Каспий Аралдың кебін кимей ме?
Каспий Аралдың кебін кимей ме?
© коллаж: Әсел Балтақызы
1,551
оқылды
Сарапшылар Каспийдің қатты таяздануына байланысты дабыл қағып жатыр. Те­ңізде қаптаған қайраңдар пайда болып, кемелердің жүзуі қиындаған. Ал Каспий – Қазақстанға санкциялар салдарынан әлемнен оқшауланған Ресейді айналып өтуге мүмкіндік беретін жалғыз әрі бірегей тасымал жолы. Жағалаудағы елдер оның эколо­гиясын жақсартуға баса мән бергені абзал. Жалпы, кәрі Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін бе? Жағалаудағы ел неге шөлдеді? Ақпарат құралдары Ақтаудың судан тарығуы Каспийдің құрғай бастауымен байланысты деген қа­уесеттің елді дүрліктіріп отырғанын хабарлады. Бұл қауесет жергілікті басылымның бірінде жарияланып, халық арасына лезде тарапты. Об­лыс орталығының кейбір ауданда­рын су тасығыш машиналар аралап жүр, бірақ тұрғындар ол судың бә­ріне жетпейтініне назалы. Адам­дар кезекке тұрып, судың әр литрін 20 теңгеден сатып алуға мәжбүр. Қала билігі су тапшылығына Каспийдің саяздана бастауының қатысы жоқтығына сендіреді. Ақ­таудың өзінде тұщы су көздері жоқ. Облыс орталығы, бірқатар іргелес елді мекен Каспийдің тұзды суын тұщытып ішеді. Атап айт­қан­да, өзге шағын тұщыландыру за­уыт­тарын қоспағанда, негізінен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС теңіз суын тұщыландырып, халық пен бизнеске жеткізеді. Бір жыл ішінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» Каспийден 1 миллиард 286 мил­лион текше метр теңіз суын алған. Одан 218,196 миллион текше метр ауызсу жасалыпты.
«Судың жетіспеушілігі Кас­пийдің таяздануымен тікелей бай­ланысты емес. Теңізден су алуда қиын­дық жоқ. Бірақ ЦУВС-4 ны­санында орналасқан су сақтау ре­зервуарларына қатысты мәселелер болды: олардағы су қоры таусылып, ауызсуды беруде үзілістер туын­дады. Қазір проблема жойылуда. Алда жағдай тұрақтанып, су үз­діксіз жіберіле бастайды», – деп түсіндірді Маңғыстау облысы Энергетика және ТКШ басқармасы бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаев.
Жергілікті билік Ақтауда тағы бір су тұщыту қондырғысын салуға бағытталған жоспарды әзірледі. Ол тәулігіне 24 мың текше метр ауыз су жасай алады. Осы ауқым жұрт­шылықтың таза суға деген зәрулігін өтеуі тиіс. Жобаны жүзеге асыруға 2 жыл бөлінген. Каспийге барлық бес ел ішін­де Қазақстан көбірек мұқтаж. Кас­пий – Қазақстандағы ең алып су қоймасы саналады, одан ірісі бізде жоқ. Бүгінде теңіз айдынының жал­­пы алаңы шамамен 390 мың шаршы шақырымға жуық. Ең үл­кен тереңдігі – 1 025 метр. Бірақ бұл сандар таяу арада түбегейлі өзгеріп кетуі ықтимал. Каспий ресурсын ұтымды пайдаланған жөн Каспий жағалауындағы 5 ел теңіздің қара алтыны мен көгілдір отынын өндіруді арттыру үстінде. Бұл ретте сарапшылар Каспий түбінен шығарылған мол ресурс босқа рәсуа болмағаны дұрыс еке­нін қаперге салады. Дүниежүзілік банктің дерегінше, Қазақстан теңіз астынан алынған газды алауларда босқа өртеуді еселеп азайтты: он жыл бұрын, 2012 жылы 4 миллиард текше метрін жақса, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,45 млрд текше метрді құрады. Салыстырсақ, көр­ші Ресейдің алауларда өртейтін газы алапат: бір жылда 88 миллиард текше метр. Бірақ ол да азайтуға тырысуда: 2018 жылы – 148 млрд текше метр көгілдір отынды солай босқа ысырап еткен екен. Бола­шақ­та текке өртелетін газ мейлінше азайтылады деген үміт бар. Экологтар шетелдік инвестор­лар теңіз түбін тереңдету туралы бастама көтергенін еске салып, сын-ескертпелерін айтты. North Caspian Operating Company N.V (NCOC) компаниясы аймақта тең­десі жоқ су қоймасының түбінде әрқайсысы 56 шақырым болатын 2 арнаны қазуға ниетті. Себебі осы ішкі теңіздің саяз бола түсуі жүк тасымалын арттыру әлеуетін шек­тейді, су көлігі қозғалысының қа­уіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Жоба 2 кеме жүзетін канал жасауды қарастырады. NCOC тұжырым­да­уынша, Қашаған кен орны жаны­нан, су түбінде ені 80-нен 115 метр­ге дейін баратын, ұзындығы 56 шақырымдық таспа-тілік қазылуы керек. Осы мақсатта теңіз түбінен 18 миллион текше метр топырақ сыртқа шығарылмақ. Сарапшылар жобаны жүзеге асыру кезінде мем­лекет қоршаған ортаға зиян кел­тірмеу мәселесіне мән бергені жөн дейді. Теңіз неге тарылды? Каспий суының деңгейі шыны­мен құлдырап барады. АҚШ ға­лымдарының – Америка геофизика қоғамының дерегінше, 1996 жыл­дан бастап, жыл сайын Каспий деңгейі шамамен 7 сантиметрге тө­мендеп барады. Олар бұл теңіздің таяздануы жалғасады деген тоқ­там­ға келді. Оның соңы апатқа ұла­суы кәдік. Nature Communications Earth&Environment журна­лында 2020 жылы Каспийдің бола­шағына арналған сараптама жа­рияланды: теңіз бассейнінің жалпы ауданы 23-34%-ға қысқарады де­лінген. Салыстырсақ, Арал суы үш­тен екісінен астамға құрғады. Каспий ғылыми орталығының басшысы Чингиз Исмаиловтың ай­туынша, теңіз суы деңгейінің тө­мендеуіне биологиялық, климат­тық факторлар да ықпал етуде. Бірінші кезекте, әлемде темпе­ра­тураның көтерілуі салдарынан жа­уын-шашын азайып кетті. Жау­ған жаңбыр, түскен қардың үлкен бөлігі буға айналады. Каспийдің таяздануына Еділ өзеніндегі теріс процестер ықпал етеді: одан теңізге құйылатын су көлемі күрт азайды. Оған себеп – Солтүстік жарты­шар­дың жаппай жылынуы, қуаңшы­лық. Сондай-ақ Ресей аумағында өзен бойына көп бөгендер тұрғы­зылған. Ғаламтор Каспийдің қазақ­стандық секторының қандай ала­пат қарқынмен тарылып бара жат­қанын паш ететін түрлі видеоға толы: айдын ортасындағы қайраң­дар мен шағын аралдар, түбі жа­ла­ңаштанған теңіз, бұрынғы жаға­лауынан көп кері шегінген су... Бұл кадрлерден оның Каспий екенін тану қиын. Бұрын кемелер жүзген кей жерден енді резеңке етікпен кешіп өтуге болатын көрінеді. Бұрын балықшылар нәпақасын тапқан жерлерде мүлдем балық кездеспейді. Экология министрлігінің тү­сін­діруінше, бейнежазбаларда не­гізінен Каспийдің солтүстік-шы­ғысы сипатталған: оларда бұрын­дары да су саяз болатын. Қазір тіпті суы қашты. Алып мұхит-теңіздер­мен араластығы жоқ Каспий теңізі жауын-шашын және өзіне құятын өзендер есебінен ғана толығады. Өз санатында әлемдегі ең ірі су қой­масы саналатын Каспийдің айна­дай жарқыраған айдыны кең, тиі­сінше, суы да көп көлемде буланып, ұшады. Бұл ретте бүгінде оның аква­ториясына жауын аз жауады. Ең қуатты, нөсер жауындар оңтүс­тік-шығыс бөлігінде жүреді. Алай­да ол жағында да жылына 100-200 миллиметрден аспайды. Сондық­тан теңіз суының 80 пайызын өзен­дер қамтамасыз етеді: әр жылдары Каспийге 200-ден 400-ге дейінгі көлемде өзен суы қосылады. Оның ішіндегі басты асыраушысы – Еділ (Волга). Ол болса, су тапшы кезең­ге кірді. Бірақ Еділ суының бұ­лай­ша азаюы тарихта бұрындары да болған. Сонда Каспий осылайша құлдырамапты. Ендеше қазіргі ауыр жағдайға не себеп? Ресей ғылым академиясының П.Шир­шов атындағы Мұхитология инсти­тутының бас ғылыми қызметкері, физика-математика ғылымдары­ның докторы Андрей Костянойдың түсіндіруінше, бар мәселе соңғы онжылдықтарда теңіздегі судың булану көлемінің тосыннан еселеп артуында көрінеді.
«Жел бағыты өзгеріпті. Бұрын жел батыстан шығысқа қарай со­ғатын, әрі ол жеткілікті түрде ыл­ғал­ды болып келетін. Осының ар­қасында теңіз суы аса көп булан­байтын. Ал 90-шы жылдардың ортасынан жел негізінен шығыстан соға бастады, бұл – шөл дала айма­ғы. Осы өте құрғақ, қапырық жел теңіз суын өз бойына көбірек сіңі­реді», – дейді ғалым. Ғалымдар Каспий теңізінің күрт таяздануы тарихта бұрындары болғанын алға тартады. Одан кейін кәрі Каспий қайта қуат жиып, тез толу кезеңіне аяқ басып отырған. Оның не сыр-сиқыры барын ма­мандар әлі күнге анықтай алмады. Эколог-ғалым Елена Картамышева басқа апаттың төнгеніне назар аудартты: «Теңіз экологиялық апат алдында тұр. Ол мұнаймен, ауыр металдармен қатты ластанған. Әсіресе Әзербайжан жағалауында су жануарлары қалмай барады. Теңізде биологиялық әралуан­ды­лық күрт кеміді. Мұнай және газ өндірісі теңіздің суына, түбіне және жағалауына кері әсерін ти­гізіп жатыр: ауаны, айналасын лас­тайды, кейбір ұңғылардан сырт­қа мұнай аға бастады. Әрқашан Каспийдегі экожүйенің саламат­ты­лығының көрсеткіші саналған итбалықтар саны 100 жыл ішінде 90%-ға кеміп, құру қарсаңында тұр», – дейді эколог.
Каспий тағдыры мемлекетті де алаңдатады. Президент Қ.Тоқаев 29 маусымда өткен VI Каспий саммитінде бұл теңіздің экожүйесін сақтау – 5 ел ықпалдастығының бас­ты бағыттарының бірі деп бел­гіледі. Каспий жағалауының эко­но­микалық дамуы да, миллион­даған тұрғындардың әл-ауқаты да оның табиғи ортасын сақтау мін­детімен тығыз байланысты. Қасым-Жомарт Кемелұлының тұжырымдауынша, жер қойнауын белсенді пайдалану және ресурс­тарды тасымалдау аймақ эколо­гия­сына қатер төндіруде. Бұдан бөлек, жаһандық жылыну және климат­тың өзгеруі су ресурстарына қауіп төндірді. Каспийді қоректендіретін Жайық өзенінің жағдайы сын кө­термейтіні осыған дәлел. Өзен суы деңгейінің күрт төмендеуі, био­ре­сурстардың азаюы және жа­ғалау­дағы өсімдіктердің деграда­цияға ұшырауы, сондай-ақ антро­поген­дік ортаның ластануы бай­қалып отыр. Нәтижесінде, соңғы жылдары өзеннің орташа жылдық ағысы 3 есе азайды. Бұл уылдырық шашатын жайылма орындардың жағдайына және Каспий теңізінің бірегей балық ресурстарына кері әсер ету­де. Сондықтан Қазақстан Прези­денті ортақ су артериясында эколо­гиялық апатты болдырмау үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Қалай болғанда да, миллион­даған жылдың куәсі – қарт Кас­пий мен оның перзенттерін сақтап, келер ұрпақтарға табыстау – парыз.