Декреттегі әкелер: жәрдемақы үшін "ар" пида
Декреттегі әкелер: жәрдемақы үшін "ар" пида
Коллаж: Елдар Қаба
1,898
оқылды
2021 жылы 3 500 ер адам декретке шыққан. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметінше, 2019 жылы – 2 306, 2018 жылы – 43 081, 2017 жылы 23 054 ер-азамат бала күтіміне байланысты демалыс алған екен. Салыстырмалы түрде соңғы жылдары декретке шығатын азаматтар азайған. Мамандар мұның себебін әлеуметтік сақтандыру қорының тарапынан тексерістің күшейтілгенімен түсіндіреді. Бастапқыда үйінде жұмыссыз отырған әйелдер табысы тәуір күйеуінің атынан жәрдемақы рәсімдеген. Құжат жүзінде декреттік демалысқа шыққан азаматтардың жалақы алу фактілері тіркелген. 2017-2018 жылдары көрсеткіштің жоғары болуының себебі сондықтан болса керек. Бірақ күйеуінің атына жәрдемақы рәсімдеп, оған қоса оның жалақы алуы заңға қайшы. Сақтандыру қорының директоры Нұрсұлу Кемелдің айтуынша, қызметкердің бала күтіміне байланысты жәрдемақы рәсімдеп, бірақ жұмысын жалғастырып жүргені белгілі болса, ол міндетті түрде заң аясында жауапқа тартылады. Былтыр екінші сәбиін босанған Нұрсұлу есімді кейіпкеріміз мемлекеттен әлі күнге дейін жәрдемақы ала алмай жүргенін айтады.
«Достарымыз: «Күйеуің жұмыс істейді, әлеуметтік аударымдары бар. Жәрдемақыны жолдасыңа рәсімде, біз сөйттік. Әжептәуір ақша алып отырмыз, ал күйеуім жұмысын істеп жүр» деп кеңес берді. Шын мәнінде, күйеуі үйде отырмағанын өзім де көріп жүрдім. Сөйтіп, барлық құжатты жинап, жолдасымның атына жәрдемақы рәсімдедік, қабылданғаны туралы қолхат та алдық. Алайда күні бүгінге дейін жәр демақы түскен жоқ. Өйткені күйеуімнің жұмыс орны жәрдемақы рәсімдемей қойды», – дейді ол.
Еңбек кодексінің 99-бабына сәйкес, демалыстың екі түрі болады. Біріншісі – жүктілікке және босануға байланысты демалыс, ол қызметтегі жүкті әйелдерге беріледі. Еңбек кодексінің 99-бабының 2-тармағына сәйкес, жүкті әйелге еңбекке уақытша қабілетсіз екенін растайтын парақ беріледі. Оның негізінде қызметкер декреттік демалысқа шыға алады. Жүкті әйелге босануға дейін күнтізбелік 70 күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік 56 (қиын босанғанда немесе екі немесе одан көп бала туған жағдайда – 70) күнге демалыс беріледі. Ал екіншісі – бала күтіміне байланысты берілетін демалыс, оны баланың анасы, әкесі немесе заңды асырап алған адам алады. Осы кодекстің 100-бабына сәйкес, бала күтіміне байланысты демалысты кімге рәсімдейтінін отбасы мүшелері өзі шешеді.   ДЕКРЕТ ДЕМАЛУ МА? Бүгінде түрлі жағдаймен декретке шығып жатқан отбасылар бар. Мәселен, Сымбат – жұмыссыз, үйде отырған ана. Ал күйеуі – дәрігер. Былтыр үшінші баласын босанғанда бала күтіміне байланысты декреттік демалысты жолдасының атына рәсімдеген.
«Соңғы жылдары Президенттің тапсырмасымен дәрігерлердің жалақысы едәуір көбейді. Жолдасым пандемия кезінде күні-түні ұйықтамай жұмыста болды, соның себебінен бе жүйкесі шаршап, денсаулығы сыр беріп жүрді. Ол жұмыссыз, біз мүлдем күн көре алмай қаламыз, бірақ қалайда демалыс, емделу керек. Жұбайым екеуіміз ақылдаса келе, декреттік демалысты оның атына рәсімдейтін болып шештік. Қазір айына 134 мың теңге аламыз. Балаларды өзім бағамын, үй шаруасындамын. Жолдасым күніне 3-4 сағат такси жүргізіп, табыс тауып келеді. Есесіне емделуге уақыты бар әрі жүйкесі тыныш. Декреттік демалыстағы ер-азамат кез келген уақытта басшылығына ескертіп, жұмысқа шыға алады. Емі толық біткен соң жұмысына шығады», – дейді Сымбат.
ҚР заңнамасына сәйкес, декреттік демалыстағы адам бала үш жасқа толмай тұрып, кез келген уақытта жұмысқа шыға алады. Бұл туралы жұмыс берушіге бір ай бұрын ескертсе жеткілікті. Тіпті, демалысты үш жылға рәсімдеп, кейін жұмысын аяқасты жалғастыру керек болса, ата-анаға мүмкіндік беріледі. Тек Еңбек кодексінің 100-бабы, 4-тармағына сәйкес, жүктілікке және босануға байланысты демалыс алғанда мерзімінен бұрын жұмысқа шығуға рұқсат етілмейді. Ер адамның бала күтімі бойынша демалыс алу құқығы туралы Еңбек кодексінің 195-бабында тарқатылып жазылған. Декреттік демалыстағы ер- азамат ай сайын бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлем алады. Бала босануына байланысты тағайындалатын бір реттік жәрдемақы баланың анасына ғана беріледі, кейінгі бір жасқа дейінгі төлемді декреттік демалысқа шыққан ер адам ала алады. Бұл уақыт аралығында оған жалақы төленбегенімен, жұмыс орны сақталады. Декреттік демалысты қызметтегі отбасы мүшесінің атына рәсімдеу тиімді. Өйткені жәрдемақы көлемі орташа жалақының шамамен 40 пайызына тең.   ЖҰМЫССЫЗҒА ЖӘРДЕМАҚЫ ДА КӨМЕК Алайда әйелінің табысы жоғары болғаны үшін декретке шығатын ер-азаматтар да бар. Мәселен, 34 жастағы Сағымхан – декреттегі әке. Ерназар есімді ұлын бағып отырғанына 1,5 жылға жуықтады. Одан үлкен ұлы Әлиханды балабақшаға тасиды.
«Алматы облысының тумасымын. Ауылда жұмыс жоқ, әкеммен мал бағатынбыз. Әкем өмірден өткен соң малды жөнді ұстай алмай, сатып-сойып тындық. Одан соң жұмыс іздеп, Алматыға келдім. Содан жалданып әр жұмыста жүрдім. Бірде танысым арқылы күзетшілердің компаниясына тіркеліп, арнайы курстан өттім. Еліміздегі банктердің біріне күзетші болып жұмысқа тұрдым. Жалақым көп емес еді, 83 мың теңге қолыма тиетін. Бойдақ күнімде қаладағы таныс жігіттермен бірігіп, пәтер жалдап тұрдым. 2016 жылы үйлендім. Әйелім екеуіміз бөлек пәтер жалдадық. Жұбайым – есепші, жоғары білімі бар. Жалақысы менікінен 2,5 есе көп. Сәбилі болмай тұрған кезімізде екі жақтап жұмыс істеген соң айлық табысымыз күн көрісімізге емін-еркін жететін. Тұңғышымды екі жылдай күттік. Үшінші жылға кетіп бара жатқанда ата-ана атандық. Декретке әйелім шықты. Көптен күткен тұңғышымыз болған соң әйелім баланы ешкімге сеніп тапсыра алмаса керек. Оның үстіне, үйде бала бағып отыруға еркектік намысым жібермеді. «Сендерді өзім асыраймын» деп кесіп айттым, жұбайым да көп қарсылық білдірмеді. Әйелім үйде отырған соң қатты қинала бастадық, ары тартсаң бері жетпейді. Қосымша жұмыс іздедім, жоғары білімің болмаған соң жалақысы көңілден шығатынын табу қиын. Баламыз 1 жасқа толмай жұбайым жұмысқа шықты, тұңғышымызды бірде мен, бірде әжелері қарады. Оны ары-бері тасып жүргенде, жиі ауыратын болды. 2,5 жылдан кейін кішіміз Ерназар дүниеге келді. Ол уақытта намысты жиып қойып, декреттік демалысқа өзім шықтым. Әйелім жүкті екенін білген уақытта оған бас есепші болуды ұсынды, жалақысы едәуір көп. Содан бастап ол маған декретке шығу туралы айта бастады. Жас емеспін, тәжірибем де бар, келістім. Жұбайым таңертеңгі 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Түскі ас кезінде үйге келіп, баланы емізіп кетеді. Бесіннің уақытында баламды оның жұмысына апарып, тойдырып аламын. Оған дейін балаларға арналған қоспа ішеді. Дәрігерлердің қабылдауына, массажға өзім апарамын. Бала бағуға үйреніп те қалдым», – дейді Сағымхан.
Жұмыс істемей декреттік демалысқа шыққандарға бала кезегіне қарай бiр жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі. Бірінші балаға 5,76 АЕК немесе 17 642 теңге, екінші балаға 6,81 АЕК немесе 20 859 теңге, үшінші балаға 7,85 АЕК немесе 24 044 теңге және төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін – 8,9 АЕК немесе 27 260 теңге. Декретке шыққанға дейін жұмыс істегендердің бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемі орташа жалақыға байланысты. Соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы алынады. 2022 жылы әлеуметтік төлем сомасы 168 000 теңгеден аспауға тиіс. Бұл 7 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) шегінің 40 пайызын құрайды. P.S. Deloitte америкалық компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес, 1 жасқа дейін әкесінің тәрбиесінде болған балалар қатарластарына қарағанда ерте дамитын көрінеді. Олар ерте еңбектеп, жүріп бастайды, тілі де ерте шығады екен. Қатарластарымен тез тіл табысып, балабақшаға, басқа ортаға тез бейімделеді. Тақпақ жаттау, ертегінің мазмұнын айтып беру қабілеті де жоғары болған. Бұған қоса, декреттік демалысқа шығып, бала тәрбиесімен айналысқан әке ұл мен қызына тең қарайды екен. Ал бала бағумен айналыспаған ер-азамат көбіне ұлына жақын болатыны көрсетілген. Бұл зерттеу балаға анасы жақсырақ қарайды дейтін стереотипті бұзған. Соған қарамастан елімізде еразаматтардың басым бөлігі экономикалық тиімділігі болған жағдайда, болмаса денсаулығына байланысты декреттік демалысқа шығады. Басқа жағдайда «бала бағу – әлмисақтан әйелдің ісі».  

Айдана НҰРМҰХАН