Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды, – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Құжат мәтіні мынадай:
"М.Е. Сұлтанғазиевты тағайындау туралы
2022 жылғы 11 маусым
Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалсын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 11 маусым
№ 916", - деп жазды Ақорда.
Айта кетейік, Марат Сұлтанғазиев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. Мамандығы — экономист-қаржыгер, заңгер, іскерлік әкімшілендіру магистрі.
Еңбек жолын 1997 жылы Салық бөлімінің заңды тұлғаларды тексеру бөлімінің бірінші санатты маманы болып бастаған.
1998-2001 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық комитетінің салық инспекторы, аға салық инспекторы, жетекші салық инспекторы, бас маман – бас салық инспекторының м. а. болып жұмыс істеген.
2001-2010 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық комитетінде жұмысын жалғастырған, Алматы қаласы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.
2010-2012 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде басшылық қызметтерді атқарған.
2012-2014 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі.
2014-2017 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.
2017 жылғы маусымнан 2018 жылғы қазанға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.
2018 жылғы қазаннан бастап ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.
2021 жылдан бері ҚР Қаржы вице-министрі лауазымын атқарды.