Юджин – 2022
АҚШ-тың Юджин қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионаты – Нора үшін жаңа бастама. Өйткені ол Қазақстан азаматы ретінде ресми түрде үлкен додада бақ сынап жатыр. Атлеттің чемпионаттағы қарқынына қарасақ, сондай шөліркеп қалғаны байқалады. 15-24 шілде аралығында өтетін бәсекеде алаң иелері 14 медальмен көш бастап тұр. Ал Қазақстан 3000 мың метрге кедергілер арқылы жүгіруден тарихта тұңғыш рет медаль алуы мүмкін. Джерутодан бөлек, іріктеу кезеңіне әлемнің түкпір-түкпірінен 42 cпортшы қатысты. Олар финалға жолдама алу үшін үш топқа бөлініп, үздік нәтиже көрсету үшін барын салды. Бірінші топта сынға түскен Нора Джеруто өз тобында ғана емес, қатысушылар арасында 9:01:54 нәтижесімен іріктеу кезеңінен финалға 1 орынмен шықты. Ал үшінші топта өнер көрсеткен Дэйзи Джепкемейдің нәтижесі (09:23:07) ақтық сынға өтуге жарамады. Жалпы, 20 шілде күні өтетін финалға барлығы 15 атлет жолдама алды. Олардың арасында Веркуха Гетачью (Эфиопия), Марва Бузиан (Тунис) бар. Екеуі де Джерутодан 10-11 секундқа кешігіп қалған.Алтайда өткен дайындық
Нора қазір ресми түрде Altay Athletics клубында тіркеуде тұр. Ол осыған дейін АҚШ-та өткен «Гауһар лигада» топ жарды. Ал Африка құрамасы сапында 2015 жылы Әлем чемпионы атанды. Сол үшін Джерутоға бұл таныс жол, рекордын жаңартуға таптырмас мүмкіндік. Айталық, онымен бірге сайысқа түскен отандасымыз Дэйзи Джемпекей де Кенияның тумасы. Екеуі де қазір Қазақстан атынан бақ сынайды. Олар үшін Қазақстан атынан өнер көрсету экономикалық жағынан таптырмас көмек. Өйткені Африка құрлығынан шыққан бірталай атлет легионер ретінде өзге ел атынан өнер көрсетеді. Жалпы, бұл – Қазақстан үшін де сәтті ұсыныс. Жоғарыда атағанымыздай, 3000 мың метрге кедергі арқылы жүгіруден ел тарихында әзірге медаль жоқ. Джерутоның елге келгелі бері қатысқан жарыстарын қарасаңыз, біраз медаль олжалағанын байқайсыз. Бірақ оған ресми түрде Қазақстан атынан сайысқа қатысу мүмкіндігі жыл басында ғана берілген. Одан бөлек, Қазақстан азаматы атанған Кения қыздарының қатарында Дэйзи Джемпекей, Шадрак Коеч пен Кэролайн Чепкоеч бар. Естеріңізде болса, Елена Рыбакинаның Уимблдон турниріндегі жеңісінен кейін халықтың легионерлер туралы ойы екіге бөлінген-ді. Осы тұста алда-жалда Джеруто алтын ала қалса, мұның да қоғам талқысына түсері анық. Өйткені аталған төрт спортшыға төлейтін ақша, олардың жарысқа бару-қайту мен дайындыққа кетер шығыны аз емесі анық. Ал еліміздегі бұқаралық спорттың даму қарқыны әлі де көңіл көншітпейді. Балаларға арналған спорт секцияларының да жағдайы мәз емес. Бұлай дейтініміз, осыдан біраз жыл бұрын Ресей де Кениядан желаяқтар тартуды қолға алған-ды. Басы сәтті басталғанымен, көп өтпей жоба құрдымға кетті. Ресейді Рио олимпиадасына жібермеді, одан басқа да қиындықтар үсті-үстіне қабаттасты. Сөйтті де, Ресей жеңіл атлетикасындағы дағдарыс әлі де аяқталған жоқ. Иә, Кениядан легионер тарту жеңіл сияқты көрінетіні рас. Мәселен, Пол Челимо 2013 жылғы Универсиадада Кения атынан сынға түссе, Рио мен Токио олимпиадасында АҚШ-қа медаль әперді. Оған дейін америкалықтар 1964 жылдан бері 5000 метр қашықтыққа жүгіруден жүлде алмаған-ды. Тізе берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Арасында өзге мемлекеттер үшін жарысқа қатысатын кениялық бауырлар да бар. Африкадан Түркия, Нидерланды, Скандинавия елдеріне қоныс аударатын атлеттер тағы бар. Бірақ кейінгі кезде Таяу Шығыстағы экономикалық жағдайға қызығып, легионер атанатын кениялықтар көбейген. Бір сөзбен айтқанда, легионердің спортты дамытамын деп келетіндері аз.Жеңіл атлетиканың жағдайы
Расымен, еліміздегі жеңіл атлетика енді-енді көркейіп келеді. Аталған бағыт бойынша Олимп шыңын алғашқы болып бағындырған – Ольга Шишигина. Одан кейін үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова Олимпиадада, Әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осыдан кейін жеңіл атлетикаға қызығып, спортқа келген жасөспірімдер қазір халықаралық аренада ел намысын қорғап жүр. Мәселен, үш қарғып секіруден Мария Овчинникова, Ирина Эктова түрлі жарысқа қатысып жүр. Токио Олимпиадасында 200 метр қашықтыққа жүгірген Ольга Сафронова, спорттық жүрісте сынға түскен Шейко Георгий мен Айман Ратова, марафоншы Жанна Мамажанова тағы бар. Биыл біразы Әлем чемпионатында ел намысын қорғап жүр. Ал Юджинде өтіп жатқан Әлем чемпионатында 400 метр қашықтыққа жүгіруден Михаил Литвин жартылай финалға өтті. 18 шілде күні марафоншы Жанна Мамажанова жарыс жолына шығады. Одан бөлек, Мария Ефремова үш қарғып секіруден 13,27 нәтижемен чемпионатты аяқтады. Кристина Овчинникова ересектер арасында әлем чемпионатында биікке секіруден дебют жасап, 1,86 метрді бағындырды. Надежда Дубовицкая да биіктікке секіруден финалдық бәсекені аяқтады (1,93 м). Байқағаныңыздай, төл шәкірттеріміз жоғары нәтиже көрсету үшін әлі де бірнеше жыл мен біршама қаржы кететіні белгілі. Осы бөлікті айналып өткісі келді ме, федерация легионерлерді тартуды жөн көрген. Олардың әлем чемпионатындағы нәтижесі әзірге – 7 орын. Әрине, бұл – әзірге. Дегенмен қыруар қаржы салған жобалардың жоғары нәтиже көрсеткенін көргің келетіні бар. Бұл жобаның Ресейдегідей құрдымға кетері, болмаса Бахрейндегідей сәтті жүзеге асары белгісіз. Неліктен Бахрейн десеңіз, Джерутоның үзеңгілесі Уинфред Яви Бахрейн атынан өнер көрсетеді. Түбіне үңілсеңіз, ол да Кенияның тумасы. Айтары сол, қаржылық қауқар қайда болса, сол жерден Кения желаяқтарын кездестіруге болатын сыңайлы.