Колледжде қалай тегін оқуға болады?
Колледжде қалай тегін оқуға болады?
1,918
оқылды
Биыл колледжде оқитындар үшін бөлінетін жыл сайынғы грант мөлшері 45 мыңға артып, жалпы саны 128 мың грант бөлінетін болды. Осы ретте колледжде қалай тегін білім алуға болатынын және қандай мамандықтарға мақсатты гранттар бөлінгені жайлы анықтадық.   Биыл колледждерге бөлінген гранттар саны қанша? Мемлекет басшысының тапсырмасымен 9-сынып бітіруші түлектер «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында кезең кезеңімен тегін оқи алады. Мемлекеттік тапсырысқа сәйкес колледжде білім алу үшін жыл сайын 80 мыңнан аса грант бөлінеді. Ал биыл мемлекеттік тапсырыс көлемі 45 мыңға артқан. Осылайша колледжде білім алуға жалпы 128 мың грант бөлінеді.   Гранттар қандай мамандықтарға көп бөлінеді? Білім беру гранттарының басым бөлігі техникалық мамандықтарға бөлінеді. Олар: IT, құрылыс, инженерия және металлургия. Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, алдағы оқу жылында еліміздегі колледждер бірнеше жаңа мамандық бойынша маман даярлауды бастайды. Олар: «Робототехника және кіріктірілетін жүйелер», «Аддитив өндірісі технологиялары», «Ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері», «Графика және мультимедия дизайны», «Ландшафт дизайны» сынды мамандықтар.   Колледжде тегін білім алу қалай жүзеге асады? Техникалық және кәсіптік білім департаментінің мәліметінше, биыл тегін біліммен қамту кезінде алдымен 9-сыныпты бітірген түлектерге басымдық беріледі. Жалпы осы жылы кәсіптік техникалық білім алушылардың 70%-і тегін біліммен қамтамасыз етілмек. Ал 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледжде 100% тегін оқытуды қамтамасыз ету жоспарланып отыр.   Мақсатты грант деген не және ол қандай мамандықтарға бөлінеді? Бұрынғы Білім және ғылым министрлігі кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды мақсатты оқыту бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыра бастады. Мұндай гранттар білім беру бағдарламасын жаңартуға және еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Яғни кәсіпорын қажетті мамандарға сұраныс беру арқылы өз өндірісіне сай дайындалған кадрларға ие болады. Оқу нәтижесі бойынша кәсіпорын студенттерден қорытынды емтихан қабылдайды. Сондай-ақ кәсіпорын «колледж-студент-кәсіпорын» үшжақты келісімшартына сәйкес, оқуын аяқтаған студентті жұмысқа орналастыруға міндетті.   Арнайы топ өкілдеріне қандай жеңілдіктер бар? Ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлер үшін нысаналы тапсырыс беріледі. Оларға арнайы мамандықтар тізімі бөлініп, оқу мүмкіндіктеріне сәйкес жеке бағдарламалар әзірленеді. ​ Сонымен қатар осы жылы алғаш рет әлеуметтік осал топқа жататын балалардың колледжге түсуі үшін жаңа үш квота енгізілді. Ол көпбалалы, толық емес отбасынан, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балаларға арналған. Бұған дейін мұндай мүмкіндік жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше қажеттіліктері бар балаларға, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға арналған болатын.   Колледжге құжат қабылдау қашан басталады? Биыл колледжге түсу үшін құжат тапсыру 20 маусымда басталды. Талапкерлер электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтініш бере алады немесе құжаттарды тікелей колледжге тапсыруына болады. Әр талапкер 4 мамандық және 4 колледж таңдай алады. Таңдауды 3 рет өзгертуге рұқсат етілген.   Қабылдау емтиханы қалай өтеді? Енді қабылдау емтиханы педагогикалық, медициналық және шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтар бойынша өтеді. Ал қалған мамандықтар бойынша емтихан болмайды. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарға түсу үшін талапкерлер сұхбаттасудан өтеді. Ал орта буын және қолданбалы бакалавр мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыту конкурсына қатысады. Іріктеу әдеттегідей білім туралы аттестаттың орташа балы бойынша өтеді. Тағы бір жаңалық, педагогикалық мамандықтарға түсу үшін 4 балға дейін шекті бал енгізілді және талапкерлер эссе жазуға міндетті.   Гранттарды бөлу конкурсы қай кезде өтеді? Биыл 9-сынып талапкерлері арасындағы конкурс 19-22 тамыз аралығында өтеді. 11-сынып және колледж түлектері арасындағы байқау 22-25 тамыз аралығында өтеді. Ал  29 шілде мен 2 тамыз аралығында өнер және мәдениет мамандықтарына түсетіндер үшін өтеді.