Атырауда «Ұлттық домбыра» күніне арналған «Бабаның көзі, дананың сөзі – домбыра!» атты кәсіпқой суретшілер арасында республикалық симпозиум өтті.
Ұлттық домбыраны елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де танытқан тұлғаларды насихаттау, домбыра аспабының тарихымен таныстыру, қазақтың халық шығармашылығын насихаттау, ұлттық өнерге қолдау көрсетуді мақсат еткен симпозиум суретшілер мен өнерді бағалаған жандарды бір арнаға жиды.
Симпозиумда бас қосқан Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, мәдениет саласының үздіктері, талантты қылқалам шеберлері, барлығы 15 суретші өз туындыларында қазақ халқының ұлттық аспабы, қазынасы, құнды мұрасы – домбыра туралы, атақты күйшілер, өнер тарландары туралы ізденген білімін кенеп бетіне түсіруге үлкен әсермен, тың шабытпен кіріскен болатын.
Симпозиум барысында салынған жұмыстардан көрменің салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. «Бабаның көзі, дананың сөзі – домбыра!» атты суретшілердің симпозиумынан түскен тың туындылар қойылған көрмені Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Толыбай Достыбаев салтанатты түрде ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың атынан барлық қатысушыларға арнайы алғыс хат табыс етті.
Суретшілерге 350 мың теңге стипендия берілді. Салтанатты шарада Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Амангелді Кененбайұлы және Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Лесқызы сөз алып, республиканың түкпір-түкпірінен келген және атыраулық қылқалам шеберлерінің қатысуымен өткен симпозиумда жан дүниемізді байытатын, рухани байлығымызды кеңейтетін тың туындылар асқан шеберлікпен түсірілгені, бұл мәдениетке деген үлкен құрмет екенін атап өтті. Осылайша, Өнер музейінің алтын қоры тың тақырыптағы 30 туындымен көбейді.
Көрменің салтанатты ашылуына келген жұртшылық қазақтың жаны мен болмысы болған домбыраны насихаттаған жұмыстарды тамашалап, тамсанып қайтты.
– Суретшілердің қиялында шек болмайды. Әр суретке қайта оралып қарай беріп, түрлі ойға шомып, таңданысымызды жасыра алмай тұрмыз. Осы туындылар Атыраудың музей қорына берілгеніне қуанып отырмыз. Біз оны қалаған уақытымызда келіп қарай аламыз. Сол үшін мың алғыс! – дейді сурет көрмесін тамашалаған қала тұрғыны Зияда Жұмекенқызы.
Осылайша, Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің алтын қоры домбыраның бейнесі кескінделген суреттермен толықты.