Өрт оқиғалары жиілеген
Өрт оқиғалары жиілеген
© коллаж Еркебұлан Дүйсеболат
955
оқылды
Жаз басталғалы Қарағанды облысында 22 орман өрті тіркелген. Жергілікті өрт сөндірушілер де биыл орман өртінің 20 пайызға көбейгенін айтады. Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұрлан Жақыпбаевтың айтуынша, орман өрті жалпы көлемі 1 500 гектардан астам аумақты шарпыған. Сондай-ақ 11 мың гектарға жуық аумақта 86 дала өрті мен құрғақ шөп өртенген. Мәселен, 21 маусым күні Егіндібұлақ ауылында өрт шыққан. Найзағай ойнағанда жай түсіп, орман алқабына тілсіз жау «ауыз» салған. Өрт сөндірушілер жалынмен бірнеше күн бойы арпалысқан. Өрт сөндірушілер маусым айындағы өрт оқиғаларының көбеюін облыстың басым бөлігінде ауа температурасының нормадан тыс жоғары болуы, желдің екпінінің секундына 30 метрден асуымен байланыстырады. Жауын-шашынның аз болуы мен тұрғындардың өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамауы да тілсіз жаудың тұтануына негізгі себеп. Бүгінде облыста 10 орман өрт сөндіру бекеті, 6 мыңнан астам адамнан тұратын 505 ерікті өрт сөндіру бөлімшесі, 1 698 автокөлік, 134 өрт сөндіру мотопомпа­лары бар.
«Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлім­ше­лері жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекет­терін кезең-кезеңмен құру жоспарын іске асы­ру аясында осы елді мекендердің бір­қатарында өрт қауіпсіздігін жергілікті атқару­шы органдар құрған. 53 өрт сөндіру посты өртке қарсы қызметті жүзеге асырады. Оның ішінде 58 мыңнан астам халқы бар 91 елді мекен бар. Өрт сөндіру бекеттері 30 бірлік өрт техникасымен және 75 бірлік бейімделген техникамен жабдықталған. Биыл Осакаров, Ақтоғай және Нұра аудандарында 8 қызметкер алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл Қарқаралы, Жаңаарқа және Нұра аудандарының аумағында тағы 4 бекет жасақталады», – деді Нұрлан Жақыпбаев.
Басқарма басшысы биыл өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 23 фактісі анықталғанын атап өтті. Кінәлілер әкімшілік айыппұлға тартылды.
«Азаматтық қорғау, жергілікті полиция қызметі, әкімдіктер мен орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінен 69 мобильді топ құрылып, рейд барысында қоқыс жағу, ғимараттарға жақын жерде от жағу сияқты өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 23 фактісі анықталды. Кінәлілерге айыппұл салынды. Және ескерту түріндегі әкімшілік жауапкер­шілікке тартылды. Жазғы өрт қауіпті кезең басталғалы барлығы 400-ден астам рейд, 1 500-ден астам жиын өткізілді», – деді спикер.
Өңірде тұрмыстық және өндірістік өрт оқиғалары жиілеген. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында облыста 481 өрт оқиғасы тіркеліп, 17 адам қаза тауып, 22 адам зардап шеккен. Өрттің басым бөлігі тұрғын үй сек­торында, көліктерде, әкімшілік және қоғам­дық ғимараттарда болған. Олардың негізгі себебіне электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау секілді жағдайлар жатады.

Қарағанды облысы