Әскери доктрина: жаңа құжат не өзгертеді?
Әскери доктрина: жаңа құжат не өзгертеді?
1,832
оқылды
Елімізде жаңа Әскери док­трина қабылданбақ. Оның жо­басы «Ашық нормативтік-құ­қық­­тық актілер» порталында жа­­­­рияланды. 24 маусымға дейін талқылауға шығарылған бұл құжатта Қорғаныс минис­тр­лігі өкілдерінің айтуынша, 70-ке тарта өз­геріс қарасты­рыл­ған екен. Оның бірқатары бұрынғы шарт­тарға түзетулер болса, іші­нара жаңадан енгі­зілген тұжырым­дар да бар. Әйт­се де, жаңа нұс­қаның ма­ман­дар көңі­лінен шықпай отыр­ғаны аң­ғарылады. Әскери риторика әріптестік боп қала бермек Сонымен, Қазақстан жыл соңы­на дейін Әскери доктринасын түбегейлі өзгертуге ниетті. Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойынша қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, негізгі құжатты жаңа болмысқа бейімдеуге бағыт­талған жұмыстарды жүзеге асыруда. Соңғы өзгерістер бойынша негізгі ұғымдар қатарына «дағдарысты жағдай», «резервтегі әскери қыз­мет» сынды тағы да басқа тың тер­мин­дер нормативті түрде енгізіл­мек. Оның біріншісі ел аумағын­да­ғы әлеуметтік, табиғи және тех­ногендік сипаттағы төтенше жағ­дай­­лардың салдарын білдірсе, екін­шісінде резервтегі азаматтарды жиындар мен арнайы дайын­дық­тарға шақырту қарастырылған. «Ведомствоаралық жұмыс тобы Әскери доктринаны жаңарту бо­йын­ша жұмысты аяқтады. Ен­гізі­летін өзгерістер Қауіпсіздік кеңе­сінің Ведомствоаралық комис­сия­сының отырысында мақұлданды. Бүгінгі күні Жарлық жобасы бұ­қаралық талқылаудан өтуде. Ре­зервтік қызмет дегеніміз, бұл – не­гізгі азаматтық қызметпен қоса ерікті түрде атқаруға болатын ке­лісімшарт бойынша қызмет. Әс­кери есепті, мамандығы бар және денсаулық жағдайы жарамды ел азаматтары резервист бола алады. Жиындар жауынгерлік даярлық бағдарламасына сәйкес жыл сайын және екі реттен кем емес мерзімде өткізілетін болады. Өткізу мерзімі мен олардың жиынға тартылу жасы нормативтік-құқықтық актілермен айқындалады», – дейді Қорғаныс министрлігі Стартегиялық дамыту департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Алпамыс Өтепов. Қазақстанға әскери қатер төндіруге алып келуі мүмкін негізгі шарттардың сипаттамаларында бірқатар тұжырымдар өзгертіліп, бірқатары жаңадан енгізілмек. Олардың арасында жаппай қырып-жою қаруы, кибершабуыл, ғарыш кеңістігіндегі үстемдік, гибридтік соғыс, соның ішінде ақпараттық соғыс туралы ұғымдар бар. Док­тринада ең бірінші рет бактерио­логиялық (биологиялық) және уыт­ты қаруға тыйым салатын Кон­венция туралы айтылады. Сонымен бірге бітімгерлік қызметті кеңейте түсу қарастырылуда. Ұтқыр және тиімді ден қою күштерін құруды көз­дейтін «ақылды шекара» кон­цеп­тін жүзеге асыру ұсынылуда. Әйтсе де, әскери риторика бұған дейінгідей әріптестік пен серіктес­тік боп қала бермек. Қоғам қызу талқылауда Бүгінгі сындарлы шақта аса өзекті боп отырған Әскери доктри­на мәселесі тек қана арнайы пор­талда емес, сонымен бірге әлеу­меттік желілерде де қызу талқы­лану­да. Пайдаланушылардың бір тобы ондағы әрбір детальға терең назар аударып отырған болса, енді бір тобы жалпы ешқандай да тү­бегейлі өзгеріс көріп отырмағанын айтады. Мәселен, басты айырма­шылықтың бірі – жаңа нұсқада ақпарат құралдарын да гибридті соғыс әдістеріне пайдалануға бо­латыны көрсетілген. Яғни, «ги­брид­ті соғыс» тәсілдерін қолдануға қатысты ұғым кеңейген. «Ақпарат құралдарын гибридтік соғыс тәсілдерінің қатарына қос­қан жағдайда кім ақша төлесе, со­ның сойылын соғатын жекелеген адамдар (блогерлер) мен БАҚ өкіл­дерін де қадағалауға алу керек қой. Мысалы, әр өңірде әсіредіншілдер мен сектанттар тіркеуде, яғни ҰҚК жұмыс істейді. Ал ақша үшін орыс­тың қызметін мақтап, үндістің мүд­десіне сөйлеп жүргендер ертең ги­брид­тік соғыс бастала қалған жағ­дайда қарсыластың партизаны бола салуы әбден мүмкін ғой. Енді осы құжат негізінде теріскейдегі ел­дің ақпараттық ықпалын азайту­ға барымызды салсақ қатып кетер еді», – дейді желі қолданушысы Қуаныш Тыныбек. Жобада кибершабуылдан сақ­тануға көбірек назар аударылғаны байқалады. Құжатта бұл мәселе бір­неше жерде айтылған. Сонымен бірге ғарышқа назар аударылыпты. Бұрынғы құжатта бұл жоқ еді. Жаңа құжат бойынша Қазақстанға әс­кери қатер «ғарыштық кеңістікте басым түсу үшін күресуді күшейту» сал­дарынан да төнуі мүм­кін екен. Өйткені еліміз Орта Азияда жалғыз Байқоңыр ғарыш айлағына ие. Мәселен, еліміз үшін «ғарыш сала­сындағы мүмкіндігін шектеуге, сондай-ақ ғарыштық кеңіс­­тіктен ық­пал ету арқылы мем­ле­кеттің әс­кери әлеуетін төмен­де­туге бағыт­тал­ған әрекет» те қатерлі саналады екен. «Доктринада зымыран ша­буылы туралы ескерту және ғарыш кеңістігін бақылау жүйесінің база­лық элементтерін құруды» елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға ба­ғыт­талған шаралар қатарына қо­сыл­ған. Меніңше, бұл жақсы баста­ма. Тек зымыран шабуылына қарсы кешенді жасақтауда кімнің тех­но­логиясына иек артамыз деген мә­селе бар. Ол жағы әзірге айтыл­мапты», – дейді желі қолданушысы Тұрар Ізбасов. Сондай-ақ Қазақстанның әс­кери қауіпсіздігіне ықпал етуі мүм­кін факторлар арасында биоло­гиялық қатер мәселесіне көбірек көңіл бөлініпті. Шамасы, панде­мия­дан сабақ алуға тырысқан тә­різдіміз. Құжатта «Мәскеу, Лондон және Вашингтон қала­ларында 1972 жылғы 10 сәуірде жа­салған Бак­териологиялық (биоло­гиялық) және уытты қаруды жасауға, шы­ғаруға және оның қорын шоғыр­лан­дыруға тыйым салу және олар­ды жою туралы кон­венцияның ере­желері шеңберінен тыс шыға­тын процестер мен оқи­ғалар» елге қауіп төндіруі мүмкін екені жазыл­ған. Біз сөзбен айт­қанда, қоғам өкілдері жаңашыл­дықтар арасынан гибридтік соғыс ерекшеліктеріне, ғарыштағы үс­темдікке, биология­лық қару қаупін тойтаруға және зы­мыранға қарсы қорғаныс мәсе­лелерін айрықша атап отыр. Концептуалды өзгеріс жоқ Тағы бір кәсіби маманның ай­туынша, Әскери доктрина деге­німіз – мемлекеттің әскери және саяси билігінің болашақта қандай соғыс болуы мүмкін екендігін ал­дын ала болжап, оның сипаттама ерек­шеліктерін айқындап, оған бейбіт уақытта ел мен жерді, қару­лы күштерді даярлау, соғысты бол­дырмау үшін саяси-экономикалық әдістермен тойтарыс беру жолда­рын жүйелі түрде әскери ғылыми негізде қалыптастыратын көзқарас. Бірақ бұл жобада ол жоқ екен. «Бүгінгі елге ұсынылып отыр­ған Әскери доктринада жеңіл-желпі көзқарас бар. 70-тей өзгеріс енгізілгенмен, доктринаның кон­цеп­циялық маңызы баяғы өтіп кеткен заманмен қалып қойған. 90 пайызы – редакциялық өзгерістер. Ескі доктрина да өз заманына сәйкес келмеуші еді, бұл жолы да солай болғалы тұр. Қалған 10 па­йыз­­дай өзгеріс – ұғымдар, бұрын­ғы доктринада болмаған, ал өмірде баяғыдан бері бар дүниелер. Сон­дық­тан да бұл жаңашылдық емес. Осы себепті ұсынылып отырған доктринаны «жаңа концепция» деп атау қате. Өйткені жаңа деп отыр­ған Әскери доктринаның жо­басы қазіргі қалыптасқан геосаяси және әскери жағдайға сәйкес келмейді. Бір сөзбен айтқанда, концептуал­дық өзгеріс жоқ», – дейді запастағы полковник, арда­гер ұшқыш, әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов. Оның айтуынша, бүгінде әуе-ғарыштық қарулар өте жоғары дәре­жеде дамып жатыр. Ұшақтар да, зымырандар да үнемді отынмен қамтылған, әрі алыс қашықтыққа қысқа уақытта ұшып бара алады. Жауға күтпеген жерден соққы бере алады. Сондай-ақ бұл шараларды өз жерінде даярлап жатқан кезінде оны жасырын түрде өткізуге мүм­кіндік береді. Оның үстіне, ұш­қыш­сыз аппараттар жаңа дәуір қаруына айналып үлгерді. Оның көп бай­қал­май жау тылына еркін өтіп кетіп жойқын соққы бере алатыны әлде­қашан дәлелденген. Жау ұшқыш­сыз аппараттарды жойса да, адами шығын жоқ. Міне, бізге осындай әуе шабуылына қарсы тойтарыс бере алатын шынайы жағдайға дайын болу керек. «Тағы бір мәселе – гибридтік соғыс. Ол ақпараттық шабуылдан басталады. Әуелі әлем алдында жаудың теріс портреті қалыптас­тырылады. Одан соң саяси, кейде әскери коалиция құрылады. Сол одақтың ішінде кеңес өткізіп, бір мәмілеге келген соң жау елге эко­номикалық эмбарго жариялайды. Ал оған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі рұхсат бермесе, халықаралық санк­ция салады. Жаудың елі экономи­калық әбден құлдырау жағдайға келгенде оған өкілдерін жіберіп, әлеуметтік жағдайды шайқайды. Джин Шарптың жеті әдісі бойынша «түрлі түсті көтерілістер» ұйымдас­тырады. Ал бұл нәтиже бермесе, жаңағы айтқан, ғарышты пайдала­нып соғыс ашады. Осы шараларға қалай қарсы тұру керек деген мәсе­лелер жаңа Әскери доктринаға кіруі керек еді», – дейді әскери сарапшы. Бүгінде талқыға түсіп жатқан жаңа құжат жыл соңында қабыл­данар болса, бұл Қазақстанның Тәуелсіздік алғалы бергі 6-шы док­тринасы болмақ. Мезгіл-мезгіл қаупсіздік мәселесін қайта қарап, уақыт талабына бейімдеп тұрған дұрыс-ақ. Бірақ түріктердің «Бай­рақтары» әлемдегі соғыс жүргізу ісіне деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, мұндағы модельге жаңаша сипат бергені сияқты, Ресейге Әскери доктринасын қайта қарауға мәжбүр еткен еді. Ендеше, құжат Парламент Мәжілісіне барған кезінде бүгінгі айтылып жатқан сын-ескертпелердің ескерілгені абзал.