Бас көлік прокуратурасы: Көлік комитетінің лауазымды тұлғалары қылмыстық топ құрған
Бас көлік прокуратурасы: Көлік комитетінің лауазымды тұлғалары қылмыстық топ құрған
9,625
оқылды
Көлік инфрақұрылымы – индустриялық экономика мен қоғамымыздың тамырына қан жүгіртетін cала. Сапалы заманауи магистральдарсыз сауда мен бизнестің, экономиканың дамуы мүмкін емес. Алайда көлік қозғалысы жанданған сайын заң бұзатындар, қылмысқа баратындар, тіпті, шетелден контрабандалық тауар тасымалдайтындар тыйылмай тұр. Бас көлік прокуратурасы болса, жыл сайын көптеген заңсыздықтардың жолын кесіп, мемлекеттік бюджетке пайда әкеліп отыр. Мысалы, Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, кедендік құжаттарды қолдан жасау арқылы есепке қойылған 346 автокөлік анықталған. Мемлекетке келтірілген шығын 1,8 млрд теңгені құраған. Көлік бағытында тағы да қандай заңсыздықтар жиі кездеседі? Бас көлік прокуратурасы бұл мақсатта қандай нәтижелерге қол жеткізді? Осы сұрақтарға жауап алу үшін ҚР Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары Жасұлан Бекмырзаұлы Еламановпен сұхбаттасудың сәті түсті. – Жасұлан Бекмырзаұлы, Бас көлік прокуратурасының негізгі міндеті не? Бас көлік прокуратурасының негізгі міндеті – орталық және жергілікті мемлекеттік билік пен басқару органдарының, меншік нысанына қарамастан шаруашылық жүргізуші субъектілердің көлікте (теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су, әуе, қалалық электр, оның ішінде метрополитенде, сондай-ақ магистральдық құбыржол) заңнаманың дәл және біркелкі қолданылуын қадағалау, қылмыстарды болдырмау, анықтау. – Айтыңызшы, еліміз егемендік алғалы бері Бас көлік прокуратурасы Қазақстанның дамуына қандай үлес қосты? Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылында Бас көлік прокуратурасының елдегі заңсыздықтардың алдын алуға, заң бұзу фактілерін анықтап, зерттеуге қосқан үлесі зор. Мәселен, Бас көлік прокуратурасы соңғы екі жылдың өзінде 1374 жұмысшыға 123 млн теңгеге жалақы қарыздарын төлеткізді. Мемлекет пайдасына 2,5 млрд теңге өндіртті. Бюджеттің 17,7 млрд теңгесінің тиімсіз жұмсалуын тоқтатты. Бизнес субъектілері де назардан тыс қалмай, 7 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. 88 заңсыз тексерулердің алдын алу және 28 хабарламаны кері қайтару, 4 құқықтық актінің күшін жою, 500 млн теңгеге негізсіз салынған теміржол қызметі төлемінен босату, 12 қылмыстық іс бойынша бизнес субъектілерін қылмыстық процеске негізсіз тартудың жолын кесу сияқты нәтижелерге қол жеткізді. - Қазақстанда автожол салу процесіне байланысты заң қаншалықты жиі бұзылады? - Орынды сұрақ. Бұл қазір өте өзекті мәселе. Бұған қатысты әлеуметтік желіде және қоғам белсенділері арасында жиі мәселе көтеріледі. Біз өз тарапымыздан мұндай проблемаларға дер кезінде назар аударамыз, тиісті шаралар қолданамыз. Ашығын айтсақ, автокөлік жолын салу бойынша заңсыздықтар жетерлік. Мәселен, Бас көлік прокуратурасының наразылық білдіруімен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2021 жылғы 8 маусымдағы «Жаппай қауіп» терминін айқындау туралы» заңсыз бұйрығының күші жойылды. Бұл бұйрық Мемлекет басшысының шағын бизнесті тексеруге мораториін айналып өтіп, автомобиль, теміржол және су көліктері саласындағы кәсіпкерлердің қызметіне негізсіз араласуға мүмкіндік берген. Нәтижесінде автожол құрылысының заңдылығы тексеріліп, жалпы сомасы 4,3 млрд теңгеге залал келтіру фактілері бойынша 16 қылмыстық іс қозғалды. Мердігерлер мен сенімсіз салық төлеушілер арасында 100 млрд теңге көлемінде қаржылық операциялар анықталды. Олардың кейбіреулері бойынша қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру дерегі расталды. Мемлекеттік кірістер органдары жалпы айналымы 50 млрд теңгені құрайтын 53 компанияның тіркелуін заңсыз деп таныды. Қазіргі кезде біздің тексеру жұмыстарымыздың қорытындысы бойынша 500 миллиард теңгеден астам сомада контрабанданың 15 фактісі тергеліп жатыр. Прокурорлардың қадағалауымен, бірқатар күрделі қылмыстық істер аяқталды. Олардың ішінде «КТЖ Экспресс» АҚ-на байланысты 2 млрд теңгені жымқыру қылмысы бойынша 1,3 млрд теңге өтелді. 346 автокөлікке жалған құжат жасалып, есепке қойылғаны анықталды. Мұнда мемлекетке 1,8 млрд теңге шығын келген. Кейбір тұлғалардың өз өкілеттіктерін теріс мақсатта пайдаланғаны да әшкере болды. Бұл тұрғыдан тергеу процесі басталды. Одан бөлек, уақытша сақтау қоймаларында ұзақ уақыт бойы тағдыры шешілмей келген құны 1 млрд теңгенің тауары анықталды. Бүгінде 700 млн теңге құрайтын тауар мемлекет пайдасына тәркіленіп, қалғаны бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Бір ескерерлік жайт, бұл қылмысқа Көлік комитетінің лауазымды тұлғалары басшылық еткен. Лауазымды тұлғалардан құрылған қылмыстық топ әшкереленді. Яғни, Көлік комитетінің лауазымды тұлғалары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Қостанай, Жамбыл, Түркістан облыстарының аумағында көліктің техникалық байқаудан өткені туралы жалған құжат жасаған. 2017 жылдан бастап олар 260 мыңнан астам жалған диагностикалық карта жасаған. Олар осы мақсатын іске асыру үшін шамамен 30 жалған компания құрған. – Көлік арқылы жасалатын заңсыздықтарды анықтауда цифрлық технологиялар қаншалықты тиімді? – Цифрлық технологиялардың тиімділігі дәл қазіргі кезде жоғары десек болады. Мемлекет басшысының қылмыстық процесті цифрландыруды жалғастыру қажеттігі туралы тапсырмасы аясында қылмыстық істердің электронды форматта жүргізу үлесі артып келеді. Әсіресе, үш буынды тергеу моделі жүйелі түрде жолға қойылды. Жаңа форматтағы тергеуді одан әрі жетілдіру мақсатында «дала жағдайында тергеу әрекеттерін жүргізу» экспериментін іске қосуға бастамашылық жасадық. Оның қолданылуы сынақтан сәтті өтіп, республиканың бүкіл аумағында іске асыруға дайын екенін көрсетті. Жүйелі проблемаларды шешуге бағытталған қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде 10-нан астам ұсыныстар Бас прокуратурада қолдау тапты. – Бас көлік прокуратурасына көбінесе заңсыздыққа ұшыраған кәсіпкерлер жиі жүгінетін шығар? – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 4 қыркүйектен бастап прокуратураның қадағалауы бизнес проблемаларын тиімді шешуге қайта бағытталған. Өйткені уақытылы көмек – бизнестің шығынға және банкротқа ұшырамауына мүмкіндік береді. Осы мақсатта 24/7 режимінде көлік прокуратурасы органдарының 25 мамандандырылған мобильді тобы жұмыс істейді. Тәжірибелі қызметкерлер барлық аймақтағы кәсіпкерлердің әрбір шағымын жіті зерделейді. Нәтижесінде бізге арызбен жүгінетін кәсіпкерлер көбейді. Бизнес иелері тарапынан өтініштер 65%-ға өсті. Кешенді жұмыспен 16 мыңнан астам бизнес субъектілерінің құқықтары қорғалды. Бұған 30 млн теңге көлемінде айыппұлдан босату, 3 мың кәсіпкерге өтемақы тарифін енгізу, 88 заңсыз тексерудің алдын алу, 4 құқықтық актінің күшін жою кіреді. – Шекарадан көлік арқылы көбінесе қандай тауарлар заңсыз  тасымалданады? Көбіне киім-кешек, косметика, тұрмыстық заттар. Бүгінде мұндай біршама заңсыздықты анықтадық. Қытай шекарасы арқылы келген декларацияланбаған тауарларды анықтап, осы бағыт бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Мысалы, Кедендегі тексеріс арқасында теміржол вагонымен жеткізілетін декларацияланбаған құны 106 млн теңгені құрайтын тауар анықталды. Әлгі тауардың көбі әйелдер мен ер адамдардың сырт киімі және жиһаздар. Осы декларацияланбаған тауарды дер кезінде анықтаудың нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 32 млн пайда түсті. Осы факт бойынша ҚК-тің 234-бабы 2-бөлігі 4-тармағына сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі таңда тергеу басталды. – Көлік арқылы жасалатын қылмыстардың арасында қандай қылмыс түрі көп? Көлікте жасалатын қылмыс деңгейі 8,1% (963-ден 1041-ге) көбейді, оның ішінде қылмыс 12%-ға (527-ден 590-ға) және теріс-қылық 3,4%-ға (436-дан 451-ге) өскен. Аса ауыр санаттағы қылмыстар (19-дан 19) және орташа санаттағы қылмыстар (331-ден 331) бірқалыпты тіркелген. Онша ауыр емес қылмыстар 8,6% (107-ден 176-ға) азайды. Мысалы, ұрлық –19,1% (293-ден 349-ға), алаяқтық – 43,5% (23-ден 33- ге), тонау –100 (2-ден 4-ке). Қаңтар оқиғаларына қатысты полиция органдары 162 сотқа дейінгі тергеуді бастады (немесе жалпы тіркеудің 18%).  Жаппай тәртіпсіздік пен тонауға қатысқан 52 күдікті тұлға ұсталды. Соның ішінде сотқа 12 (кәсіпкерлердің мүлкін ұрлау фактілері 43 эпизоды бар іс) қылмыстық іс жолданып, оларға айыптау үкімдері заңды күшіне енген. Сонымен қатар, көлік аумағының ерекшелігіне байланысты көп қылмыстар пойызда жасалады. Атап айтар болсақ, пойызда ұсақ-түйек заттарды ұрлау көп тіркеледі. Оған қоса, көлікте есірткі заттарына байланысты қылмыстар жиі кездеседі. – Сұхбатыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан: Шапағат СЕРДӘЛІ