Жүгенсіз жүргізушілер жеңілдіктен қағыла ма?
Жүгенсіз жүргізушілер жеңілдіктен қағыла ма?
421
оқылды
Елімізде құзырлы органдар тарапынан жүргізушілердің жол көлік ережелерін қатаң сақтауына барынша көңіл бө­лініп-ақ жатыр. Әйтсе де, жол апаты мен оның құрбан­дарының саны азаяр емес. Ендігі кезекте Ішкі істер ми­нистрлігі 1 жыл ішінде жол жүру ережесін 5 реттен артық бұзғандарға айыппұлды толықтай төлету арқылы «тәр­тіпке» шақырмақ. Жүгенсіз жүргізушілердің же­ңілдіктен шектеу жайында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік по­ли­ция комитетінің төрағасының орын­басары Жандос Мұратәлиев айтты. Оның айтуынша, қазір бұл шектеуді енгізудің құқықтық те­тік­тері қарастырылып жатқан көрінеді. – Қазіргі уақытта Ішкі істер ми­нистрлігі қала сыртындағы трас­саларда орташа жылдамдықты арттырғаны үшін көлік құрал­да­рының жүргізушілерін жауапкер­шілікке тарту мүмкіндігін көз­дей­тін түзетулерді пысықтап жатыр. Одан бөлек 1 жылдың ішінде 5-тен көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жүргізушіні айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығы­нан айыру қарастырылмақ, – дейді Ж.Мұратәлиев. Шындап келгенде жол көлік оқиғаларының статистикасы құ­зырлы органның мұндай қадамға баруы бекер еместігін көрсетеді. Тек соңғы 1 аптаның өзінде тәртіп сақшылары жол жүру ережесін бұзудың 46 мыңнан астам фактісін анықтаған. Ережені өрескел бұз­ғандардың ішінде 270 жүргізуші көлік тізгініне мас күйінде отырса, 153 жүргізуші қарсы жолаққа шы­ғып кеткені үшін жауапкер­шілікке тартылған екен. Мұнан бөлек, 7 мың адамның жыл­дам­дықты ша­ма­дан тыс асыр­ғаны белгілі болды. Ал 2022 жылдың қаңтар-сәуір айларының өзінде республика ау­мағында 3,7 мыңға жуық жол апа­ты тіркеліп, 563 адам қайтыс бол­ған екен. Бұл апаттарға негі­зінен жүргізушілердің жылдамдықты арттыруға маневр жасау ереже­ле­рін сақтамауы себеп болатын кө­рінеді. Осыдан-ақ жүгенсіз жүргі­з­ушілерді айыппұлды толық кө­лемде төлету қадамына ведом­­ствоның мәжбүрлі түрде барғаны аңғарылады. Оның үстіне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске өз­гертулер енгізілді. Бұл түзетулер жол көлік ережесін бұзғандарға жазаны мейлінше қатаңдатуды көз­дейді. Салалық ведомство­да­ғы­лар дәл осылай көлік жүргізу­ші­лерінің жауапкершілігін мейлінше арттыруды мақсат етіп отыр. Әйтсе де, сарапшылар айып­пұл сомасын арттыру немесе оны же­ңілдікпен төлеу мүмкіндігінен айы­ру жүргізушілерге сабақ бола­рына сенбейді. Олар дәл осы мә­селеге тереңнен үңілу қажет деген пікірде. Мәселен, техника ғылым­да­рының докторы Жұмажан Жаң­быров жол ережесінің мұқият сақ­талуы үшін қоғамдық бақылау жү­йесін жетілдіруді ұсынады. – Мәселе айыппұлдың көле­мінде немесе оны жеңілдікпен төлеуді шектеуде емес. Жазамен еш­кімді түзете алмаймыз. Мұнда маңыздысы қоғамдық сананы жаң­ғырту. Бізде жол-көлік оқи­­ғасын жүргізуші мен жолаушы­ның немесе тәртіп сақшысы­ның арасындағы мәселе деп қа­былдайды. Ал дамыған шетелдерде жағдай басқаша. Оларда жүргізушілерді, жолаушылармен бірге өзге жүргізу­шілер қоғамдық бақылауда ұстай­ды. Мәселен, Еуропаның көптеген елінде 3 жолақтың жолда 3 түрлі жылдамдық режимі болады. Жүр­гізуші осы режимнің бірін бұзатын болса, ол туралы мәліметті дәл осы бағытпен жүріп бара жатқан өзге жүргізушілер тиісті орындарға ха­барлайды. Демек, жол көлік ере­жесінің бұзылуына ешкім селқос қарамайды. Осындай бақылаудың нәтижесінде жүргізуші де, жолау­шы да жауапкершілік жүгін се­зіне алады, – дейді ол. Ғалымның пікірінше, жол көлік оқиғаларын азайтуда оның сал­дарынан бұрын себебімен күресу нәтижелі болмақ. Оның үс­тіне көлігі барлардың көбі так­сист қызметін ұсынып, күнел­тетін біздің елде айыппұл қарапайым мөлшері онсызда жүргізушінің қалтасына едәуір салмақ салады. Сондықтан да ережені елеме­гендерге бұған дейінгідей салынған айып­пұлды 1 аптаның ішінде жеңілдік­пен төлеу жүйесінен бас тарту қоғам наразылығын туын­датуы да мүмкін. Осы орайда, профессор Жұма­жан Жаңбыров көлік тізгініндегі жүргізушіні айыппұлмен «үркіт­пей» оған жүргізуші куәлігін беру талабын күшейтуге шақырады. – Жүргізушілерді даярлау ісін бір сәтке де назардан тыс қалдыру­ға болмайды. Қазір өз бетінше да­йындалған талапкер емтихан­нан сүрінбесе оған жүргізуші куәлігі беріледі. Бұл дұрыс емес. Бұрын жүргізуші куәлікті автомек­тепті кемі 3 ай оқып барып қана ала­тын. Осы жүйенің қайта қол­да­нысқа енгізілгені жөн деп біле­мін, – дей­ді Жұмажан Жаңбыров. Әрине, жүргізушілердің жа­уапкершілігін арттыру айып­пұл­мен шектелмейтіні анық. Бұл орайда сарапшы айтқан жүргізуші куәлігін беру талаптарын күшейту туралы ұсыныспен келісуге бо­латындай. Жүргізушілерге салынатын айып­пұл көлемін азайтуды ұсы­нып жүрген заңгер Қамиша Ес­мұ­хан­бетқызы қыспаққа алуы­мен қыл­мыс азаймайтынын алға тар­тады. Заңгердің пікірінше, 1 апта ішінде салынған айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу тәжірибесі енгізілгелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азая түсіпті. – Қазір қолымызда әкімшілік құқықбұзушылық үшін салынған айыппұлды 50 пайыздық жеңіл­дік­пен төлеу тәжірибесі енгізілгеннен кейінгі жағдайдан хабар беретін сараптамалық мәліметтер жоқ. Сонда да болса, бұл тәжірибенің құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықты едәуір азайтқанын сеніммен айта аламын. Өйткені жүргізушіге 1 апта ішінде айыппұлдың жартысын төлеу әлдеқайда жеңілдеу. Ал айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу жүйесінен бас тартсақ керісінше оқиға орнынан тәртіп сақшысына пара ұсынып, істі шешуге тыры­сатындар көбейді, – дейді заңгер. Заңгер Қамиша Есмұханбет­қызы да айыппұлды жеңілдікпен төлеуден бас тартумен мәселе ше­шілмейтініне назар аударды. Ол бұл істе қоғамдық сананы қалып­тастыру қажеттігін атап өтті. Әрине, әзірге қолданысқа енгізу жолдары қарастылып жат­қан­дықтан жүгенсіз жүргізушілерге айып­пұлды толықтай төлету тә­жірибесі туралы кесімді пікір айту қиын. Әрі оның жол көлік оқи­ғаларынан сақтаудағы рөліне көз жеткізу де уақыттың енші­сін­дегі дүние. Сонда да болса, құ­зыр­лы органдар жазалаудан бұрын жа­залауға жеткізбейтін жол ізде­гені абзалырақ секілді.

Шынболат АТЫХАНҰЛЫ