QANAY, әнші: Махаббатты мәңгілік жырлауға болады

QANAY, әнші: Махаббатты мәңгілік жырлауға болады

Соңғы кездері әндері жастар аузынан түспей жүрген Qanay-ға біздің оқырмандардың да жолдаған сұрақтары көп болды. Біз сол сауалдардың бірнешеуін екшеп алып, әншінің өзіне қойған едік. – Әншілікке қалай келдіңіз? Сізді халық танығаны кеше, бірақ қазір бүкіл жастың аузында жүрсіз. Мұншалықты тез танылудың жолы неде? – Бала кезімнен әншілікке бір­табан жақынмын. Есейген соң, үлкен шығармашылыққа келуге бірнеше рет талпынған едім, бірақ ол әре­кет­терімнің бәрі сәтсіздеу болды. Был­тыр қазіргі продюсерлік тобымның мүшелерін кездестіріп, сол кезден бері бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Бес жылда орындаймын деп жүрген дүниелерімді бір жылда бітірдік. Сондағы түсінгенім – көпшілікке танылу үшін командалық жұмыстың маңызы орасан екен. Командам ән таңдауда да, өңдеуде де, клип түсіруде де мықты қолдау беріп, жүгімді жеңілдетті, шабытымды шыңдады. Әйтпесе жалғыз жүріп ұзаққа бармас едім. – «Бозторғайды» өңделген жаңа нұсқада айту туралы идея ойыңызға қалай келді? Халық әндерін заманауи стильде жарыққа шығару жоспа­ры­ңызда бар ма? Болса, қандай әндер? – Негізі «Бозторғайым» – менің кішкентайымнан сүйіп айтатын әнім. «Маска» шоуына қонақ ретінде қатысарда, осы әнді таңдадық. Ха­лықтың аузында бұрыннан жүрген әнді жаңаша ырғақпен танытқымыз келді. Шоудан соң командамен ақыл­дасып, сол әнге клип шығарамыз деп шештік. Халық көрсін, білсін дегендей... Дәл сол уақытта әскерде әлгіндегідей қайғылы жағдай болған еді. Клипті шығармас бұрын марқұм сарбаздың анасының алдынан өтіп, клипке қосайық деп жатқан ние­тімізді білдіріп, рұқсат сұрадық. Сол оқиғаны көрсету арқылы біз бала­сынан ерте айырылған ата-ана­лардың мұңын жеткізуге тырыстық. – Әлеуметтік проблеманы көте­ретін әндер (клиптер) отандық эстра­дада неге аз? Неге әншілер бұл та­қы­рыптан қашқақтайды деп ойлайсыз? – Басқа әншілер үшін жауап бермей-ақ қояйын. Менің ойымша, әлеуметтік тақырыптардың көтерер жүгі ауыр болғандықтан, ондай әндер айту не клип түсіру – үлкен жауапкершілік. «Сүйдім, күйдім» деп жеңіл-желпі ұйқаспен ән құрастыра салудан гөрі әлдеқайда тереңірек ойлауды талап етеді. Қазір Жаңа Қазақстанда өмір сүріп, қоғамның да барынша саналы болуына жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан өзекті тақырыптарды неге қозғамасқа?! Бұйырса, болашақта басқа да елді толғандыратын мәселелерді шы­ғармашылықта көтеру жоспарымда бар. – «Ол қыз» әнінің тарихы туралы айтып берсеңіз... Кімге арналған? Әлде бұл ән арқылы қандай қыздар­дың прототипін меңзейсіз? – Осы әннің сөзі жұртты біраз шулатты-ау. Кейбіреулер тіпті оны «жеңіл жүрісті қыздарға арнап шы­ғарған» деп те жорып алып жатыр. Бірақ олай емес. Біз бұл әнмен еш­қандай қыздардың прототипін мең­земедік. Шын мәнінде оның тарихы тым қарапайым: «Ол қыз» әніне әуелі бит құрылды. Бит «вирусный» болған соң, сол жерден ыңылдап, ән шы­ғарып жібердік. Ыңылдап шығарған әніміз хит болып кетті. – «Қазақстан дауысы» байқа­уындағы көрсеткен өнеріңізге көңіліңіз толды ма? Әттеген-ай тұстар болды ма? Әдетте байқау үшін көп әнші халықаралық әндерді орындайды. Ал сіз үш кезеңде де қазақша әндер айт­тыңыз... Не себепті? – Бұл байқауда өзімді 100 пайыз­ға көрсеттім деп айта алмаймын. Онша көңілім толмайды. Ол дұрыс та сияқты, әйтпесе шығармашы­лық шыңдалу деген болмас еді (күліп). Қазақша әндерді жаным сүйеді, сол үшін барлық әндерімді де қазақша орындап едім. Бірақ болашақта осындай сайыстарға қатысып жат­сам, ағылшынша әндерді де айтып көремін. – Неге сезім жайлы аз жырлай­сыз? Сізге «махаббат неге келмей­ді?» «Mynmen» әнінде өзіңіз осылай дейсіз... – Бұл негізі депрессияға кіріп кетіп, лабиринттен шыға алмай жүргенде туған ән ғой. Махаббатты мәңгілік жырлауға болады. Алда ондай дүниелерді де күтіңіз. – Әңгімеңізге рақмет!

Дайындаған Азат ҚАЗАҚ