Бұл күнде ірі қалалардағы иін тірескен көпқабатты үйлердің тұрғындарынан маза қашқан. Көк тіреген зәулім ғимараттың атшаптырым ғана аумағы не көлік тұрағы етуге, не балалардың ойын алаңын салуға жетпейді. Есесіне сән-салтанаты жарасқан аумаққа көз салатын құрылыс компанияларының сөзі өтімді. Осыдан барып тұрғындар мен құрылыс компаниялары арасында бітіспес дау пайда болады. Өкініштісі, өткен аптада осындай жанжалдың соңы кісі өлімімен аяқталды. Қауіпсіздік үшін күресіп келеді Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Короленко көшесінде орналасқан бес қабатты үйдің тұрғындары заңсыз салынған құрылысқа қарсылық білдіріп, рұқсат етілмеген митингіге шықты. Заңсыз құрылысқа наразылық соңы тұрғындардың көлік қозғалысына кедергі келтіріп, көшені жапқан. Өкінішке қарай, көшеден өте алмаған көлік жүргізушілерінің бірі тұрғындармен жаға ұстасып, ауыр соққыдан ауруханада қайтыс болды. Оқиға куәгерлерінің айтуына қарағанда, көшеден көлікпен өте алмаған жүргізуші жолды жауып тұрған тұрғындардың бірімен ұстасып қалады. Егде кісіге көмектескен тағы бір жігіт сол сәтте көлік жүргізушісін итеріп жіберген. Ауыр соққыдан асфальтқа құлаған жүргізуші ауруханада қайтыс болды. Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көшені жапқан тұрғынның үстінен Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтіру» бабы бойынша іс қозғалған. Бұдан бөлек, рұқсат етілмеген акция өткізгені үшін тағы төрт адам әкімшілік жауапқа тартылған. Адам өлтіргені үшін қамауға алынған күдіктінің әйелі Мәдина Сейітаханова «Біздің үйдің тұрғындары балалардың қауіпсіздігі үшін көшеге шықты» деп отыр. Айтуынша, қайғылы оқиға болған күні күйеуі акцияға шыққан егде жастағы көршісіне ара түсіп, марқұмды итеріп жіберген. Негізінен Короленко көшесіндегі №8 үй тұрғындары құқықтары үшін бірнеше жылдан бері күресіп келеді. Шағын, тұйық көшедегі үйдің кіреберісі бірден көшеге шығады. Осыдан бірнеше жыл бұрын №8 үйдің іргесінен «Терра» тұрғын үй кешенінің құрылысы басталған. Сол үшін жанындағы бес қабатты үйдің ауласын жауып, көлік тұрағын да алған екен. Салдарынан көрші үй тұрғындарының есік алдына шығуы қауіпті бола бастаған. Өйткені шағын көшеден көлік үзілмейді. Оқиға орнында тілшілермен тілдескен №8 үй тұрғындары шағын көшеге шлагбаум қою туралы мәселені әкімдікке бірнеше рет айтқанын, бірақ әкімдік әрекет етуге асықпағанын жеткізіпті. Бос уәдеге тойған тұрғындардың шыдамы таусылған соң осындай әрекетке барған көрінеді. Қала белсендісінің сөзіне сенсек, тұрғындардың осындай қадамға баруына әкімдік кінәлі. Әкімдік рұқсат еткен жерде бой көтерген 17 қабатты «Терра» тұрғын үй кешені бес блоктан тұрады. Тұрғын үйді салған Tau Development компаниясы бұл кешен «жайлы өмір мен қауіпсіздікті қадірлейтін адамдарға арналған» деп сипаттапты. Алайда жайлы өмір сүруді қалайтын өзге үйдің тұрғындары өз құқығын қорғаймын деп абайсызда адам өлтіріп, тағы төртеуі жауапкершілікке тартылып жатыр. Кең тыныстау қиындап барады Урбанист Ерлан Әукенов бұған дейін қаладағы тұрғын үй құрылысы мен халық саны арасында байланыс болуы керек екенін айтқан. Мысалы, елорда тұрғындарының саны жыл сайын 60 мыңға, Алматы қаласында 65 мыңға, Шымкентте 30 мың адамға өседі. Өкінішке қарай, қала құрылысында бірыңғай жүйе болмай, жергілікті тұрғындармен санаспай жасалған істің соңы осылай опық жегізе берері анық. [caption id="attachment_201767" align="aligncenter" > © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Адвокат Ермек Тілеукеев мәселенің басы заңсыз жер берілуден басталатынын айтады. Қазіргі жағдайға зер салсақ, мәселенің басы жер телімдерін құрылыс компанияларына беруден басталады. Одан кейін коммуникация жүйесі жүргізілмей жалғасады. Яғни, заңсыз құрылыс нысанының қасындағы үйлердің мүддесі қорғалмайды. «Құрылыс компаниясы таныс-тамыр арқылы лицензия алып алады. Ал олардың қызметінде заңсыздық анықталса, сәулет құрылыс мамандары құрылысты сүргізіп, хаттама толтыруы керек. Бірақ сәулет құрылыс мемлекеттік мекемесінің өзіне қадағалау керек секілді. Себебі құрылыс компанияларының қазіргі әрекеті мемлекеттік мекемедегі таныс-тамырлық пен көзбояушылықты көрсетіп отыр. Қоғам өзі көтермесе, қадағалайтын органдар өз жұмысын істемейді. Себебі құрылыста жемқорлық схемасы «дамыған» дейді заңгер. Айтуынша, құрылыс компаниясының иелері қарапайым адам емес. Оның артында мемлекеттік қызметтегі мықты басшылар бар. «Өкінішке қарай, мемлекеттік мекемелердегі жасырынған ауру әшкере болған сайын адам шығыны болып отыр. Адам өлмесе, ащы шындықты жеткізу мүмкін емес», – дейді Ермек Тілеукеев. Bazis білгенін істей бере ме? Соңғы жылдары заңсыз салынып жатқан көпқабатты үйлерге қатысты тұрғындардың талабы көбейген. Мәселен, бұдан бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы Қабанбай мен Ұлы дала көшелерінің қиылысында орналасқан зәулім ғимараттарды салуға Bazis басшылары мемлекеттік мекемелердің рұқсатын алмағаны белгілі болған-ды. Сол кезде де тұрғын үй жанына заңсыз құрылыс жүргізген компанияның әрекетіне тұрғындар қарсы шықты. Олардың сөзінше, компания құрылыс талаптарын мүлдем сақтамаған. Ең қызығы, Zangar тұрғын үй кешені құрылысының жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтпеген. Ал жұмысшылар 16 қабатты үйді жартысына дейін көтеріп қойған. Ашуға булыққан тұрғындар осы заңсыздық үшін Президент Әкімшілігіне, Бас прокурорға, Премьер-Министрге, салалық ведомствоға бірнеше рет арызданған. Бірақ жергілікті атқарушы орган шара қолдануға асықпай отырған көрінеді. «Қаланың сол жағалауында Bazis-тің еншілес мекемесі Bazis-А компаниясы тұрғын үй кешенін заңсыз салып жатыр. Компанияның қожайындары нормативтерді сақтамай, бір жылдан бері құрылыс жүргізіп келеді. Жеке тұрғын үйлердің арасынан 9,12,16 қабатты үйлер бой көтеріп жатыр. Жеке тұрғын үйлермен арақашықтық сақталмаған, екеуінің арасы небәрі 5 метр», – дейді көрші үйдің тұрғындары. Құрылыс алаңындағы ауыр жүк көтеретін кран адамдардың үстінен жүк тасып, тұрғындардың өміріне күн сайын қауіп төндіреді. Бір ай бұрын ғана Bazis компаниясының автомұнарасы заңды бұзып, адамдар өтіп жатқан жолдың үстінен құрылыс материалдарын тасып жатқан сәтінде құрылыс нысанының дуалы асфальттың үстіне құлапты. Абырой болғанда, сол сәтте көшеде адам болмаған. Алайда асфальт опырылып, көлік қозғалысы шектелген. «Құрылыс нысанының қасында мектеп бар. Қауіпті құрылыстың астынан күнделікті оқушылар ары-бері өтеді. Бұл ғана емес, құрылыс краны қасындағы үйлердің терезесін өте жақын жанап өтеді. Осы туралы бірнеше құзырлы органға тексеру туралы өтініш айттық. 6 наурыз күні Президент Алматы мен Нұр-Сұлтан әкімдеріне тығыз құрылыс салуды тоқтату туралы нақты тапсырма берген болатын. Әзірге бұл тапсырманы орындауға әкімдік құлық танытпай отыр. Тұрғындар құзырлы органдардан жарытымды жауап ала алмаған соң митингіге шығуға мәжбүр. Биліктің назарын аудару үшін міндетті түрде адам өлімі болуы керек пе?», – дейді елорда тұрғыны Ардақ Есдәулетқызы. Айтпақшы, осы үйдің қасында орналасқан жекеменшік балабақшаның балалары да ойнайтын жер болмағандықтан, үйдің төбесінде ойнайды екен. Сала мамандарының айтуынша, құрылыс талабы мен ережесіне сәйкес жұмыс жүріп жатқан қызыл аймақ пен адам жүретін жасыл аймақтың арасында арақашықтық сақталуы тиіс. Заңды өз ыңғайына қарай ауыстыруға әуес лоббистердің әрекетіне тоқтау салу тағы қиын. Өйткені тұрғын үйлердің арасында қалуы тиіс жер көлемі бұрын 50 метр болса, 20, 25, қазір 15 метрге дейін қысқартылып жатыр. Бірақ осы талаптың өзі өрескел бұзылып келеді. Мәселен, әлгі айтқандай элиталы аумаққа үй тұрғызуға әуес құрылыс компанияларының ережені елеп-ескеріп жатқаны шамалы. Ал қаланың сәулет-жоспарлау тапсырмасындағы олқылықтар үшін кім жауап береді?