Нұр-Cұлтанда балалар жаппай вирус жұқтырып жатыр
Нұр-Cұлтанда балалар жаппай вирус жұқтырып жатыр
©Радмир Фахрутдинов
1,265
оқылды
Елордада жол бойындағы субұрқақтарға шомылған балалар жаппай вирус жұқтырып жатыр. Екі апта ішінде індеттің таралуы екі жарым есеге көбейген. Бұл жайында КТК арнасы хабарлайды. Осыдан кейін судан сынама алған санитарлар қаланың ортасындағы субұрқақтың бірінен қауіпті індеттің қоздырғышын тапқан. Бірақ сол маңды тазартатын жұмысшылар болса бұлай болу мүмкін емес деп таңғалуда. Себебі күніге бір рет залалсыздандырып отырады екен. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында 453 адам энтеровируспен ауырыпты. Олардың барлығы – балалар. Вирус күн ыстықта, ылғалды жерде тез таралады. Індет жұқтырған бүлдіршіндер субұрқақта шомылған. Кейін тексеру жүргізген вирусологтердің өздері көше бойындағы субұрқақтың ластығынан шошып отыр. Елордадағы Абай мен Жеңіс даңғылының қиылысындағы субұрқақтан энтеровирус қоздырғыштарын тапқан. Сарыарқа ауданы әкімдігі алдындағы,«Жастар» театры аумағындағы және «Өмір ағашы» субұрқақтары да қауіпті екенін айтады. «Әртүрлі субұрқақтарға түсіруден аулақ болыңыздар. Себебі ондай субұрқақтарға көбінесе  қаңғыбас иттер, түрлі құстар шомылып, су ішеді.Олар барлығымызға белгілі вирус тасымалдаушылар. Және де ауа райының ыстығына байланысты суда микроорганизмдер тез тарайды», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі Аяжан Қалқабекова. Дегенмен мамандар балаларды көше бойындағы мұндай жерлерде шомылмақ түгілі, қол-аяғын суға батырмасын деп отыр. Ал індет жұқтырған баланың қызуы көтеріліп, тамағы мен мұрны бітіп, терісінде дақ пайда болады екен. Оны емдеу кем дегенде он күнге созылады.