Сауд Арабиясына сапар: Қасым-Жомарт Тоқаев шикізатқа тәуелділікті азайту туралы ұсыныс айтты
Сауд Арабиясына сапар: Қасым-Жомарт Тоқаев шикізатқа тәуелділікті азайту туралы ұсыныс айтты
Фото: akorda.kz
899
оқылды
Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының кәсіпкерлерімен жеке-жеке кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Атап айтқанда, Президент Ajlan & Bros Holding Group холдингті топ басқармасының басшысы Аджлан бен Әбделазиз Әл-Аджланмен және Acwa Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әбунаянмен әңгімелесті. Сауд Арабиясы Корольдігінің және Таяу Шығыстағы ірі конгломераттың бірі – Ajlan & Bros Holding Group Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі екенін айтты. Қазір холдинг Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс жобасын пысықтауда. Мұхаммед Әбунаянмен кездесуде баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері талқыланды. Президенттің айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай жаңғыртылатын энергия көздерінің 30 пайызын өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Acwa Power компаниясын Қазақстанда жасыл сутегі өндірісі саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, екі елдің келешек экономикалық дамуға деген көзқарастары ұқсас. «Мемлекеттеріміздің келешек экономикалық дамуға деген көзқарастары ұқсас. «Saudi Vision – 2030» бағдарламасы мен біздің «Қазақстан – 2050» стратегиясы экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті төмендету, адами капиталға инвестиция салу, түптеп келгенде, жоғары дамыған елдердің қатарына кіру арқылы ұлттық дамуға қол жеткізуді көздейді. Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша 1-орын, уран мен хром бойынша 2-орын алады, ал марганец, күміс, мырыш, қорғасын байлығы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл қорларды барлап, зерттеу керек. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына жақындығымызды ескере отырып, инвестиция салуға, шын мәнінде, бұл жақсы мүмкіндік. Бүгін біз барлау және әзірлеме жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан астам кен орнын ұсына аламыз», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Қазақстан Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компанияларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын. «Біз Корольдіктің Saudi Vision – 2030 стратегиясы аясында өзінің ғарыштық бағдарламасын дамытуға деген ниетін қолдаймыз. Елдеріміздің ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық базасы бар. Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Біздің компанияларымыз осы салалар бойынша Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компанияларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын», – деді Мемлекет басшысы. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев астық экспортына да тоқталды.
«Қазақстан егістік көлемі бойынша жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылымдық жерлер жөнінен бесінші орын (180 миллион гектар) алады. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақмерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз», – деді Президент.
Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшыларын бірлесе жұмыс істеуге шақырды. «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бейілді екенін растағым келеді. Бүгін осында бүкіл әлемде айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшылары қатысып отыр. Мен бәріңізді өзара тиімді негізде Қазақстанда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.