Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Дархан Жазықбаевтың төрағалығымен 2022 жылдың бірінші жартыжылдықтың жұмыс қорытындысы бойынша мәжіліс өтті. Жиынға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Агенттіктің басшылығы мен қызметкерлері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Мемлекеттік қызмет персоналын басқару жөніндегі ұлттық орталық, сондай-ақ Агенттіктің аумақтық департаменттері бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.
Мәжілісте Агенттік қызметінің барлық бағыттары бойынша жұмыс қорытындылары талқыланып, жылдың соңына дейінгі міндеттер айқындалды.
«Агенттік осы жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндеттерді іске асыру бойынша жұмыстар жүргізді. Мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіру Агенттік басымдықтарының бірі болып қала береді. Іріктеу жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметтен «шығу» тәртібін жеңілдету жөніндегі жұмыс жалғасуда. Мемлекеттік қызметтегі кадрларды іріктеу мен ілгерілетуде меритократия қағидаттарына негізделген ашық, ең бастысы әділ жүйені қалыптастыру маңызды міндет болып отыр», – деді Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев отырыс барысында.
Сондай-ақ төраға мемлекеттік аппараттың сапалық құрамын арттыруға қосымша жағдайлар жасау үшін халықаралық тәжірибені зерделеу негізінде әкімшілік мемлекеттік қызметке іріктеу құралдарын дамыту жөнінде шаралар қабылдануда екенін жеткізді. Осылайша, цифрлық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетіне тестілеуді, құзыреттер бойынша әңгімелесуді, эссе жазуды және бейінді тестілеуден өтуді қамтитын жаңа тәсілдер қарастырылмақ. Бұл ретте іріктеу процесінің ашықтығы мен клиентке бағдарлануы конкурстық рәсімдерді толық цифрландыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Кейбір лауазымдарға мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жеңілдету қарастырылуда. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтен «шығу» бойынша тәртіп оңтайландырылмақ. Тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына енгізілді.
Мемлекеттік бастамалар мен салалық жобаларды іске асыру кезеңінде мемлекеттік органдарға арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тарту үшін келісімшарттық қызметшілерді жалдау мүмкіндігі берілетін болады.
Агенттіктің өңірлік департаменттері өткізетін «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» шеңберінде іске асырылатын таланттарды мемлекеттік қызметке тартуды жаңғырту бойынша тәсілдер пысықталды. Осылайша, бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірлеу көзделеді, оны орындау және іріктеудің жыл сайынғы мерзімдерін белгілеу бойынша тәсілдер жетілдірілмек.
Сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервінің өкілдерін мемлекеттік қызмет жүйесіне және квазимемлекеттік секторға тарту жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмысты жүйелеу үшін мансаптық ілгерілеу, дағдыларды дамыту және қызмет тиімділігін бағалау мәселелерін реттейтін мемлекеттік қызметке резервшілерді жалдау алгоритмі әзірленді. Айта кету керек, бүгінде резервтегі 350 қызметкердің 238-і жұмысқа орналастырылды.
«Біздің жұмысымыздың негізгі басымдығы – Мемлекет басшысының 2022 жылдың 16 наурызында жария еткен, Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды сапалы орындау. Бұл ретте Агенттік тарапынан қойылған мақсаттарға қол жеткізу, оның ішінде мемлекеттік қызметтегі кадр потенциалын арттыру үшін мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру, сондай-ақ практикалық шараларды іске асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, мемлекеттік қызметшілерді бағалау институтын жетілдіру аясында Агенттік жаңа тәсілдер әзірлеп шығарды. Жаңа тәсілдердің арқасында бағалау барынша жеңілдетіледі және толық автоматтандырылады. Бағалаудың әртүрлі субъектілері (басшылар мен орындаушылар) үшін бағалаудың саралау тәсілдері қолданылатын болады», – деді Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев.
Дархан Медеғалиұлының айтуынша, мемлекеттік қызметшілерді бағалауды тоқсан сайынғы негізде жүзеге асыру жоспарлануда, оның нәтижелері меритократия қағидаты бойынша мансаптық ілгерілету кезінде пайдаланылады. Осылайша, қатарынан 4 тоқсан бойы жоғары баға алған қызметшілерді тікелей қызметке тағайындау көзделуде. Белгілі бір қызметкерлерді жылжыту мақсатында бағалау кезінде формализмді болдырмау үшін мұндай тағайындау Агенттікпен келісіледі. Сонымен бірге қатарынан 2 тоқсан қанағаттанарлықсыз баға алған қызметкер лауазымы төмендетіліп, ал бос орын болмаған жағдайда жұмыстан шығарылу мәселесі қарастырылуда.
«Ал қызметкерлерді ротациялауға келер болсақ, міндетті ротация қолданылатын тұлғалардың тізбесі кеңейтілуде. Ротацияға жататындар қатарына «А» және «Б» санаттары тобының лауазымдары енгізілетін болады. Бұдан басқа, қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімдері біріздендіріледі, сондай-ақ басқа жерге ротацияланатын қызметшілер үшін тұрғын үй төлемдері көзделетін болады. Кәсібилендірудің, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алудың маңызды құралдарының бір – мемлекеттік қызметшілерді уақытылы ротациялау», – деді ол.
Мәжіліс барысында мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі жұмыстың негізгі басымдықтары да айқындалды.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Агенттікке жаңа функциялар – мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша мониторинг пен талдау жүргізу, оның ішінде мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін зерделеу жүктелді. Бұл жұмыс арнайы әзірленген әдістемені ескере отырып, денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау салаларында жүргізілетін болады. Талдау жұмысының нәтижелері Президент Әкімшілігіне 2023 жылғы 20 қаңтарға дейін енгізіледі», – деп атап өтті Агенттік төрағасы.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңға соңғы түзетулермен «қоғамдық маңызы бар қызмет» деген жаңа ұғым енгізілді, ол үздіксіз негізде жүзеге асырылатын және қоғам өкілдерінің заңды мүдделерін қанағаттандыруға бағытталатын болады. Бұдан былай мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалаудан бөлек, Агенттік қоғамдық мониторинг шеңберінде қоғамдық маңызы бар қызметтерді бағалап, оларды ұсыну сапасын жақсарту бойынша ұсынымдар шығарады.
Бүгінде қызмет алушылар тарапынан шағымдарды күтпей, қызмет көрсету мерзімдерінің сақталуына және бас тарту негіздеріне қашықтықтан мониторинг жүргізу жұмысы оң нәтижесін көрсетуде. Бұл қызмет алушылардың шағымдарын күтпей-ақ, тиісті шараларды қабылдауда проактивтілік пен жеделдікті қамтамасыз етеді. Қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қорғау мәселесі және ол туралы ақпараттандыру ерекше маңызға ие болып отыр. Жыл басында 5 мыңнан астам түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметтерді көрсету орындарында 50 мыңға жуық түсіндіру плакаттары мен ақпараттық баннерлер орналастырылды. Нәтижесінде, 111 қызмет алушының құқығы қорғалып, қалпына келтірілді. Бұл өткен жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда 18%-ға (91), ал 2020 жылмен салыстырғанда 42%-ға (64) артық көрсеткіш.
«Күн тәртібіндегі маңызды мәселе – әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Қоғам мемлекеттік қызметшілерден олардың біліктілігімен қатар әдептілігін, ашықтығын, адалдығын, адамгершілік қасиетін және жоғары мәдениеттілігін талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында, кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі мәжілісте сөйлеген сөзінде «...мемлекеттік қызмет жүйесін іс жүзінде сервистік және клиентке бағдарланған болуы үшін қайта жаңғырту» қажеттігін атап өтті.
Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жаңа сын-тегеуріндерді шешу жаңа редакциядағы Әдеп кодексін қабылдауға себеп болды. Кодексте адал ниеттілік, адалдық, әділеттілік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану іспетті мемлекеттік қызметтің әдептілік қағидаттары айқындалды. Бұл ретте «клиентке бағдарланған» мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша басым талаптар қарастырылған», – деп атап өтті Кеңес барысында Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев.
Жиында Әдеп жөніндегі кеңестердің жұмыс қорытындылары айтылды. Аталған кезеңде кеңес 82 отырыс өткізіп, онда барлығы 542 мәселе қаралған. Оның ішінде, тәртіптік істер – 189, профилактикалық бағыттағы мәселелер – 321 немесе шамамен 60%. Осылайша, Әдеп жөніндегі кеңестердің қызметі көбінесе этикалық нормаларды бұзудың алдын алуға және мемлекеттік қызметшілердің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Осы жұмыстың арқасында әдеп нормаларын бұзғаны үшін жазаланған адамдардың саны жыл сайын азайып келеді. Атап айтқанда, соңғы екі жылда олардың саны 2 есе азайған.
Әдеп жөніндегі кеңестер 2 393 ұсыным енгізіп, ол 96% орындалды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 1 323 азаматтың құқы қалпына келтірілді. Әдеп жөніндегі кеңестердің ұсынымдары негізінде 32 мемлекеттік қызметшіге қолданылған тәртіптік жазалардың күші жойылды, 63 тәртіптік іс тоқтатылды. Жұмыс уақытын жүйелі түрде бұзуға жол бермеу жөніндегі жұмыс нәтижесінде 1 047 қызметшіге қосымша демалыс сағаттары берілді. Үстеме жұмысқа заңсыз тартылған қызметкерлерге 38 млн. теңгеден астам ақшалай өтемақы төленді.