Шамалғандықтар өзен суын ішіп отыр
Шамалғандықтар өзен суын ішіп отыр
844
оқылды
Шамалған тұрғындары ауызсуға зәру. Ауыл әкімінің айтуынша, мемлекеттік сатып алу жүргізілсе, су мәселесі шешіледі. «Алматы» телеарнасы Алматы облысына қарасты жүз шақты жеке тұрғын үй орналасқан Шамалған ауылында бірқатар мәселе бар екенін хабарлады. Соның бірі  – ауызсу. 10 жыл уақыт ішінде мәселесі шешілмеген ауыл тұрғындары суды тау өзенінен тасып алады екен. Әкімдік өкілінің сөзінше, су тарту үшін сметалық құжат дайын, жер рәсімделген, 30 миллионға жуық қаражат та бөлінген. Ендігі мәселе  – мердігер табылмауы.
«Мемлекеттік сатып алу жүргізілсе, бірден су мәселесін шешемін. Шамалған ауылдық округінің суы 2024 жылы шешіледі. Ал енді бұл көше тұрғындарының суы биыл шешіледі деп отырмыз, бұйыртса. Жыл аяғына дейін немесе келесі жылға дейін реттеледі»,  – деді Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов.
Тұрғындардың айтуынша, әкімдік тарапынан жол салып, су құбырын жөндеуге уәде берілген.
«Өткенде мектепте де, мәдениет үйінде де жиналыс болды. Сол кезде де әкімшілік жол жасап береміз, суды да жөндеп береміз деді. Уәде бере береді»,  – деді Шамалған ауылының тұрғыны Марат Ташилов.
Ауыл тұрғындарына жаңбыр да кері әсер етеді. Өйткені жол батпаққа айналып, ондай күндерде су таси алмай қалады. Шамалған ауылында шамамен 120 көше бар, бүгінде оның 35-іне ғана тасжол төселген.
«Тасжол төсеп береміз деп нақты жауап бере алмаймын. Уәде де бере алмаймын. Ал тас төгіп, тегістеп береміз»,  – деді Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов.