«Вокзалда пойыз күткенде отыратын орындық та жоқ» – Шымкентке барған жолаушылардың жанайқайы
«Вокзалда пойыз күткенде отыратын орындық та жоқ» – Шымкентке барған жолаушылардың жанайқайы
Фото: otyrar.kz
862
оқылды
Жаз – демалыс мезгілі. Сондықтан теміржол вокзалдарында жолаушылардың қарасы көп. Қазақстандағы ең ірі мегаполистің бірі – Шымкент қаласының теміржол вокзалында жолаушыларға жағдай жасалмаған. Бұл туралы жергілікті otyrar.kz жазды. Шымкент қаласына келіп-кететін немесе жолай өтіп бара жатқан жолаушылар үшін вокзалдағы келеңсіз көріністер шырайлы қаланың сиқын бұзып тұр.    width= Атырау облысынан Шымкентке келіп, №77 пойызды көшеде күткен жолаушы Гүлзия Ерғалиева аптап ыстықта вокзал іші тымырсық, тіпті пойыз күтіп отыратын орындық та жоқ екеніне шағымданды. Жолаушылардың жаяу жүргіншілер жолының жиектасына, өзінің сөмкесіне отырудан басқа амалы жоқ.
«Бала-шағамызбен Сарыағашта демалдық. Шипажайға дән ризамыз. Бірақ демалыстағы көңіл күйіңді жол азабы бұзады. Теміржол вокзалында жолушылар үшін жағдай жасалмағаны қынжылтады. Вокзалдың ішінде пойыз күтіп отыру мүмкін емес. Осы аптап ыстықта ауа жоқ. Жолаушылар сауда дүкендері мен жекеменшік кассалардың төңірегінен пана іздеп жүр. Қаласы әдемі болғанымен, теміржол вокзалына келгенде көңілің су сепкендей басылады», – дейді жолаушы Гүлзия Ерғалиева.
 width= Вокзалға келген Жетісай тұрғыны Ханшайым Мамытова да көлік күтіп отыратын орындық таппағанына қынжылады.
«Отыратын орындық іздеп шаршадым. Шаршаған соң өзімнің сөмкемнің үстіне жайғастым. Тым құрыса, отыратын орындық орнатып қойса, жолаушыларға ыңғайлы болар еді», – дейді көпбалалы ана Ханшайым Мамытова.
Сондай-ақ вокзалдағы дәретхана, көпшілік тамақтанатын орындарының жұмысы, орналасуы да сын көтермейді. Шенеуніктердің вокзалдағы мәселеден хабары бар. Шымкенттің теміржол вокзалы 10 жылға сатып алу құқығынсыз жеке кәсіпкердің басқаруына берілмек. Алайда жолаушылардың жанайқайын тыңдай ма? Күрделі мәселенің шешімі табылар-табылмасы уақыт еншісінде. Бұған дейін Шымкент вокзалының маңында токқа түскен қыз туралы жазған болатынбыз.