«Зауытқа 1990 жылдары жұмысқа келдім. Алғашында шебер болып бастадым. Содан бері зауыттың жұмыс ырғағын сақтап қана қоймай, өнім көлемін арттыруға да қол жеткіздік, мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорнымыз жаңғыртудан өтті», – дейді тәжірибелі маман, технолог Валентина Курбак.Зауыт 2015 жылы «Өндіріс-2» мемлекеттік бағдарламасының «Даму» бағыты бойынша жеңілдікпен 171 миллион теңге несие алып, осы қаржыға заманауи құралдар орнатыпты.
– Сары май өндірісі қашаннан шығыны көп өндіріс болып саналатындықтан, осы өнім үшін субсидия аламыз. Бір келі май алу үшін 25 литрдей сүт керек. Қазір 1 келі сары майды дайындауға шамамен 5 300 теңге кетеді. Бұл электр энергиясын тұтыну мен жолға кететін шығындарды қоспағандағы есеп. Ал мемлекеттік қолдаудың көмегімен біз дайын майдың келісін 4 мың теңгеден сатамыз. Әрине, бұл да арзан емес, бірақ біз өз өнімдеріміздің сапасына кепілдік береміз. Біздің майымыз – таза, былайша айтқанда, әжелеріміздің ешқандай қоспасыз табиғи жолмен дайындайтын сары майы. Өкінішке қарай, Талдықорған қаласындағы сауда дүкендерінде Текелінің майы деп 1 600 теңге мен 2 000 теңгенің аралығында сапасы төмен майларды саудалайтын көрінеді. Сатушылардан неге олай жасайтынын сұрағанда, олар «Текелі сүт зауытының майы» десек, тауар тез өтеді дейді. Бірақ бұл біздің беделімізге нұқсан келтіреді. Біз сапасыз өнім шығармаймыз , – дейді Денис Дё.Өткен жылдан бері зауыт ассортиментті көбейтіпті. Жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысында халықтың тұзды айранға деген сұранысы көп екені анықталып, алғашынды бірнеше түрін жасап көреді. Ақыры таңдау дәмі неғұрлым үй айранына ұқсасқа түсіпті. Құрт та шығара бастады. Кәсіпорынға құрт жасауды жақсы меңгерген жергілікті әйелдердің бірін шақырып, ол үй жағдайында құрттың қалай жасалатынын түгелдей көрсетіп береді. Қазір құрт өндірудің көлемі шағын. Сұраныс артып жатса, көбейту де ойында бар. Кейінгі жылдары өнімнің сыртқы қаптамасына да көп көңіл бөліне бастады. Қазіргі қаптамалар дизайнын Алматы қаласындағы жастар ұйымы әзірлепті. Олар алдымен Текеліге арнайы келіп, өнімнің сапасына көз жеткізген. Алған жақсы әсерлері дизайн жасауда жаңаша серпін бергендей. Зауыт ұжымы бірнеше нұсқаның ішінде қызылды-жасылды түстермен көркемделген, Текелі тауларының шыңы мен сүт тамшыларын әдемі үйлестіре сызған дизайнға тоқталды. Кәсіпорын сұйық өнімдерге арналған финпак пен пластик стақандарды Ресейден сатып алады. Қазір олардың бағасы 2-2,5 есе өскен. Жол тасымалы да қымбаттаған. Тек мемлекет қолдауының арқасында қиындықты еңсеріп отыр. Қазір зауытта 50 адам жұмыс істейді, олардың орташа жалақысы – 90 мың теңге. Жұмысшыларға тегін таңғы ас пен түскі ас беріледі.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы