Нұр-Сұлтанда үкіметтік емес ұйымдарды қолдау орталығының кеңсесі ашылды
Нұр-Сұлтанда  үкіметтік емес ұйымдарды қолдау орталығының  кеңсесі ашылды
333
оқылды
6 ақпан елорда әкімінің орын­басары Бақтияр Мәкен Нұр-Сұлтан қаласы азаматтық бастамалар орталығының жаңа кеңсесінің жұмысымен та­ныс­ты. Орталық Қоғамдық даму істері басқармасының қолда­уымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында құрылды. Аталған жобаны «КАМЕДА» қоғамдық қоры іске асырды. Орталықтың аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Онда тренинг залы, шеберлік-кластарға арналған бөлме, ҮЕҰ өкілдері үшін жұмыс каби­нет­тері бар. Қоғамдық бірлестіктер үшін өтеусіз негізде әлеуметтік іс-шаралар өткізуге зал ұсы­ны­лады. Орталықтың басты мін­деті – азаматтық бастама­ларды, әлеуметтік бағдарланған ком­мерциялық емес ұйымдар жұ­мысын қолдау. Бұл ме­кеме­де қоғамдық ұйымдардың өкілде­ріне әдістемелік, кон­суль­та­ция­лық көмек көрсететін болады. Орталық елордалық ҮЕҰ өкіл­дері тарапынан түсетін өті­нім­дер санын арттыруды көздейді. Сондай-ақ мекеме үкі­меттік емес ұйымдарға жо­баларды қаржыландыру мен рәсімдеуге қолдау көрсету үшін гранттар мен мемлекеттік әлеу­меттік тапсырысты алуға жәр­демде­седі. Орталықты аралау кезінде Бақтияр Мәкен үкімет­тік емес ұйымдарды дамыту үшін жағдай жасаудың маңызды екенін атап өтті. «Орталық үкі­меттік емес ұйымдардың дамуы мен ныға­юына ықпал етеді. Бұл өз кезе­гінде елорда тұрғында­рының қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелеріне бейжай қара­ма­уына септігін тигізеді. Қала әкімінің тапсырмасы бо­йынша жыл сайын біз өзекті жобаның саны мен мемлекеттік әлеумет­тік тапсырысты қар­жыланды­­ру көлемін ұлғайта­тын бола­мыз», – деді әкім орынбасары. Алтынбек ТОЛЫМБЕКОВ,  Нұр-Сұлтан