Жалдау ақысы да мемлекет мойнында
Жалдау ақысы да мемлекет мойнында
890
оқылды
Мемлекет тұрғын үйге мұқ­таж қазақстандықтар үшін жалдамалы пәтер ақы­сының 50 пайызын тө­леуге кірісті. Бағдарла­ма­ның ал­ғашқы қатысушы­ла­ры да белгілі болды. Жал­пы, бас­пана арендасын суб­си­дия­лау жөніндегі мем­лекеттік бағдарла­ма­ның халық ара­сында кең сұранысқа ие, аса танымал екені айқын­дал­ды. Жұрт­шы­лық жалға алып отыр­ған үйінің жарты ақ­ша­сын бюд­­жеттен алу үшін От­ба­сы банкіне «ағыл­ды». Бұл көмекке мұқтаж жан­дар­­дың жалпы саны 600 мың­­дай көрінеді.

Олигархтардан әлеуметке бетбұрыс

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы бастамасын бір жылдан астам уақыт бұрын жариялаған еді. Алайда ескі Үкімет оны жүзеге асы­руды тым созбалаңға салып жіберді. Ізгі бағдарламаға «қаңтар оқиға­лары» серпін берді. 2022 жылғы 8 ақпанда жаңа Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында Мемлекет басшысы жалдама­лы пәтерді субсидиялау мә­селесіне қайта оралды. Шенеу­нік­тердің әрекетсіздігін сынға ал­ған Президент пәтерақыны суб­си­диялауға қатысты өз бастамасы бір жыл бұрын іске қосылуы тиіс бол­ғанын қаперге салды. Алайда жа­уапты тұлғалардың шабандығы мен немкеттілігінен жүздеген мың қа­зақ­стандық әлі күнге мемлекеттен осы қолдау түрін ала алмай отыр­ғанын назар аудартты. Мемлекет басшысының мәлі­метінше, шенділер аз қамтылған азаматтардың баспана шығынын азайтуға арналған қарапайым әрі түсінікті бастамадан «ірі құрылыс фирмаларына қолдау көрсетудің кезекті құралын жасап алуға ұзақ талпынған». Мұндай заңға қайшы әрекеттерге Президенттің өзі тоқтау салып, бағдарламаны әлеуметтік деп жариялады. Сонымен бірге Отбасы банкі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігіне субсидия алушылар са­натына жататын адамдар тірке­летін арнайы цифрлық платформа құру жүктелді. Пәтерлерін жалға беретін қожайындар да сонда тір­келе алады. Соның арқасында «же­тімбұрышты» жағалаған азаматтар өз табысын және мемлекеттің кө­мегін есепке алып, қажетті тұрғын үйді таңдай алар еді. Бұған дейін Үкімет осы бағдарлама аясында қан­дай үйлерді жалға алуға бо­ла­тынын құрылыс компаниялары­мен келісе отырып, әкімдіктер анық­тауы керек деп құрылыс са­ласы олигархтарының мүддесін іл­герілетпек болған. Президенттік бағдарламаның тетігі қарапайым: әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар пә­терақының тең жартысын мемлекет субсидиялайды, яғни, бюджет есе­бінен өтеп береді. Ұқсас тетіктер да­мыған елдерде де бар. Бұл бас­пана­ға зәру отбасыларды әлеуметтік тұр­ғын үй салынып, іске қосылғанға дейін қолдауға мүмкіндік береді. Өйткені үй кезегінде тұрғандар пә­терін 5-10 жыл және одан көп күтуі мүмкін. Субсидия үйсіз-күйсіз жүр­ген­дердің мәселесін жеңілдетеді. Пә­терақыдан артылған қаржыны олар басқа жыртығын жамауға жұмсай алады.

Кең сарайлар субсидияланбайды

Сәуір соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жобаның іске қосылғанын жариялады. – Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Содан 18 сәуірде жал­да­малы пәтер ақысын субсидиялауға өтінімдер қабылдауды бастап кет­тік. Бұған дейін бағдарламаны тек 2022 жылдың мамырында іске қосу жоспарланған болатын. Бұл бағ­дарлама отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы айына 1 ең тө­менгі күнкөріс деңгейінен ас­пайтын отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын тө­леуді көздейді. Бағдарламаның операторы – Отбасы банкі, – деп баяндады министр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпара­тын­ша, бүгінде елімізде баспанаға мұқ­таж 590 мыңға жуық азамат бар, оның 210 мыңы – әлеуметтік осал топтарға жатады. Бірақ бұлардың арасында 70 мыңға жуығының ғана табысы 1 ең төменгі күнкөріс дең­гейінен аз. Яғни, бағдарламаға осын­ша адам қатыса алуы мүмкін. Өтінімдерді халыққа ыңғайлы тәсілмен қабылдау, ұзынсонар ке­зек қалыптастырмау үшін цифрлы платформа іске қосылды. Осы­лай­ша, барлық процесс арнайы сайт арқылы онлайн форматта жүзеге асырылады. Өтініш берушілердің барлық талапқа сәйкестігін тексеру автоматтандырылды: ол осы жүйені басқа ведомстволардың деректер базасымен интеграциялау арқылы тексеріледі. Министр Қ.Өскенбаев төлемдерді субсидиялауға өтінімдер қабылдау процесін жеке, тұрақты бақылауында ұстауға уәде етті. Әрине, мемлекет есебінен кот­теджді жалға ала алмайсыз. Бұл ел қаржысын босқа шашу болар еді. Сондықтан «Отбасы банкінің» тү­сіндіруінше, жалға берілетін тұрғын үйдің ауданы отбасы мүшелерінің жалпы санына қарай шектеледі. Мәселен, тұрғын үйдің ауданы саны 1-ден 3-ке дейінгі мүшесі бар отбасы үшін – 40, саны 4-тен 5-ке де­йін болса – 60, ал саны 6 және одан көп мүшесі бар отбасы үшін – 80 шаршы метрден артық болмауы тиіс. Егер баспана ауданы бұдан үлкен болса, онда айырмашылықты жалға алушының өзі төлейді. Мы­са­лы, Алматы тұрғындары үшін жал­дамалы пәтердің 1 шаршы мет­рі­нің құны 2 759 теңге деңгейінде анық­талды. Тиісінше, үш адамнан тұратын отбасы құны 110 мың теңге болатын баспананы жалға ала алады. Қазіргі кезде Отбасы банкінің цифрлық платформасы арқылы түс­кен 30 мыңға жуық өтініш өң­делген: 6 мыңнан астамының өтіні­ші мақұлданды. Бұл бағдарламаға мемлекет 50 миллиард теңге жұмсауды жос­пар­лады. Оның қырық миллиарды республикалық қазынадан бөлінсе тартады, ал тағы 10 миллиардын өңірлік бюджеттерден тартылады.

Халық қатысуға асық

Қостанайлық Мағжан мен Жа­нар Ділдәбаевтар – кәмелетке тол­­маған 4 баланы тәрбиелеп отыр­ған ата-ана. Ересегі онға тол­са, кенжесі – 1,5 айлық бөбек. Көп­балалы от­басы он жылдан ас­там пәтер жа­ғалап жүр. Жыл сайын өскен жалдау ақысы қалтаны қа­ғатынын айтады. Сондықтан олар мемлекеттік бағ­дарламаға қатысуға бел буады. – Қаламызда 3-4 бөлмелі пәтер үшін ай сайын 135 мың теңгеге де­йін сұрайды. Отбасылық бюд­же­тіміз мұндай шығынды көтере ал­майды. Ал енді бағдарлама арқа­сында бізде қор жинау мүмкіндігі пайда болды: жалдау ақысының жартысынан үнемделген қаражатты жинаймыз деп шештік, – дейді Мағжан. Бұл ретте бейресми, ауызша келісіп жалдаған үйлер субси­дия­ланбайды, міндетті түрде пәтер иесі мен жалдаушы өзара келісім бекітуі, ол шарт құқықтық кадастрде тір­келуі міндет. Осы құжат кейін От­басы банкіне қоса ұсынылады. Бағ­дарлама талабы бойынша жа­қын туысқандардан баспананы жалға алуға рұқсат етілмейді. Қойылатын тағы бір шарт – үміткерлер Отбасы банкінің клиенті болуы, сонда депозит ашуы, интернет банкингінде тір­келуі тиіс. «Депозит тұрғын үйге ақ­ша жинау үшін қажет. Қазір ке­зекте тұрғандар өз мүмкіндіктеріне қарай ақша жинай алады. Дегенмен мерзімі бойынша ертерек ашылған депозит келесі сатыға өткенде ар­тықшылықтарға ие болады», – деді банк басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова. Депозит ашып, otbasybank.kz порталында тіркелген үміткер өті­німді жеке кабинетінде рәсімдейді. Бұл үшін ЭЦҚ-сы болуы шарт. Өтінімді рәсімдеу үшін жеке каби­нетте төлемдерді алуға арналған өтініш пен дербес деректерді жи­науға және өңдеуге арналған келі­сімге қол қою қажет. Осыдан кейін жүйе енгізілген деректерді өңдеп, отбасы құрамын дербес анықтайды. Содан соң отбасының кәмелет жасқа толған әрбір мүшесі «қонақ» мәртебесінде otbasybank.kz сайтына кіріп, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімге ЭЦҚ-сы көмегімен қол қоюы тиіс. Жүйе де­ректерді қайта тексереді, қоры­тындысында үміткердің субсидия алуға берген өтінімі мақұлдануы мүмкін. «Байтерек» холдингінің Актив­терді басқару департаментінің ди­ректоры Әлия Мырзағалиеваның түсіндіруінше, І, ІІ-топтағы мүге­дектер, ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеуші отбасылар, жетім, ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған балалар, сондай-ақ көпбалалы отбасылар өтініш бере алады. Басты шарт – отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 жиынтық табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Яғни, отбасыдағы әрбір мүшеге 2022 жылы 36 018 теңгеден аз тиюі шарт. Айталық, отбасында 5 адам – екі ата-ана және үш бала болса, ал отбасының жалпы табысы 180 090 теңгеден аспаса, оларға бағдар­ламаға қатысуына болады. – Осы санаттағы азаматтардан пәтер иесі сұратқан жалдау ақы­сы­ның 50 пайызға дейінгісін субси­дия­лаймыз. Тізімді біз үшін әкімдік, мем­лекеттік орган түзеді. Ары қа­рай ол азаматтар Отбасы банкінің ар­найы платформасына жүгініп, өті­ніш қалдыруы қажет. Өңделген өті­ніш мақұлданған соң біз сол бас­паналар үшін төлем төлеп, есепті жүргізіп тұратын боламыз. Бағ­дар­ламаға қатысуға ниет білдіру­ші­лердің тізіміне қатысты жұмыстар одан ары жалғасуда, – деді Ә.Мыр­зағалиева. Қазақстандықтар бағдарламаға қатысты Үкіметке ұсыныс-ескерт­пелерін жазып жатыр. Мысалы, 60 шаршы метр пәтер 5 адамға тарлық қылады: баспана ауданына шектеуді қайта қарауды сұрайды. Сондай-ақ 3 адамнан тұратын отбасының жиынтық бюджеті 108 мың теңгеден аспауы тиіс (225 доллар). Қалада отбасыға 150 мың теңгеге де сапалы өмір сүру күрделі. Бірақ осындай отбасылар мемлекет қамқор­лы­ғы­нан тыс қалады. «Інім Отбасы банкінде бұ­рын­нан жинақ жинап жүр. Дегенм­ен баспана сатып алуға жетерлік со­маны толыққанды жинау қолынан келер емес. Өзі мемлекеттік қыз­метші. Жалақысы аздау. Әйелі бала күтіміне байланысты еңбек дема­лысында. Пәтер жалдап тұрады, бар тапқаны соған кетеді. Егер мем­ле­кет ініме осы бағдарламаға қаты­сып, жалдау ақысының жар­тысын өтеп берсе, жинақ жинау қарқыны артып, арзанқол пәтердің бірін алуға жарайтын қаржы жинар еді. Субсидиялау тізіміне аза­маттық, мемлекеттік қызмет­ші­лер­ді қосуды сұраймыз», – дейді Арнұр Егебаев. Жалпы, қазақстандықтардың бағдарламаға қызығушылығы да, сұранысы да жоғары екені байқа­лады. Жауапты тұлғалар игі істі жар­ға жықпай, жауып тынбай, же­тілдіріп, ілгері жетектеп әкетсе, құба-құп.