«Қазақстанда жалғыз әдеби агенті бар жазушы бар, ол – Рақымжан Отарбаев» дегенді осыдан ілгеріректе бір естіп едік. «Елімізде ғана емес, өзге де шетел баспаларынан қаламгердің кітаптары шығыпты» деген сияқты ақпараттарды да жиі көзіміз шалатын. Демек, әдеби агенттің қызметі біз ойлағаннан анағұрлым ауқымды болып тұр ғой. Ал мұндайда әдеби агенттік деген сөзді бастауға бола ма? Қыруар еңбек пен қаржыны талап ететін ұйымды құру бізде қаншалықты мүмкін? Иә, бізде бұл ұғым айта-айта жауыр болып, қараусыз қалған баладай шетке ысырылған сыңайлы. «Не себептен бұған тереңдеп қарамаймыз және оны неліктен жандандырмасқа» деген ой да туындайды. Бірақ айтуға ғана оңай.
Шынында да, бізде Ұлыбритания, АҚШ-тағыдай белді әдеби агенттіктер құрылып, қапысыз қызмет етуі мүмкін бе?
Кеңес кезеңінде даңқты жазушылардың жеке хатшысы болатын. Ол қаламгердің тек қана жазумен айналысып, басқа мәселелерге бас қатырмауына жағдай жасады. Шығарманы баспадан шығару мәселесінде цензуралық шектеу де болғаны рас. Әйтсе де, оның таралымы, жазушыға қойылатын гонорар қазіргіден анағұрлым имантаразы болғаны шындық. Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиеті көркемдік жағынан да, таралым тұрғысынан да бұрынғы мәртебесіне ілесе алмай қалды. Себебі нарықтық жағдайға өткеннен кейін кітапты бұрынғыдай көл-көсір етіп шығарып, қаржы мен энергия жұмсау тиімсіз еді.
Ал көркемдік талаптарға ешкім қарап жатпады. Ақшасы бар адам қалағанын жазып, жариялайтын. Бәлкім, содан болар, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев сияқты кітаптары шетелдің қаншама тіліне аударылып, таралған классик жазушылардың деңгейі бүгінде қол жетпес асу болып көрінетіні. Әйтсе де, өмір болған жерде өсу де болатыны заңды. Қазір ақырындап қазақ әдебиеті өрісін кеңейтіп, өзінің екінші тынысын ашуға дайындалып жатқандай сезіледі. «Қазақтың өз ішінде танылған жас қаламгерлерді әлемдік кеңістікке қалай шығарамыз?» деген сауал туады.
Біреулер бұл сұраққа «Егер жазушы мықты болса, әлем өзі-ақ танып алар» деп айтуы мүмкін. Енді бірі «Әдебиетті таныту үшін әдеби агенттер керек» деп те жүр. Сол айтқан әдеби агенттік бізде бар ма? Елімізде алғаш рет осы агенттікті ашуға ден қойған әдебиет насихатшысы Бақытгүл Махамбетова бір сұхбатында былай депті: «Әдебиетті насихаттасақ деп жүгіріп жүрміз. «Қазақ әдебиеті ағылшын тіліне аударылуы қажет» деп шырылдап қоямыз. Ол үшін әдеби агенттер болуы керек. Шығармашылық бағыттағы жұмыстың ең басты көзі – жазушы кітабының насихатына бас ауыртпауы тиіс. Жазушының бүкіл шаруасын әдеби агент шешеді. Әдеби агентке керегі – жақсы көркем дүние. Жазушының міндеті осы.
Әдеби агенттің ары қарайғы мақсаты – оны әлемдік нарыққа шығару. Өз тауарынан пайда табу. Бұл – үлкен бизнес. Оған көпшілік бизнес деп бас ауыртқысы келмейді. Осы үшін баспаханаларға да бардым. Баспа иелері «Сіз осыны жүзеге асырыңыз» дейді. Оны қалай жүзеге асырамын? Бұл – миллиондаған қаржыны қажет ететін жоба. Рас, аударма мәселесі – менің дертім. Қазақша шығарманы аудармасыз әлемге тарата алмаймыз». Демек, әдеби агенттік деп айтпас бұрын, әуелі әдеби аударманы ретке қоюымыз керек екен. Қаламгер үшін аударма дегеннің қаншалықты маңызды екенін білеміз.
Кезінде классик суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісов аудармашыларға қандай талап қойғаны да әдебиетсүйер қауымның жадында болса керек. Жақсы аударма – қаламгер еңбегінің жарқырап көрінуінің бірден-бір кепілі. Жазушы Смағұл Елубай осы бір түйткілді мәселеге байланысты мынадай пікір айтады: «Менің «Ақбоз үй» романым испан тіліне аударылды. Оған бәріміз қуандық. Кейін сол елдің шығармашылық адамымен кездесіп, кітапты көрсеттім. Сонда ол маған «өте нашар аударма» деді.
Қуанышым су сепкендей басылды. Онымен кім айналысқанын білмедім. Аты-жөнінен де, қандай шығармалар аударғанынан да хабарсызбын. Әрбір елде әдеби агент деген болады. Олар бәрін қадағалап отырады: кітапты қалай тарату керек, қай баспадан шығару керек, қай аудармашыға беру керек. Осының бәрін өз мойнына алады». Шынында, аударма сапалы болмай шықса, жазушының да еңбегі көрінбеді деген сөз ғой. Бәлкім, әдеби аударма ұйымдары мен әдеби агенттіктер құрылып, бір-бірімен бірлесе жұмыс істеуі керек шығар.
Әдеби агенттіктердің шығу тарихына үңілсек, Ұлыбританиядан бастау алғанын көреміз. Қазіргі күні де осы ел әдеби агенттіктердің ең көп шоғырланған ордасы саналады. Бір ғана «Гарри Поттерді» әлемге сыйлаған Джоан Роулингті атасақ та жеткілікті. Жалпы әдеби агенттіктер тарихы қалай басталып еді?
Әлемдегі алғашқы әдеби агенттіктің құрылу тарихы 1875 жылы әдеби агент ретінде жұмыс істей бастаған ағылшын Александр Поллок Уоттың есімімен тығыз байланысты. Ол жазушы Джордж Макдональдқа Лондон баспаларының бірімен келісімшартқа отыруға көмектеседі. 1881 жылға қарай Уоттың делдалдығы айтарлықтай табысты бизнеске айналған. Ал біраз уақыттан кейін A.P.Watt and Company құрылады. Ол құрылған кезден бергі отыз жыл ішінде алғашқы және ең ірі әдеби агенттік болып тарихта қалды. Бұл компания авторлар арасында танымал болды. Өйткені Уотт кітаптарды басып шығаруға қатысты барлық құжаттаманы басқаруды өз қолына алған болатын.
Ол баспалардың, газет-журналдардың авторлық құқығын сатып алуды ұсынды. Уотт келісімшарттың жалпы құнынан 10% тарифтік мөлшерлеме белгіледі, жаңа кәсіптің негізгі принциптері мен заңдылықтарын тұжырымдады. Көп уақыт өтпей Германия, Франция және АҚШ-та авторларға делдалдық қызмет ұсынатын агенттіктер ашыла бастады. Одан кейін Латын Америкасы, Африка, Азия және Аустралияда әдеби агенттіктер пайда болады. Қазір де әдеби агенттіктер дәл осы өз Отаны саналатын Ұлыбританияда жиі кездеседі. Одан кейінгі екінші орында АҚШ тұр.
Бір қызығы, бұл елдер әдебиетті әлдеқашан бизнес көзіне айналдырғанын байқаймыз. Сондай-ақ бұл елдерде ірі баспаларды әдеби агенттіктермен біріктіру үрдісі бар. Баспа корпорациялары әлемдегі ең ірі медиахолдингтердің бір бөлігіне айналуда. Ал бізде ше? Қазақ әдебиетін бизнес көзіне айналдыруға қанша уақыт керек? Соңғы кезде елімізде шетелдік мықты кітаптарды қазақ тіліне аудару үрдісі жолға қойылғаны дәтке қуат береді. Сонымен бірге бірте-бірте қазақша кітаптар да ықшам, тартымды форматта шығуда. Мәселен, осындай кітаптарды басып шығаруды жолға қойған Qasym кітапханасын, әлемдік бестселлерлерді аударып ұсынып жатқан Mazmundama кітаптарын айтуға болады. Бәлкім, елімізде шетелге шығармаларымызды толассыз шығару арман боп қалмай, нарыққа бейімделген әдеби агенттіктер енді пайда болатын шығар...
Тақырыптың тұздығы
Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, әдебиеттанушы:
– Әдеби агенттер, әрине, бізге керек. Өйткені Батыс, Америка, Еуропа болсын, бұл үрдіске баяғыда өтіп кеткен. Бірақ әдеби агенттің өзінің қызметі болады. Оған арнайы ақша бөлінуі керек. Сондықтан бұл жерде негізгі мәселе – автор жазған кітап көп оқылуы, көп өтуі керек. Ол кәдімгі кітап нарығында ойып тұрып өзінің орнын алуы қажет. Сол кезде әр автор, әр жазушы өзіне әдеби агент ала алады, соның қызметіне жүгіне алады. Әдеби агенттің негізгі қызметі – автор жазған шығарманы шетелге таныту, насихаттау, өзге тілдерге аудару мәселесін реттеу, шетелдегі әдеби форум, фестивальдерге сол авторды шақырту, сол сияқты техникалық мәселелерге мән береді.
Қазақстанда әдеби агент ұғымы әлі толықтай орныққан жоқ. Өйткені бізде кітап нарығы да бір жолға қойылмаған. Ақырындап қарқын алып келе жатыр. Мен Қазақстанда бір ғана әдеби агентті білемін. Ол – әдебиет сыншысы Анар Қабдуллина. Болашақта, бәлкім, 10-15 жылдан кейін әдеби агенттер Қазақстанда көп болады. Мәселен, өнерде, театрда, кино саласында болсын арт-менеджерлер бар. Арт-менеджер – ол біздегі әдеби агент секілді. Ол спектакльдің немесе киноның шетелде танылуына, фестивальдеріне енуіне, сол автордың танымалдығын шетелде және өз елінде насихаттау мәселелерімен айналысады. Бізде болашақта әдебиет те сондай үлкен форматқа өтеді деп сенемін.
Ежелгі дәуірдегі патшалардың жанында жылнамашысы жүргендей немесе кеңес кезіндегі үлкен ақын-жазушылардың жанында арнайы хатшылары болғандай, сол секілді әдеби агент деген де заман талабы. Яғни XXI-XXII ғасырдың талабы. Біз қалай болғанда да сол форматқа өтеміз. Жазушының негізгі жұмысы оқылымды шығарма немесе пьеса жазу. Ал әдеби агент соны насихаттайтын тұлға.
Әлішер РАХАТ, жазушы:
– Елімізде әдеби агент қызметін пайдаланатын жазушылар жоқ деп айта алмаймыз. Мысалы, жазушы Сәуле Досжан қазір әдеби агенттермен жұмыс істейді. Сосын марқұм Рақымжан Отарбаев ағамыз әдеби агенттермен жұмыс істеген. Білуімше, Дулат Исабеков те солай жұмыс істейді. Бірақ көптеген жазушыда әдеби агент жоқ. Өйткені Қазақстанда саусақпен санарлық қана әдеби агенттер бар. Дей тұрғанмен де, әдеби агенттіктердің болмауынан олар жеке-жеке жұмыс істейді. Бір шетінен, біздің баспалар авторлармен әзірге кәсіби деңгейде жұмыс істемейді. Сол себепті әдеби агенттер де автордан пайда көре алмайды. Болмаса автордың өзінің есебінен жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені белгілі бір жүйе жоқ болып тұр. Бірақ шетелге шығаруға мүмкіншіліктер жоқ емес. Шетелде таныстары бар әдеби агенттер бар.
Әрине, әдеби агент керек. Онсыз кәсіби әдебиетпен айналысу өте қиын болады. Өйткені автор шығармасын жазумен айналыса ма, жоқ әлде өзін жарнамалаумен немесе кездесулер ұйымдастырумен айналыса ма? Немесе әрбір баспаның табалдырығын тоздырып жүре ме? Оның бәріне кеткен уақытын шығармашылығына арнаған дұрыс. Әдеби агент – ол баспагермен қалай сөйлесу тиіс, қай баспамен сөйлесу керек, қайда ұсыну қажет, қай тілге аударған дұрыс, соның бәрін жақсы білетін кәсіби маман. Оның орнын жазушы алмастыра алмайды деп ойлаймын. Алмастырған күннің өзінде ол көп уақытын жоғалтады.
Үлкен кісілердің көбісі әдеби агентті білмеуі де мүмкін. Меніңше, әдеби агенттер көбейсе бәрі оны жақсы қабылдайды. Өйткені сіздің кәсіби карьераңызды үйлестіруші, сізге жәрдемдесуші адамды қалай жақсы қабылдамауы мүмкін. Бірақ әзірге бізде нақты жүйе болмай тұр. Агенттерден бөлек, агенттіктер ашылған жоқ әзірге. Кәсіби жұмыс істеп отырған агенттіктерді білмеймін. Жекелеген агенттерді ғана білемін.