Алматыда мыңнан аса көлік иесі жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін
Алматыда мыңнан аса көлік иесі жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін
Фото: nur.kz
12,168
оқылды
Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, қалада 1 082 азаматтың көлік салығы бойынша жалпы сомасы 2,2 млрд теңге берешегі бар. Олардың әрқайсысының   қарызы 800 мың теңгеден асып жығылады. «Қазір қала бойынша «Салық берешегі жоқ қала» акциясы аясында жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесе отырып, Мемлекеттік кірістер департаменті  қозғалтқыш көлемі үлкен автокөліктері бар және көлік құралдары салығы бойынша үлкен көлемде берешегі бар азаматтармен жұмыс жүргізуде. Қалада 17 маусымнан бастап мұндай борышкерлердің көліктері уақытша айып тұрақтарына қойыла бастады. Сонымен қатар салық органдары алдында осындай көп мөлшерде берешегі бар азаматтарды жүргізуші  куәлігінен уақытша айыру үшін сот органдарына материалдар жолдануда. «Жақында  К. есімді азаматтың  Toyota Land Cruizer маркалы көлігі үшін жалпы сомасы 2,1 млн теңге қарызы бар болған. Алматы қаласы Медеу аудандық сотының  2022 жылғы 17 маусымдағы ұйғарымымен борышкер К.-ға көлік құралын басқару үшін бұрын берілген жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі  берешегі толық өтелгенге дейін уақытша тоқтатылды. Осындай жұмыс барлық борышкерлерге де жүргізілуде», – дейді Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері. Салықтарды төлемеуі себепті  осындай жағдайларды болдырмау үшін  қалалық салық органдары  көлік иелеріне салық қарызын тезірек төлеуге кеңес беруде.

Алматы