Бүгінде корей халқының өмірі мен мәдениеті әлемдік өркениеттің көш басында тұр. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Қазір жасөспірімдердің арасында дорама көрмейтіні, корей косметикаларын тұтынбайтыны, корей асханаларынан тамақ ішіп, k-pop әндерін тыңдамайтыны кемде-кем. Ендеше ғылымда Hallyu деп аталатын «корей толқыны» біздің өміріміздің айнымас бір бөлшегіне айналып үлгерді. «Корей толқыны» феномені 90-жылдары Оңтүстік Корея жерінен бастау алған. Ол, ең алдымен, Қытай мен Тайваньға әсер етті. Содан біртіндеп Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне тарап, бүгінде дүниежүзіне танылды. «Корей толқыны» құбылысының мәні – корей елінің поп-мәдениетін, атап айтсақ киносын, телехикаясын, музыкасын, тағамын, киімін, жауынгерлік өнерін дәріптеу. Батыс әлемі «Корей толқынын» феномен ретінде қарастырып, талдай бастағанына біраз болды. Бастапқыда бұл құбылысты мәдениеттанушылар мен киносыншылар «уақытша мәдени науқан» деп бағалаған. Алайда жыл өткен сайын қарқыны қатты «корей толқыны» күшейіп, сарапшылардың қателескенін дәлелдеді. «Халлю» жаңа белестерді бағындырып, корей мәдени экспорты ұзақмерзімді даму жолына түсті. Тіпті, Корея Республикасы елдегі өндірісті, Samsung, LG секілді ірі компанияларды бастапқыда қалай қолдаса, мәдени революцияны да өзінің қамқорлығына алған. Сол алпауыт бизнестерге елдегі «поп» мәдениетті дамыту, қаржылай қолдау сеніп тапсырылған көрінеді. КИНОДАН МОЛ КІРІС «Көрермендерді неге корей телехикаялары қызықтырады?» деген сұрақ қоғамда жиі талқыланады. Мұның себебін мамандар, корей телехикаяларында атыс-шабыс жоқ, саяси мәселені көтермейді, кішісі үлкенді сыйлайды, қыз-келіншектері ашық-шашық киінбейді десе, этнограф-ғалымдар қазақтар мен корейлердің дәстүрлі мәдениеті мен өмірге көзқарасы ұқсас екенін айтады. Тіпті, отандық кинотанушылар корей кинодраматургтері туралы сөз болғанда, көркем фильмнің сценарийін өмір шындығына барынша жақын етіп жазады, үлкенді сыйлау, кішіге ізет, досқа адалдық дейтін адами қасиеттерді жағымды да шынайы көрсетеді деп бағалайды.
– Корей мәдениеті ғаламдық феноменге айналды. Корей эстетикасы: перформанс, режиссура, драматургия, актерлік ойын, операторлық өнер, дыбыс режиссурасы, монтаж өнері, суретшілік, костюм мен мейкап, яғни креативті индустрияның барлық аспектісі сапалы жасалады. Сондықтан да визуалды тұрғыдан тартымды ғана емес, экспрессивті, әсерлі. Көтерілетін тақырыптарын қараңыз, ескі жүйемен күрескен батыр қыздар болсын, заманауи бай мен кедейдің арасындағы тартыс болсын, өзінің кім екенін білмей күмәндану, тамырына үңілу болсын, бірнеше буынға жалғасқан травмаларды игеру болсын – бәрі адамзатқа тән мәселелер, – дейді киносыншы Әсия Бағдәулетқызы.Оның айтуынша, корей дорамаларында көрсетілетін кейіпкерлер арасындағы эмоционалды байланыс күшті. Әркім өзінің виртуалды әлеміне сүңгіген, фрагменттелген, адамдар арасы ажырай бастаған бүгінгі дәуірдің адамы өз өміріне жетіспеген күшті эмоцияларды кино кейіпкерлерінен алады. Тартымдылықтың бір сыры осында.
– Жалпы, корей косметикалары, ұлттық тағамдары мен мәдениеті осы дорамалар арқылы тарап отыр. Қазір Кореяда пластикалық медицинаға деген сұраныс жоғары. 90-жылдары Кореяға тек 100 мыңдай турист барса, қазір миллиондаған турист барады. Олар пластикалық операция жасатқаннан бөлек, тек концерт көру үшін, дорамаларды түсірген жерлерді тамашалау үшін келеді. 2010 жылдан бері корей феномені бүкіл әлемді жаулай бастады. Оңтүстік Кореяның жүргізіп отырған саясаты – жұмсақ күш саясаты. Яғни, өзінің сүйкімді, жағымды имиджін қалыптастыру арқылы жеке мүддесін басқаға тықпалайды. Ол саяси немесе экономикалық мүдде болуы мүмкін, – дейді Сәния Баженеева.«К-РОР» -ты ӘЛЕМ ТЫҢДАЙДЫ