Astana LRT құрылысы қайта жанданады – Алтай Көлгінов
Astana LRT құрылысы қайта жанданады – Алтай Көлгінов
1,109
оқылды
Елорда әкімі Алтай Көлгінов Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында Astana LRT құрылысы жалғасатынын айтты. Қала әкімінің айтуынша, мұндай шешім мамандармен жан-жақты талдау жүргізіп, түрлі ұсыныстарды қарастырғаннан соң қабылданған.   LRT құрылысына қатысты 400-ден астам ұсыныс түскен Алтай Көлгінов LRT жобасына қатысты урбанистика орталығына қоғам өкілдері мен сарапшылардан 400-ден астам ұсыныс келіп түскенін мәлімдеді. Ұсыныстардың 51%-тен астамы – құрылысты аяқтау қажет екенін айтқан. Ал 42%-і – түрлі балама нұсқа ұсынса, қалған 7%-і – құрылысты толығымен бұзу қажет деген ұсыныс білдірген. Одан бөлек халықаралық көлік ұйымдары да өз ұсыныстарын жеткізген. Көлгінов құрылысты толығымен тоқтату нұсқасы мемлекет қаржысын желге ұшырумен тең екенін түсіндірді. Қала әкімінің айтуынша, LRT салу үшін салмағы 220 тонна болатын 500-ден астам бетон тірек тұрғызылған. Мемлекет тіректерді орнатуға жұмсалған 475 млн долларды қарызға алған және ол әлі толық өтелмеген. Ал бетон тіректерді бөлшектеп, қалған қалдықтарды тазарту үшін шамамен 20 млрд теңге қажет.  Сондықтан да бұл нұсқа тиімсіз болып саналады. Сондай-ақ жобаны қоғамдық немесе жаяу жүргіншілер кеңістігіне айналдыру нұсқасы да жан-жақты талқыға салынып, зерттелген. «Құрылысқа жұмасалатын қаражатты есептей келе, мамандар мұндай жоба өте қымбатқа түседі деген қорытындыға келді. Одан бөлек біздің климаттық жағдайды ескеретін болсақ, ол тек жазда жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ бұл нұсқаны жүзеге асыратын болсақ, толық 22 шақырым қашықтықты қамти алмайтын едік», - деп нақтылады Алтай Көлгінов. LRT Сонымен қатар эстакадада электрлі автобустарды іске қосу туралы нұсқа да қарастырылған. «Бірақ біздің серіктестеріміз – Қытай компанияларының консорциумы –инженерлік құрылымдар бастапқыда тек жеңіл рельсті көлік үшін жасалғанын алға тартты. Сондықтан бұл нұсқадан да бас тартып, бастапқы LRT жобасын қалдырдық. Бұл ретте тұрғындар санының жыл сайынғы өсу динамикасын, автокөліктердің көбеюін ескердік. Қазір қаланың негізгі магистральдарында кептеліс мәселесі бар. Сондай-ақ, бұл аудан қарқынды дамып келе жатыр. Мұнда 30 мың адамға арналған жаңа мешіт, Mega Silk Way СОО, спорттық және медициналық нысандар салынған. Одан әрі Сығанақ көшесінің бойымен «Абу-Даби Плаза» СОО, «Қазақстан» мұнарасы, 5-7 жыл бойы жаңа вокзалға дейін салынатын «Мыңжылдық» аллеясы жалғасады. Осының бәрін ескерсек, жеңіл рельсті көлік желісінің сұранысқа ие болары сөзсіз», - деп түсіндірді қала әкімі.   LRT-ның түрленген нұсқасының бұрынғысынан айырмашылығы қандай? Қытайлық инвесторлардың талабы бойынша барлық есеп айырысулар шетел валютасы арқылы жүргізілді. Бастапқыда несие Қытай даму банкінен 20 жылға 4,9% доллар көлемінде. «Біз қаржыны үнемдеу мақсатында 2019 жылы қарызды шетелдік банктен Қазақстанға ауыстырдық. Осылайша несие пайызын 3,25%-ке дейін төмендетіп, қазір ішкі несиеге ауыстық. Ал несиені 20 жыл төлейтін болғанда, онда жоба құны 2,6 млрд доллар болатын еді», - деді Алтай Көлгінов. Елорда әкімі ұсынылған барлық нұсқалардың ішінен қаржылық міндеттемелер мен жұмсалған қаражатты ескере отырып құрылысты аяқтау – ең тиімді шешім екеніне тоқталды. Сондай-ақ әкімнің айтуынша, жоба оңтайландырылып, алғашқыда жоспарланған 18 станцияның 8-ін ғана қалдыратын болып шешкен. Одан бөлек бастапқыда жоспарланған 19 жылжымалы құрамның (бір құрам 4 вагоннан тұрады) алғашқы кезеңде тек 5-і ғана іске қосылмақ. Кейінірек біртіндеп көбейтеді. Ал LRT көлігінің аралық жиілігі 15 минут болады деп жоспарланып отыр. [caption id="attachment_203778" align="alignnone" width="1200"]LRT LRT маршрутының жобасы / Фото: tengrinews.kz[/caption] Алтай Көлгінов мұндай өзгерістер жобаға жұмсалатын қаржыны 2 есе азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мысалы, бастапқыда жобаны аяқтау үшін 1 млрд доллардан астам қаражат қажет болған. Ал станциялар мен құрам санын азайтқан соң құрылысты аяқтау үшін 577 млн доллар жеткілікті екені анықталды. Қала әкімінің мәліметінше, алдын ала есептеулерге сәйкес LRT қызметі жыл сайын 3 млрд теңгені қажет етеді. Ал салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көлікті субсидиялауға жергілікті бюджеттен 13 млрд теңге бөлінеді.   Қытайлық инвесторлар не дейді? LRT құрылысына қатысты келісімшартқа қол қойылған соң Қазақстан Қытай консорциумына 377 млн доллар көлемінде аванс берген. Алайда бұл аванс жұмыс көлемінің 60%-і орындалған кезде ғана іске қосылады. «Егер біз шартты бұзсақ, бұл бізге Халықаралық арбитраж қаупін төндіреді. Халықаралық шарт болғандықтан оны орындауымыз керек. Сонымен қатар біз  Қытай консорциумына орындалған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін 116 млн доллар қарыздармыз және оны әлі қайтарған жоқпыз. Қарызды, авансты, атқарылған жұмысты қоса алғанда, осы уақытқа дейін шамамен 1 млрд доллар жұмсалды. Біз негізгі ауыр кезеңдерден өттік, енді LRT жобасын аяқтаған жөн. Осы орайда халықаралық тәжірибені де зерттедік. Мысалы, еуропалық қалаларда да осындай көлік түрінің құрылысы басталғанда сын көп болған. Бірақ кейін ол сұранысқа ие бола бастады», - деді Алтай Көлгінов. Маусым айында қытайлық инвесторлармен жоба бойынша талқылау өткен. Кездесу барысында құрылыс жұмысы шамамен 2 жылға созылуы мүмкін екені анықталды. «Егер біз үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ететін болсақ, қытайлық әріптестер құрылысты екі жыл ішінде аяқтап, пайдалануға беретіндерін жеткізді», - деді Көлгінов.