Шерағаны жатақхананың «шырақшысы» етпек пе?
Шерағаны жатақхананың «шырақшысы» етпек пе?
1,662
оқылды
Ескерткіш орнату мәселесіне келгенде дау-дамайдың алаңына айналатын Жам­был жақтан тағы да жік шықты. Бұл жолы билік пен бұқараның пікірі биыл 90 жылдығы тойланатын Шерхан Мұртазаның ескерткішін қояр орынға байланысты қақ жарылған. Рас, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің бастамасымен құрылған арнайы комиссия мүшелерінің дені Халық жазушысының тас мүсінін Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттер үйі алдына орнату туралы шешім шығарып қойды. Алайда бұл шешім талас-тартыстың соңғы нүктесін қоюдың орнына отқа май құя түскендей. Жамбылдықтардың Шерхан Мұртазаның ескерткішін жатақ­хананың ауласына қоюға қарсы болуы бекер емес. Тараз қаласының орталық даңғылдарының бірінде орналасқан бұл жатақхана ғима­ра­ты кезінде танымал «Тараз» қонақ­үйіне тиесілі болған. Кеңес зама­нындағы қатардағы қонақүйге та­нымал деп мағына үстеуіміздің тағы бір себебі бұл орынның тә­уелсіздіктің алғашқы жылда­рын­дағы тарихымен байланысты. Балапан басымен, тұрымтай тұсы­мен кеткен заманда «Тараз» қо­нақүйі нағыз жын-ойнақтың ор­дасына айналып шыға келді. Соңғы жылдарға дейін желік қуған желөкпелерге «құшағын» ашқан бұл ғимараттың «тылсым» тари­хынан жергілікті тұрғындар ха­бардар. Сондықтан олар иесі ауы­сып, кешегі қонақүйден бүгінгі сту­дент­тік жатақханаға айналған орын­ға жылы шырай таныта қой­майды. Осыдан барып бұл маңға халқын қадірлеген, халқы қадір­леген Шерхан Мұртазадай жер­­лесінің ескерткішін қоюға үзіл­ді-кесілді қарсы болатындарды түсі­нуге болады. Әлқисса, Халық жазушысына ескерткіш қою мәселесі сөз бола бастағаннан облыстың жаңа әкімі Нұржан Нұржігітов оны орнататын орынды анықтауда жұртшылықтың пікіріне құлақ түреміз деп қуант­қан. Бұл жаңалық құлағына жет­кендердің көбі «Шерхан Мұрта­заның ескерткіші қаланың ең көрікті жерінде қасқайып тұруы керек» деп түрлі нұсқаны ұсынды. Олардың жалпы саны 14-ке бір-ақ жетіпті. Кейіннен арнайы комис­сияның қарауына осындағы 4 орын ұсынылды. Зиялы қауым өкіл­дерінен құралған комиссия­ның 20 мүшесінің 15-і ескерткішті жоғарыда аталған студенттер үйінің алдында орнатуды дұрыс деп тапқан. Қалған үшеуі Халық жазушысының тас мүсінін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кеше­ніндегі Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталы­ғының алдына қоюды құптапты. Алайда комиссия төрағасы, «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті Мұратбек Азимов да­уыс беруден қалыс қалған. Ко­мис­сия төрағасы алғашында Шерхан Мұртазаның ескерткішін Тараз қаласындағы 12-шағынауданның маңына орнатылғанын қалаған екен. Алайда дәл осы жобамен ай­налыса бастағаннан ол ойынан айнығандай. – Шыны керек, мен әу баста Шерағаның ескерткіші оның өзі 12-шағынаудан маңындағы «Са­райшық» саябағына қойылғанын қалағам. Сөйтсем, ол орынның ауқымы еңселі ескерткіш орнатуға тым тар болып шықты. Былайша айтқанда Шерхан Мұртазадай азаматтың ерен тұлғасын, болмыс-бітімін айшықтайтын ескерткіш қоюға лайықты емес. Ескерткіш орнатылар орынның аумағы маңызды. Ал Жамбыл даңғылындағы сту­денттер үйі бұл тұрғыдан бар­лық талапқа сай келеді. Институт ректоры дәл осы жерде болашақта студенттік қалашық бой көтере­тінін айтты. Ескерткішті орнату жобасымен айналыса жүріп ко­мис­сия шешімі ең ұтымды шешім болғанына көзім жетті, – дейді Мұратбек Қоқанұлы. Шерхан Мұртазаның ескерт­кішін орнататын орынды, сәулет­тік эскизді анықтау бойынша құ­рылған комиссия төрағасының айтары осы. Десе де, бұл жергілікті тұрғындарды былай қойғанда ко­миссияның өзге мүшелері де осы пікірмен келіседі дегенді білдір­мейді. Мәселен, комиссия мүшесі, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы қай тұрғыдан алып қарағанда да Халық жазушысының ескерткішін студенттік жатақхананың алдына қою дұрыс еместігін айтады. – Қалай десек те Шерағаңдай дара тұлғаның, халық перзентінің ескерткішін жекеменшік оқу ор­нының жатақханасының алдына орнату ешқандайда да қисынға кел­мейді. Ал бұл оқу орнындағы маман даярлау, білім беру сапа­сы – өз алдына бөлек әңгіме. Оның үстіне, институт былтырдан бері атауындағы «гуманитарлық» деген анықтауышын алып тастап, не­гі­зінен ауыл шаруашылығы сала­сы­ның мамандарын даярлауға бет бұрды. Мәселен, осы ескерткіш Ал­ма­тыдағы аграрлық университеттің алдына қойылса көзге қораш көрі­нер еді. Қолына қалам ұстаған аза­­маттар «журналистика мен әде­биет­ті қатар алып жүрген қара на­ры­мыздың ескерткішін қайда қой­ған, құдай-ау», – деп налиды ғой. Оған қоса, бұл маңда оқу ор­нының тағы бір корпусының құ­рылысы жүріп жатыр. Қарсы ал­дын­дағы Жамбыл даңғылымен ерсілі-қарсылы ағылған көлік үні­нен құлақ тұнады. Ал жатақ­ха­наның артқы жағында қонақүй мен наркологиялық аурухана тұр, – дейді Көсемәлі Сәттібайұлы. Негізінен, Шерхан Мұртаза­ның ескерткішін Халықаралық Тараз инновациялық институ­ты­ның жатақханасының алдына орнатуды қолдайтындардың көбі өз пікірлерін осы оқу орнында Шер­хантану орталығының болуы­мен байланыстырады. Солай де­генмен бұл ескерткіштің неге сол орталық орналасқан оқу корпу­сы­на немесе бас ғимараттың алдына қойылмағаны түсініксіз. Журналистика ардагері Елен Әлімжан да Шерхан Мұртазаның ескерткішін студентттік жатақхана алдына орнату үшін оқу орнына Халық жазушысының аты берілуі керек деген пікірде. – Мәселен, Тараздағы Мұха­мед Хайдар Дулатидің ескерткіші ба­бамыздың атын иеленген Тараз өңірлік университетінің бас ғи­мараты алдында тұр. Мұнда қи­сын бар. Сондықтан ескерткішті сту­дент­тік жатақхананың алдында ор­натудан бұрын оқу орнына Шер­хан Мұртазаның атын беру мә­селесіне назар аудару керек деп ой­лаймын. Тым құрыса әлгі сту­дент­тер үйін Шерхан Мұртаза атын­дағы Жастар орталығы деп атайық. Сонда ғана ескерткішті сол маңға орнату қазіргідей талас тудырмас еді, – дейді ол. Жамбылдық зиялылардың енді бір шоғыры Шерхан Мұртазаның тас мүсінін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне қойылғанын құп көреді. Жамбыл облысының 80 жылдығы қарсаңында пайда­лануға берілген бұл кешен Тараз қаласы­ның көрікті орындарының біріне айналды деуге негіз бар. Орналасуы, сәулеттік келбеті, арғы-бергі тари­хы да жекеменшік институттың студенттер үйі аула­сына қарағанда әлдеқайда тартым­дылау. Бұл орайда кезінде Шерхан Мұртазаның тәлім-тәрбиесін көр­ген журналист Көсемәлі Сәтті­байұлының пікірімен келісуге бо­латындай. Ол да Халық жазушы­сының ескерткіші «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде менмұндалап тұрғанын құп көреді. – Меніңше, Шерағаның ес­керт­кішінің орны – Шерхантану ор­талығындағы әп-әдемі тыныш сквер-аллея-көше. Бұл маңнан кісі қарасы үзілмейді. Қала тұрғыны да, қонағың да, турисің де таңғы, кешкі мезгілдерде осы кешенді аралап жүреді. Соңғы жылдары Тараз қала­сындағы барлық мәдени, рухани іс-шараларды, концерттерді осы маңда ұйымдастыру дәстүрі қа­лыптасты. Әрі кешенде Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы орналасқан. Келіп танысқысы, білгісі келе­тін­дер үшін Халық жазушының қа­тысты құнды деректер сол орта­лықта қаттаулы тұр. Ең бастысы, дәл қазір Тараздың биігі де, төрі де, көне Тараз бен ескі Әулиетата қаласының бұрынғы орны да – осы маң, – дейді Кө­семәлі Сәттібайұлы. Дегенмен, өкініштісі, Шерхан Мұртазаның ескерткішін Тараздың ең көрікті жерінен көргісі келе­тіндер мен оны студенттік жатақ­хана ауласына орнатуды қалай­тындардың арасындағы таластың «жеңімпазы» белгілі. Сонда да болса әлі де ә дегеннен «Шерхан Мұртазаның ескерткіші халық қалаған орынға орнатылады» деген облыс әкімінің оң шешім шығарарына сенгіміз келеді. Шынында, бұл облыстағы ескерткіш орнату, орнын ауыстыру төңірегінде жиі дау-дамай туын­дайды. Әріге бармай-ақ Жамбыл Жабаевтың бұрынғы орталық ба­зардың іргесіндегі ескерткішін облыстық әкімдіктің ауласына көшірудің өзінде болған «жыр» жұрт жадында. Талас-тартыстың өзегі болған Тараздағы сондай ескерткіштің бірін қазақ журналистикасы мен әдебиетінің қара нары «Бір кем дүниесінде» түйреп өткен екен. Әңгіме бір кездері Жамбыл облыс­тық драма театрының маңына о­р­натылып, кейін «Ерлік» мемо­риалды кешеніне көшірілген Ба­уыржан Момышұлының ескерт­кіші хақында. Сәулетшілердің батырдың қылышын оң қол жа­ғына тағып, оны солақай етіп көр­сеткендері Шерхан Мұртазаның шамына тисе керек, «Әттең бір кем дүние» деп басын шайқапты, жарықтық. Сөйткен Шерхан Мұртаза өз ескерткішінің студенттік жатақ­хана ауласына орнатыларын біл­мей кетті. Әйтпесе, осы істің ба­­сы-қасында жүргендердің әреке­тіне қарап тағы да бір мәрте «Бір кем дүние» деп басын шайқар ма еді, кім білсін?