Шырғалаң болған шатыр дауы
Шырғалаң болған шатыр дауы
599
оқылды
Петропавл қаласында «Нұрлы жер» коммуналдық-тұрғын үй шаруашылығын да­мы­ту бағдарламасы бойынша жөнделе бастаған үйлердің шатырындағы жұмыс аяқсыз қалды.  Төбесінен су ағып, пәтерін сыз басқан тұрғындар қайда шағымданарын білмей дал. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында облыс орта­лығындағы бірнеше үйдің төбесін жөндеуге былтырғы жылдың со­ңында конкурс жарияланған екен. Петропавл қаласының қақ орта­сында орналасқан екі үйдің төбесін жөндеу көкшетаулық «Нұрсейітов» жеке кәсіпкерлігіне бұйырыпты. Жөндеу жұмыстарына олар қаңтар айында кіріскен. 20 сәуірге дейін төбелерді жөндеп бітіруі тиіс болатын. Бірақ мерзім сақталмай, 20 шілдеге дейін ұзартылған. Енді бұл мерзім де таяп қалды, төбе әлі жөнделіп бітер емес. Көктем шығысымен қар еріген кезде, жаздың жауынды-шашынды күндерінде төбесінен су сорғалаған тұрғындар әбден қажыған. Бұған дейін де төбеден су аққанымен, дәл қазіргідей шелектеп сауламай­тын дейді олар. «Бұрын су аққан жерлерге шелек, шара қойып, суды жинап алатынбыз. Қазір қабыр­ғалардың бойымен де, төбенің жалпы аумағымен де, балконға да сіңіп алған су кетіп жатыр. Үйімізді сыз басып, әбден ығыр қылды. Қайда барып шағымданарымызды білмейміз», – дейді Кәрім Сүтішев көшесіндегі 18-үйдің тұрғыны Ольга Ганушевич. Оның пәтері 5, яғни соңғы қа­батта орналасқан. Салынға­ны­нан бері 40 жылдай уақыт өткен 105 пәтерлі үйдің соңғы қабатын­дағы пәтерлердің барлығы дерлік бұған дейін төбелерінен су аққан­дықтан, жөндеу басталғанда қатты қуа­ныпты. Бірақ көп кешікпей, қуа­ныштары су сепкендей басылды. Тұрғындардың айтуынша, қа­лалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «Нұрлы жер» бағдарламасының операторы қала­лық тұрғын үй қызметіне, ал оператор мердігерге сілтейтін көрінеді. «Бұл – шешілмейтін мәселе, өйткені оны шешуге ешкім де құ­лықсыз. Кімге шағымдана­ры­мызды білмейміз», – дейді тұрғын Андрей Подлобко. «ҚАРЖЫ УАҚЫТЫЛЫ БӨЛІНБЕГЕН» Қазір жұмыс тоқтап тұр. Мер­дігер Асылбек Нұрсейітов түсіндір­геніндей, жұмыстардың кешеуіл­деуіне белгіленген қаржының уақытылы бөлінбеуі себеп болған. «Біздің де кінәміз бар. Жөндеу жұмыстарын қаңтарда емес, одан да ертерек бастау керек еді. Адами фактор қолбайлау болды. Автор­лық қадағалау, техникалық қадаға­лау бар. Жасаған жұмыстарымыз­дың сапасын бір айдан артық тек­серді. Олардың тарапынан жа­салған ескертулер болды. Одан соң бақылау өлшемі жасалды. Өлшемді өзіміз жасаймыз деп 2 апта жүрді. Түрлі форманы, жур­нал­дарды, актілерді толтыру керек. Оларға да қойылатын талап пен мерзім бар. Соның бәрі қолды бөгеді.  Ақша талап етіп бір айдан ар­тық жүрдім. Енді ақша түсті. Құ­рылыс материалдарына Қараған­ды­дан тапсырыс бердік. Себебі жобаға енгізілген профлист Петро­павлда жоқ. Жұмысты аяқтаймыз», – деп уәде берді мердігер Асылбек Нұрсейітов. «AMANAT» партиясы облыс­тық филиалы партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Рүстем Әлі­беков: «Өздеріңіз құжаттарды уа­қытылы әрі дұрыс толтырма­ды­ңыз­дар. Енді келіп бақылаушы орган­дарды кінәлау орынсыз», – деді. «Нұрлы жер» бағдарлама­сы­ның операторы – «Қалалық тұр­ғын үй қызметі» ЖШС директоры Болат Қажымұратовтың айтуын­ша,  105 пәтерлі бесқабатты үйдің төбесін құрылыс-құрастыру жұ­мыстарына 73 миллион теңге қа­растырылған. Бірақ қаржыаралық қаржыландыру қағидаты бойын­ша, яғни атқарыл­ған жұмыс кө­леміне қарай бөлінеді. «Келісімшарт жасалған кезде барлық соманың 30 пайызы бірден төленеді. Осы күнге дейін 53 мил­лион теңге төленді. Бұл сомаға акт жасалып, жұмыс қабылданды. Қал­ғаны – 20 миллион теңге ша­ма­сында. Сәйкесінше, қалған жұмыс көлемі де онша көп емес: суағарлар, кіреберіс, жертөледегі жөндеу жұмыстары бар. Аралық жұмыстардың актісін қабылдау шаруасына біздің қатысымыз жоқ. Біз бұл жұмысқа араласпаймыз. Төрт тарап, яғни тапсырыс беруші, мердігер, техникалық қадағалау және авторлық қадағалау актіге қол қойған соң ғана біз қаржыны ау­дарамыз. Әрине, ұзаққа созыл­ғаны рас», – дейді директор Болат Қажымұратов. «ЖҰМЫС САПАСЫ МӘЗ ЕМЕС» Тұрғындар болса, жұмыс сапа­сыз жасалған, техникалық қадаға­лау сол себепті оны қабылдамаған деген пікірде. «Тұрғындар наразы. Техникалық қадағалау мердігердің сапасыз жұмысы үшін кінәні ертең өз мойнына ала алмайды. Сон­дықтан қол қоймайды. Ақша тө­ленгеннен кейін кеш болады. Дү­кен­нен сапасыз нан алып жеп қой­сақ та, келесі күні барып ақша­сын талап ете алмаймыз ғой. Бұл жерде де солай», – дейді үй тұр­ғыны Андрей Подлобко. «Техникалық қадағалау о баста қайда болды? Мен өз пәтерімнің төбесін үш рет жөндедім. Су ақ­пайтын. Құрылысшылар өз ағаш­та­рын орнату үшін ойықтар жаса­ды. Енді су ағып жатыр. Барлық пә­тердегі жағдай осындай. Жаң­быр жауғанға дейін оны жедел жа­бу керек еді. Ертең құрылыс­шы­лар кеткен соң қабырғаның сылағы мен кірпіші түсе бастайды. Суа­ғар­лар жасадық дейді, бірақ онымен су ақпайды. Балкондарды сыз бас­ты», – дейді жарыса сөйлеген тұрғындар Али Искендиров пен Мұхтар Аяғанов. Шынымен де, бесінші қабаттан бірінші қабатқа дейін балкондардың сыз екені көзге ұрып тұр. Мұны мердігер алдымен төбе, содан кейін ғана суағарлар жөн­деледі әрі форсмажор болуы мүмкін деп түсіндірді. Тұрғындар құрылыс материал­дары жаңбырдың астында қарау­сыз жатқанын, 2-3 құрылысшыдан басқа адам жұмыс істемегенін айтады. Ырғалып-жырғалып сағат ондар шамасында жұмысқа келіп жүрген олардың өзі бір айдан бері жоқ. Мердігер мұны жоққа шыға­рып әлек. Оған сенсек, 15-20 адам жұмыс істеген. Олардың барлығы – көкшетаулықтар, Петропавлда пәтер жалдап тұрады екен. Осы үйге қызмет көрсететін «Полет» тұтынушы кооперативінің төрайымы Елена Кустова 20 шіл­де­ге дейін жұмыс аяқталмаса, ке­лі­сімшартқа сәйкес айыппұл санк­цияларын қолданатынын айт­ты. Яғни, кешеуілдетілген әр күн үшін мердігер компания тұр­ғындарға аяқталмаған жұмыс сомасынан 0,1 пайыз өсімпұл төлейді. «Ал сапасыз орындалған жұ­мыстарын қайтадан жасасын. Бә­рін жөндегенше қабылдау актісіне қол қоймаймыз. Себебі ертең мен жауап беремін. Ақшаны қайдан алса да бізге бәрібір, бізге тек са­палы жөнделген төбе керек. Жар­ты жыл бойы жанартаудың үстін­де отырған сияқтымыз. Мамыр айын­да төбеде шалшық су пайда болғанда мердігерге қанша хабар­лассақ та, шырпы басын сындыр­ған жоқ. Жарты жыл бойы бір тө­бе­ні жөндеу ақылға сыйымсыз», – деді кооператив төрайымы Елена Михайловна. Төбені жөндеуге бөлінген қар­жыны кейін тұрғындар 15 жыл бо­йы өздері бөліп төлейді. Төле­ма­қы мөлшері әр пәтердің аума­ғына байланысты – әр шаршы метріне 70 теңгеден. МЕРДІГЕРГЕ СЕНІМ ЖОҚ Қазақстан Конституциясы кө­шесінің бойындағы 5-үйдің төбесіне қатысты қиындық тіпті шаш етектен. Бұл үйдің төбесіне 80 миллион теңге қарастырыл­ған. Мұндағы тұрғындардың ба­сым бөлігі о бастан жөндеу жұ­мыста­ры­на қарсы болыпты. Бо­лат Қа­натұлының айтуынша, олар мер­дігерге түрлі жолмен бөгет жасап, төбеге шығармаған, тіпті полиция қызметкерлерін шақыруға тура келіпті. Кейін хат­тамаға жалған қол қойылды деген дау ушықты. «Содан кейін осы үйге қызмет көрсететін «Евродом» басқарушы компаниясы қайтадан жиналыс өткізіп, тұрғындардың қолын жи­нап, қайтадан хаттама ұсынды. Оған сәйкес тұрғындардың 2/3 бөлігі қарсы емес екені белгілі болды. Содан кейін ғана мердігер жұмысқа кірісті. Кейін белгілі бол­ғанындай, бұл үйдің қа­быр­ғасында жарықшақ бар екен. Төбені ары қарай жөндеу үшін алдымен сол ақаулықты жою керек. Ол үшін  үйдің сыртынан да, пәтердің іші­нен де қабырғаны нығайту керек деген техникалық қорытынды бар. Оған пәтер ие­лері рұқсат бермей отыр. Онсыз шатырды жөндеуге тыйым са­лын­ған. Осындай қиын­дық туын­дап тұр», – деп түсіндірді Болат Қажымұратов. Тұрғындардың айтуынша, төрт айда тәмамдалуы тиіс жұмысты кешеуілдетіп жатқан мердігерге се­нім жоқ. Олар пәтердің ішінен жөндеу жұмыстарына рұқсат бер­се, оның айлап-жылдап бітпей­ті­ніне сенімді. Тіпті, бәрін жайратып тастап, жоқ болып кете ме деген қауіп те жоқ емес. Қалалық тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық бөліміндегілер тұрғындар сотқа жүгіне алады деп отыр. Тұрғындармен кездескен «AMANAT» партиясынан сай­ланған Петропавл қалалық мәсли­хатының депутаттары Лаура Қа­йыр­жанова мен Рашбиль Евдаев, партиялық бақылау комиссия­сы­ның мүшесі Ольга Свинухова  мен партиялық бақылау жөніндегі инс­пекторы Рүс­тем Әлібеков жұ­мыс кестесін жа­сап, оны қатаң қа­дағалау керек деген ұсыныс айтты әрі бұл нысан­ды бақылауға алатын болды. Петропавл қаласы бойынша биыл 16 үйдің төбесі жөнделуі тиіс.   Бірақ «Нұрлы жер» бағдарлама­сы­нан зәрезап болған басқа тұр­ғын­дар енді жөндеу жұмыстарына келісе қояр ма екен?

Солтүстік Қазақстан облысы Суретті түсірген автор