Президент Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты қабылдады
Президент Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты қабылдады
361
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен биылғы 7 айда атқарылған жұмыстың қорытындылары туралы баяндалды, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Облыс әкімінің мәліметіне сәйкес өңірдегі өзекті мәселенің бірі – су қорымен, соның ішінде ауыз сумен қамтамасыз ету. Атап айтқанда «Астрахан – Маңғышлақ» суқұбыры арқылы келетін және басқа да су тұщыту қорларынан алынатын су мөлшері мамыр айынан бастап қыркүйектің соңына дейінгі аралықта тұтынушылардың қажеттілігін толық өтей алмай келген.
Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысының Маңғыстау өңіріне барған сапарында облыстағы ауыз су мәселесін шешу туралы тапсырмасына сәйкес атқарылған жұмыс нәтижелерін жеткізді. Қазір «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщытатын қондырғылар іске қосылып, осы бағыттағы бірқатар мәселенің шешімі табылған.
Ақтау қаласындағы су тұщыту зауытында жыл соңына дейін 20 мың текше метр суды тазартатын қондырғы іске қосылу керек болса, соның 5 мың текше метрі қазірдің өзінде тұщытылып беріліп жатқаны айтылды. Облыс әкімінің айтуынша, жеке инвестициялар есебінен таза су көлемі әлі де ұлғайтылады.Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауылшаруашылығы саласындағы оң өзгерістер туралы баяндалды. Маңғыстау облысының әкімінің мәліметтеріне қарағанда былтырғы қуаңшылықтан кейін Үкімет пен жергілікті атқарушы органның бірлесіп атқарған шараларының және биыл молынан түскен жауын нәтижесінде шаруалардың жем-шөп дайындау жұмыстарында қиындық жоқ. Өңір басшысы облыста отандық және шетелдік туристер санының артқанын жеткізді. Кездесу соңында Президент аталған бағыттар бойынша жұмыстарды одан әрі жетілдіріп, облыстағы тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуді тапсырды.