Жуырда елордада алқабилер соты тапсырыспен адам өлтіру ісі бойынша айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы майоры Айдын Алпысбаевты кінәсіз деп тапты. Ол бүгінге дейін сегіз жыл бойы абақтыда отырған уақыты үшін, әлбетте, мемлекеттен өтемақы талап ете алады. Қымбатқа түсетін осындай қателіктердің құны біздің елде қалай белгіленеді? Жаңылған сот жауапқа тартыла ма? Өлім жазасын өңешін жырта жақтайтындардың позициясы қаншалықты орынды? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік...
Жаптым жала, жақтым күйенің құрбандары
2008 жылы Түлкібастағы учаскелік полицей Мейірхан Ахимбеков қызметіне ұқыпсыз қарады деген айыппен бір жарым жылға түрмеге тоғытылды. Бір жарым жылдан соң полиция капитаны әлгі айыптың заңсыз болғанын дәлелдеп, ақталып шықты. Абақтыда өткізген уақыты үшін ол 4 миллион теңге өтемақы талап еткен. 2015 жылы алматылық Серік Сәрсембаев денсаулыққа ауыр зиян келтірді деген айыппен сегіз жарым жылға сотталды. Өзіне көрсетілген қысымға шыдамай, істемеген қылмысын істедім деп мойындаған Сәрсембаевты 283 күннен соң аппеляциялық сот ақтап алды. Оған төленер өтемақы сомасы бастапқыда – 500 мың теңге, кейін 2 миллион теңге болып белгіленді. 2018 жылы бес жыл бойы полицияның қуғынына ұшыраған Риддер тұрғыны да өтемақы өндіріп алды. Оған 2013 жылдан бастап діни алауыздық тудырды деген айып тағылған болатын. Сол уақыттың ішінде 25 күн психиатриялық емханада және жарты жыл үйқамақта отырып шыққан азамат өзінің кінәсіздігі дәлелденген соң, материалдық және моральдық зиян үшін бірнеше миллион теңге өтемақы талап еткен. Өскемен соты оның арызын ішінара қанағаттандырып, жәбірленушіге 1 миллион теңгесін өтеп беруге үкім шығарды. Мұндай жағдайлар біздің елде жиі болмаса да, жоқ емес. Мәселен, Жоғарғы Сот ұсынған дерекке сүйенсек, 2018 жылы – 270, 2019 жылы – 318, 2020 жылы 329 іс бойынша ақтау үкімі шығарылған. Былтыр ақталған 272 істің 45-і онша ауыр емес, 59-ы ауырлығы орташа, 155-і ауыр, ал 13-і аса ауыр қылмыс түріне жатады. Заңгер, адвокат Мейірман Шәкеевтің айтуынша, Қазақстанда ақтау үкімдері жыл сайынғы сот үкімдерінің 2-3 пайызын ғана құрайды.Судьяға сот бар ма?
Жазықсыз жауапқа тартылғаны үшін берілетін өтемақы құнының Қазақстанда қалай белгіленетініне келсек, ол кейбір елдердегідей түрмедегі әр жыл (немесе ай) үшін пәлен сома деп бекітілмейді. Мұнда кінәсіз азаматтың қандай жапа шеккеніне қатысты факторлар есепке алынады. Онда да ақталып шыққан азамат өтемақы мәселесі бойынша сотқа арнайы жүгінуі керек. «Өтемақының арнайы құны белгіленбеген. Ол екі фактор – материалдық және моральдық зиянды ескере отырып өндіріледі. Моральдық шығынды есептеуде азаматтың қамауға алу кезінде психологиялық тұрғыда қалай қиналғаны, ал материалдық зиянды есептеуде оның сот процесі кезіндегі (мәселен, адвокатқа төлеген) шығыны, сондай-ақ егер сол уақытта ол жұмыс істеп, табыс тауып жүрген болса айырылған табысы ескеріледі», – дейді заңгер, адвокат Ақмарал Палмаханова. Кезінде қате үкім шығарған судья жауапқа тартыла ма дейсіз ғой?! Адвокат Мейірман Шәкеев мұндай себеппен оларды жазалау қиын екенін айтады. «Судьяларды жауапқа тартудың өз тәртібі бар. Кез келген адам арыз түсіріп, қылмыстық іс қозғамайды. Бізде судья тәуелсіз болғандықтан, оған қатысты тек Бас прокурордың өтініш хатымен ғана іс қозғалады», – деді ол. Онда да судьяның әлгі әділетсіз шешімді қасақана шығаруы дәлелденген жағдайда ғана оны Қылмыстық Кодекстің 418-бабына сүйеніп, 2 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруы мүмкін. Ал оны дәлелдеу өте қиын екені белгілі. Басқа уақытта судьялардың жаңылысуы «сот қателігі» деген ұғым аясында қарастырылып, олар тәртіптік жауапқа тартылады (мысалы, жұмыстан шығарылады). Мұндай қателіктердің көбіне сот материалдарындағы дәлелдер әсер етеді. «Мойындау керек, бізде судьялар көбіне прокурорлардың айыптау актісіне сүйенеді де, үкім шығара береді. Айналып келгенде, соттың тәуелсіздігі бұзылып жатады», – дейді адвокат Мейірман Шәкеев.Түзелмейтін «қателік»
«Өлім жазасы қашанда керек» десіп, қызыл кеңірдек болып дауласуға дайын жұрт осындайда жоғарыдағы мысалдардан-ақ ой қорытуына болатын сияқты. Әлеуметтанушы Кирилл Титаевтың сөзімен айтсақ, құқықтық логиканың не екенін білмейтін жұрт «бұлтпартпайтын дәлел» мен «соттың қылдай қиянаты жоқ әділдігіне» сенеді. «Мәселенің мәнісі сонда, құқықтық логикада дәлел-дәйектің кейбір шараларына мән берілмейді. Сот үшін тек ақ пен қара ғана бар. Кінәлі немесе кінәлі емес. Осы заманғы бірде-бір құқық жүйесі дәлелдерді жете бағалай алмайды. Тағылған айыбы дәлелденсе, ондай адам жазаланады, ал дәлелденбесе жазадан құтылады», – дейді ғалым. Жалған дәлелдермен жаза арқалап кететіндердің ішінде кінәсіз адамдардың болмауы мүмкін емес қой. Биылдан бастап елімізде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының «Құқық қорғау институттарын күшейту» бағытындағы іс-шаралар аясында Конституциядан өлім жазасы алынып тасталды. Ендеше, бұл шешімнің гуманистік тұрғыдан бөлек, логикалық қырынан да орынды болғанын көреміз. 2013-2016 жылдары берілген америкалық «Rectify» («Қателіктерді түзеу») сериалын көргендер болса, бас кейіпкер Даниэль Холденнің өзі жасамаған қылмыспен 19 жыл бойы түрмеде отырып, ақталып шыққаннан кейін қандай психологиялық күйді бастан кешкенін ұмытпаған шығар. Сол күй – жазықсыз абақтыға қамалып, кейін ақталғандардың бәрі бетпе-бет келетін тығырық тәрізді. Оны көрсеңіз, тым болмаса сезінсеңіз, сізге тіпті миллиондаған доллар өтемақы төлесе де әділетсіз айырылған бостандықтың бір күніне татымайтынын мойындайсыз.Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ