмыс» кор­порациясының өндірістік темір жол меке­месінде темір ұстасы міндетін атқарып жүріп, Ұлытауда «Гүлсара ана» ембұлағына абат­тандыру жұмыстарын жүргізді. Онда бұлақтың іргетасын қайта қалап, жалғыз аяқ жаяу тасжолын төседі. 2010 жылдан бері «Ұлытау» қорық-мұра­жайының архитектура бөлімінде темір ұстасы әрі құрылысшы болып жүріп, Әулиетауға тағзым етіп келушілерге арнап «Тағзым үйі» құрылысын жүргізіп келеді. 2011 жылы ашылған қайта жөндеу ұста­ханасында темір ұстасы болып өз қолымен көрік жасап, темірден көптеген тұрмыстық бұйымдар: коршау шарбақтарын, терезе торларын, саты жақтауларын және тағы да басқа өнім түрлерін жасайды. 2012 жылы сол кезденгі Ұлытау ауданы әкімі Әнуар Серікбайұлының қолдауымен, ауданда туризмді дамыту мақсатында, Әулие­тау етегінің алғашқы сатысының қалыптарын темірден жасап, саты көтеру жұмыстарына атсалысты. Бұл іс, киелі де қасиетті Ұлытау халқының және тағзым етіп келушілердің көптен күткен арманы еді. жиһанкез «Сәрсенбай аға өзінің ұсталығынан басқа да әртүрлі қырларымен мұражайдың қоғам­дық өміріне белсене арласып келеді. Шығар­машылық кеште ақсақал болса, халықаралық әйелдер күні мерекесінде ақ жаулықты әже рөлдерін сомдаған кездері бар. Терісаққан ауылында өткізілген «Терісаққан көктемі» этнофестивалін өткізуде ол кісінің атқарған жұмыстары жетіп артылады. Атап айтар болсақ, жол белгілері, көрсеткіш тақталар, ту ілу құрылғысы сапалы түрде жасалынып, фестиваль көрермендерінің алдында өз қолымен жасаған көне көрікті іске қосып, көрініс түрінде темір бұйымдар жасау өнерін халық назарына ұсынды. Өзінің шеберлігін мұражайдың архео­логиялық, архитектуралық эспедиция­ларында, қазба жұмыстарына қатысу арқылы да көрсетіп келеді. Сонымен қатар Келінтам, Талмас ата мазарлары, Ханарал, Теректі кешені, Шотқара, Басқамыр, Аяққамыр қалашықтары ескерткіштерінің темір шарбақ­тарын жасап, тарихи орындарды қорғап, сақтауда абаттандыру жұмыстарын, ал Сау­қым мазары, Теректі мазары және Қонысбай мешітіне қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге аянбай тер төгіп, өз үлесін қосты», – дейді Ұлытау облысы мәслихатының депутаты Бақтияр Қожахметов. Ағамыз шеберлігінен басқа да өмірде үлкен ерлік көрсетіп келеді. Айтар болсақ, жиырма бес жыл ішінде өз еркімен, ақысыз қан тапсыру орталығына елу литр қан тапсырғаны әркімді де таңғалдырады. Ол кісінің тарихқа қызығушылығы, білім сүйгіштігі, Ұлытаудағы мұражайдағы көптеген экспедицияларынан, айтқан әңгімелерінен сезіліп тұрады. 190 күнде 7 500 шақырымды жая жүріп өтемін деген Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және мұражай қорығының қызметкері, еңбек ардагері жиһанкез Сәрсен­бай Оспанұлы ағамызға ақ жол тілейміз!

Қарағанды облысы