Салғырттық обырға сеп
Салғырттық обырға сеп
1,079
оқылды
Бүгінде әлем бойынша жастар арасында ең кең таралған жыныстық жолмен берілетін ауру – адам папил­ломавирусы (HPV). Оның емі жоқ. Бұл вирусты жұқтыратындардың 75 пайызы – 15 пен 25 жас аралығын­дағы қыз-жігіттер. Ол әсіресе әйел­дер үшін көбірек қорқынышты. Өйт­кені иммунитет әлсіз болып, инфек­ция ағзада бірнеше жыл бойы тұрақ­тап қалған жағдайда ол жатыр мой­ны ісігіне әкеп соқтырады. Па­пил­ломавирус жайында толығырақ біз Darmed гинекология орталығы­ның дәрігері Қалампыр Телтаевадан сұрап-білдік. – Адам папилломавирусы (HPV) – қандай ауру? Ол көбіне қалай жұғады және оған кімдер жиі шалдығады? – Адам папилломавирусы – бүкіл әлемде кең таралған вирустар тобының жалпы атауы. Қазіргі таңда HPV-нің 190-нан астам түрі белгілі, олардың кем дегенде 14-і (олар: 16, 18, 31, 33, 35, 39, 45, 51, 52, 56, 58, 59, 66, 68) онкогендік болып саналады, яғни әйелдерде қатерлі ісік тудыруы мүмкін. Біз қазір осы вирус түрлері жайында айтпақпыз. Ал 16, 18, 31, 33, 56, 66 немесе 70-штамдарын жұқтырған ер адамдарда жыныс мүшелерінің қатерлі ісігіне шалдығу қаупі жоғары. HPV негізінен жыныстық жолмен бері­леді. Әдетте адамдар жыныстық өмірі бас­талғаннан кейін көп ұзамай осы вирусты жұқтырады. Сондықтан оған жастар бейім келеді. Бұл вирустың тез таралатын себебі – мүшеқап одан 100 пайыз қорғай алмайды. Жер бетіндегі адамдардың шамамен 90 пайызы ерте ме, кеш пе, өмірінің бір кезеңінде бұл вирусты жұқтырады, бірақ қуанышқа орай, көбіне екі жылдың ішінде ағза бұл вирустан құтылады. HPV-тің емі жоқ, бірақ егер иммунитетіңіз мықты болса, вируспен өзі-ақ күреседі. – Ал күресе алмаса ше? – Вирустың біз бағана жоғарыда айтқан штамдары әйелдің ағзасында көбірек бөгеліп қалса, жатыр мойны ісігін туғызуы мүмкін. HPV мен жатыр мойны ісігі арасында байла­ныс бары ғылымда әбден дәлелденген: жатыр мойны ісігіне шалдыққан әйелдердің 99,7 пайызынан HPV табылады. Ал оның ішіндегі 70 пайызын вирустың 16 және 18-типтері туғызады. Қатерлі ісікке дейін бірнеше кезең болуы тиіс, олар емдеуге келеді. CIN 1, 2, 3 деп кодталған мұндай кезеңдер дисплазия деп аталады. Оны әдетте цитологиялық тест ке­зінде анықтайды. Мұндай жағдайда әйелге кольпоскопия, биопсия және динамикалық бақылау тағайындалады. – Қазақстанда жатыр мойны ісігі қанша­лықты кең таралған? – Елімізде 15 жыл ішінде жатыр мойны обырымен сырқаттану 22 пайызға өсті. Жыл сайын орташа есеппен 1700 әйелге осы диагноз қойылады, ал 600-дей әйел қайтыс болады. Негізі, жатыр мойны ісігі – вакцина арқылы сақтануға болатын жалғыз онколо­гиялық ауру. – Қазақстанда HPV-ге қарсы вакцина бар ма? – Өкінішке қарай, біздің елдің кейбір өңірлерінде HPV-ге қарсы вакциналау 2013 жылы басталғанымен, антиваксерлік қозғалыстың себебінен толығымен тоқтап қалды. Бәлкім болашақта бұл екпе ұлттық вакцинация күнтізбесіне енгізілетін болар. Мәселе Денсаулық сақтау министрлігінде талқыланып жатыр. Әзірге бұл вакцинаны шетелде жеке сатып алуға болады. Он жылдан астам уақыттан бері дүниежүзінің дамыған елдерінде (тіпті көршілес Рсеей мен Өзбек­станда да) қыздарға HPV-ге қарсы вакцина егілуде. Нәтижесі тамаша: қазір Аустралияда жатыр мойны ісігі жоқ. – Вакцинация келгенше, бұл аурудан қалай сақтануға болады? – Қазақстанда жатыр мойны обырынан болатын өлім-жітімді азайту мақсатында 2008 жылдан бастап цитологиялық скрининг – жатыр мойны жағындысын жасушалық деңгейде зерттеу жүргізіледі. Сондықтан жыныстық өмірі басталған қыздар жыл сайын гинекологқа көрініп, HPV-ге анализ бен онкоцитологияға жағынды тапсырып тұруы керек. Бұл скрининг тегін.

Дайындаған Б.МАРАТҚЫЗЫ