Әке көрген оқ жонар
Әке көрген оқ жонар
1,077
оқылды
Үш ұрпаққа жалғасқан дәрігерлер әулеті Әлемдік пандемия денсаулықпен қатар дәрігерлердің де қадірін ұғындырғаны белгілі. Адам жанына араша түсетін жандарға қай кезде де құрмет ерек. Ал атадан балаға жалғасып келе жатқан дәрігерлер әулетінің ел үшін етіп жатқан еңбегі сөзсіз ерлік. Міне, сондай отбасының бірі – Әбдуәлиевтер әулеті. «Әке көрген оқ жонар» дейді қазақ даналығы. Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Аса ауылының тұрғыны Нұргелді Әбдуәлиевті бүгінде ел ақ халатты абзал жан ре­тінде құрметтейді. Нұргелдінің әкесі Уәли Әбдуәлиев те өз дәуі­рінде талайдың дертіне дауа тап­қан дәрігер болған. Адамның жа­нына араша түскен азаматтың ерлігін бүгінде ауылдағы ағайын аңыз қылып айтады. Әбдуәлі ақсақал 1942 жылы қан майданға аттанып, содан оралмаған екен. Әкеден жастайынан айырылған Уәли 1945 жылы өзі де оқ пен оттың ортасына аттанып, ұрысқа араласады. Алайда көп ұзамай соғыс аяқталып, Уәли елге аман-есен оралады. Соғыстан кейін Уәли Алматы медициналық институтына оқуға түсіп, оны үздік тәмамдап шыға­ды. Қолына дипломын алған жас маман үлкен қалада қалмай, туған топырағы Жетітөбе ауылына ора­лып, ел үшін еңбек етеді. Міне, осындай әкенің жолын бүгінде Нұргелді жалғауда. Нұргелді Уәлиұлы 1965 жылы Жамбыл ауданы Аса ауылында дүние келген. Үрзада ананың ая­лы алақанында тербеліп өскен болашақ дәрігер 1972 жылы атал­ған ауылдағы «30 жылдық» атын­дағы мектепке оқуға түседі. Оқуда озат бала 1982 жылы мектепті үз­дік бітіріп, 1984 жылға дейін ту­ған жерінде совхозда жұмыс іс­тейді. Арманшыл жас 1984 жы­лы әкесі білім алған Алматы медициналық институтына оқуға түсу үшін Алатау бөктеріне атта­нады. Оқуда жүрген шағында әс­кер­ге шақырылып, Отан ал­дын­дағы борышын өтеп, 1992 жы­лы білім алуын қайта жалғас­тырып, институтты үздік тәмам­дап шығады. «Туған жерге туыңды тік» деген бабалар ұстанымын бойтұмар еткен Нұргелді Асаға оралып, аудан орталығындағы емхананың көз дәрігері болып жұмысқа тұрады. Адам жанының айнасы саналатын көз дәрігері болу, әрине үлкен жауапкершілікті жүктейді. Алайда Нұргелді Уәли­ұлы өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеп, бірінші дәрежелі көз маманы атанады.
– Нұргелді Әбдуәлиевке келіп көрінген күннен бастап сөнген үмі­тім қайта жанғандай болды. Ол қолынан келгенше көмегін ая­мады. Уақытылы ем-домын жа­сап, Тараз қаласындағы облыс­тық көз емдеу орталығының дә­рігерлеріне апарып таныстырды. Сол аурухана дәрігерлері екі көзіме ота жасап, жарық сәулемен қайта қауышуыма мүмкіндік сыйлады. Осындай жаны жайсаң азаматтарға алғыстан басқа ай­тарым жоқ, – дейді мұңнан арыл­ған Аса ауылының тұрғыны Мұс­тафа Әліпшев.
«Алғыс арқалаған алысқа ба­рады» дейді дана қазақ. Еңбек жолында сенімді әріптес, қызмет­те тыңғылықты болуының арқа­сында 2007-2010 жылдары бас дәрігердің орынбасары болып жұмысты абыроймен атқарса, 2011-2019 жылдар аралығында дәрігер сараптама коммуника­ция­сының төрағасы болып қыз­мет іс­тейді. Нұргелді әсіресе, «әке кө­­ріп оқ жонып» жолын қуған пер­­зенттерімен ерекше мақтанады.
– Біз отбасымызда төртеу бол­дық. Алдымда Мәкирам, Ка­мила, Жанна есімді үш әпкем бар. Үлкен әпкем Мәкирам осы өзі­міз­дің Жам­был аудандық емха­на­да дәрі­гер болса, екінші әпкем Ка­мила Алматы қалалық ауру­ха­нада фи­зио­тералды дәрігер. Ал Жанна Та­раз қалалық №2 ауру­ха­нада бө­лім меңгерушісі. Құдай қосқан қосағым Мая екеуміз бір институтта оқыдық, ол да дәрігер. Аллаға шү­кір, 4 балам бар. Үлкен қызым Айдана апасының жолын қуып, экономист мамандығын бітірге­ні­мен, мен жұмыс істейтін ауруханада еңбек етеді. Екінші қызым Айда­наның күйеуі Абзал да медицина саласының маманы. Бір жағынан өзімнің шәкіртім. Облыстық ауру­ха­нада көз дәрігері ретінде көпке көмегі тиіп жүр. Одан кейінгі қы­зым Салтанат, ұлым Нұрболат, ке­лінім Айжан да дәрігер. Бір қы­зығы, бәріміз де әкеміз білім алған Алматы меди­циналық оқу орнын тәмамдаппыз. Осылайша, үлкен дәрігерлер әуле­тіне айналып отыр­мыз, – дейді Нұргелді Уәлиұлы.
Ақ халатты абзал жандардың еткен еңбек, төккен тері еске­русіз қалған емес. Өткен жылы Ден­саулық сақтау министрлігі та­рапынын денсаулық сақтау са­ла­сындағы жемісті еңбегі мен елі­міздің денсаулық сақтау сала­сы­ның дамуына қосқан үлесі үшін Алғысхатпен марапатталды. Ал облыс пен аудан деңгейіндегі марапаттары өз алдына бір төбе. Екінші дүниежүзілік со­ғыстың ардагері Әбдуәліден та­мыр тарт­қан ұл-қыз, немере-шө­береге де­йін ақ халат киіп, абы­ройлы жұ­мыс істеп жатқаны қан­дай мақ­тауға да лайық. Біз Әбдуә­лиевтер әулетінен әлі талай дәрі­гер шы­ғатынына бек сенімдіміз.

Жамбыл облысы