Сочи сапары: қандай ой түйдік?
Сочи сапары: қандай ой түйдік?
© коллаж: Әсел Балтақызы
618
оқылды
Кейінгі күндері қазақстандық күн тәртібіндегі басты саяси оқиға – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сочиге сапары болды. Онда Қазақстан Президенті Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті. Ақорда да, Кремль де қысқа ақпаратпен шектелді. Сапар соңында ешқандай құжатқа қол қойылмаған. Сонда бұл сапардың маңызы, қажеттілігі неде? Сарапшылар пікіріне құлақ түрсек.   Аспанды торлаған бұлт сейілді ме? Сапардың негізгі түйінді сөзін Қ.Тоқаев айтты: «Біздің ынты­мақ­тастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға негіз жоқ!» Бұл сапарға Мәскеудің баса мән бергені байқалды. Кездесудің ақ­парат құралдары үшін ашық, жа­рия бөлігін көршінің басты фе­дералдық арнасы «Россия24» та­рат­ты. Ре­сейлік журналистер қос пре­зидент­тің қол алысумен шек­тел­мей, құшақ айқастырғанына назар аудартып жатты. Сарапшылар биік деңгейдегі келіссөздердің жы­лы, достық ауанда өткенін нықтады. Қазақстан Президентінің бас­пасөз хатшысы Руслан Желдібай­дың жазғанына қарағанда, Сочиде ұзаққа созылған жеке кездесудегі келіс­сөздің қорытындысына Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңілі толыпты. Мемлекет басшысының пікірінше, келіссөз өзара сенім әрі іскерлікпен ерекшеленген айрық­ша достық атмосферада өтті. Пре­зидент сау­да-экономикалық, ин­вестициялық және гуманитарлық ынтымақ­тас­тыққа, екі елдің ха­лықаралық аре­надағы өзара іс-әрекетіне қатысты барлық мәсе­лелер жан-жақты тал­қыланғанына екпін түсірген. Мемлекеттер бас­шылары уағда­ластықтарды екі ел үкіметтерінің тұрақты түрде жүзеге асыруы ма­ңызды деп түсінеді. Олар тұрақты жұмыс байланыстарын жалғас­тыруға келісіп тарасты. Қазан айында олардың қаты­суымен елордада ТМД саммиті, ал 15-16 қыркүйекте Самарқанда ШЫҰ саммиті өтпек. Қос мем­ле­кеттің қорғаныс ведомстволары биыл ҰҚШҰ аясында қазақстандық «Мәтібұлақ» полигонында бірлес­кен әскери жаттығуларды дайын­дап жатыр... Қ.Тоқаев пен В.Путиннің бұған дейінгі кездесуі биылғы маусымда, Петербор экономикалық форумы аясында өткен. Сонда Қазақстан ли­дерінің әрбір сөзін шетелдік ақ­парат құралдары цитатаға таратып әкетті. Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­ның квазимемлекеттік аумақ­тар­дың тәуелсіздігін Қазақстанның мойындамайтыны, Батыстың Ре­сейге қарсы енгізген санкцияларын бұзбай, сақтайтыны туралы мәлім­демелері сенсацияға айналып, сарапшылар тарапынан батыл әрі тәуелсіз саясаттың нышаны ретінде бағаланды. Содан кейін ресейлік кейбір насихат құралдары Қазақ­станды нысанаға алып, түрлі жала жапты. Каспий құбыр консор­циу­мы құбырының жұмысы тоқырады. Сондай-ақ Д.Медведевтің Қазақ­стан мен Грузияға қатысты әлеу­меттік желідегі жазбасына қатысты жанжал туындады. Осының бәрі Қ.Тоқаевтың осы жолғы сапарына деген қызығушылық отына май құя түскендей болды. Яғни, Петербордағы кездесу біршама шиеленісті ауанда өтсе, Сочидегі кездесудің жылы шырай­лы атмосферада өткенін, одақ­тастар арасында салмақты келіс­пеушіліктер жоқтығын қос тарап та барынша паш етуге тырысты. Бұл дұрыс та, әйтпесе, кейбір шет­елдік са­рапшылар қос мемлекет ара­сында қарулы жанжал тууы мүмкін дегенге дейін барған. Ақорданың хабарлауынша, Сочи кездесуінде мемлекеттер бас­шылары Қазақстан-Ресей страте­гиялық әріптестігінің өзекті мәсе­лелерін жан-жақты талқылаған. Бұл ретте сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақ­тастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.
«Мен сізді көргеніме өте қуа­ныштымын. Күн тәртібінде тұрған мәселелер көп, оларды тыныш, іскерлік, достық ауанда талқылауға мүмкіндік туғанына өте қуаныш­тымын», – деп қайта-қайта қуану­мен болды В.Путин. Президенттер ресми және бейресми жағдайда, түскі ас үстінде емен-жарқын, оңаша әңгімелескен.
  Кремль көпвекторлы саясатымызға көнді ме? Мәжіліс депутаты, «AMANAТ» фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұлдың байламынша, Мем­лекет басшысы тәуелсіздігіміздің тірегіне, мемлекеттігіміздің те­мірқазығына айналған көп бағытты сыртқы саясатты Жаңа Қазақ­станның жақтайтынын әрі сақтай­тынын анық білдірді.
– Қазақстан Мәскеумен бірге санкцияның астында қалған Бе­ларусьтің қателігін қайталамайты­нына сенімім мол. Бірақ бұл стра­т­егиялық серіктестің бірі сана­латын Ресеймен араздасу, ат құй­рығын кесу керек дегенді білдір­мейді. Қазақ билеушілері, Ұлы даланы ен жайлап, еркін көсілген халқымыз әрдайым кеңдігін көр­сетіп, көпбағдарлы саясат ұстанған. Тіпті, үш ғасыр қырылысқан жоң­ғарлармен Абылай хан дәуірінде одақтасып, сыртқы жаумен бірге соғысқаны тарихтан белгілі. Та­рихтан алатын сабағымыз: бірін­шіден, өз халқымыздың бірлігін нығайта түсуге, екіншіден, Қарулы күштерімізді заманауи қару-жа­рақ­пен қамтамасыз етуге, үшіншіден, барлық көршімен достық қарым-қатынасымызды сақтауға тиіспіз. Жаңа Қазақстан осы үш ұстынды нығайтады. Сондықтан Президен­тіміздің Сочиден оралған соң Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, отандық қаруды өндіру мен сатып алу мәселелерін пысықтауы бекер емес, – деді Бақытбек Смағұл.
Оның пікірінше, Мәскеу Қа­зақстанның көпбағдарлы сыртқы саясат жүргізетініне көнді. Бұл біз­дің әскери қуатымызды артты­руға әрі экономикалық дамуы­мыз­ды өрістетуге мүмкіндік береді. Соның дәлеліндей, ертең Мем­лекет басшысының Бакуге сапары күтіліп отыр. Әзербайжан санкция салдарынан оқшауланған Ресейді айналып өтетін баламалы жол­дарды дамытудағы Қазақстанның басты әріптесі саналады. Бакуде Қазақстан лидері Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен жеке және кеңейтілген құрамдағы кез­десулер өткізеді деп жоспарланған. Олардың аясында сауда-эконо­микалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынты­мақтастықты жаңа белеске шыға­руға баса назар аударылып, стра­тегиялық серіктестікті өркендету көзделген. Сапар соңында екіжақ­ты құжаттарға қол қойылуы мүм­кін. Сарапшылар Ресейге жалғыз барған Қазақстан көшбасшысының Бакуге үлкен делегация апарғалы жатқанын айтады.   Бақуатты болашақ кілті – бітімде Ресейлік саясаттанушы Андрей Суздальцевтің байла­мын­ша, қа­зір екі елдің күн тәртібі әртүрлі. Оны Украинадағы қарулы жанжал ажы­ратып отыр. Мысалы, Мәскеу үшін бүгінде әскери көмек, батыстық санкцияларды айналып өту өзекті. Ал Қазақстанды эконо­ми­калық ын­тымақтастық көбірек қызықтырады.
«Қазақстан Батыстың қайта­лама санкцияларына душар бол­ғысы келмейді. Бұл ел бұрыннан сауда-саттықты жақтаған ел, Ұлы жібек жолының басты бағыттары соның жері арқылы өткен. Қазір Қазақстан экономикасы сыртқы саудаға, әсіресе мұнай экспортына қатты тәуелді. Санкция салдарынан әлеммен сауда-экономикалық қа­рым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырылса, республика даму мүм­кіндігін де жоғалтады. Бірақ Мәс­кеумен де байланыстарын үзе ал­майды. Бұл оған тиімсіз. Сон­дық­тан Қ.Тоқаевтың саясаты Ресеймен сауда-экономикалық, инвес­тиция­лық ынтымақтастықты сақтап, ны­ғайтуға бағытталуы мүмкін. Со­чиде соның негізі қаланды. Әйт­песе, Петербор кездесуі кикілжің­мен аяқталғандай болған. Содан бері тараптар сабырға келіп, сабаға түссе керек», – деген пікірде ресей­лік саясаттанушы.
Саясаттанушы, халықаралық сарапшы, саясат ғылымдарының кандидаты Аббас Галлямов қазіргі кезде Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия ли­дері Реджеп Тайып Ердоғанмен бірлесіп, түркі елдерін біріктірудің мега-жобасын жүзеге асырып жа­туы ықтимал деген қызықты тұжы­рым жасады. Ал Ресейде түркітілдес халықтар көп тұрады. Мәскеу қазір олардың TÜRKSOY, ТүркПА сияқ­ты таза түркі елдерінің халықаралық ұйымдарына қатысуын шектеп отыр.
«Түркияның ақпарат құралда­рының хабарлауынша, таяуда, 5 тамызда Сочиде Ердоғанмен кез­дескен В.Путин Украинадағы со­ғысты тоқтату үшін келіссөзге да­йын екенін меңзеген көрінеді. Ар­тынша, Сочиге Тоқаев суыт ат­танды. Бұл ретте сапардың жаса­латыны әдеттегідей біраз бұрын хабарланбады. Бұған дейін өзін паң ұстайтын Путин де бұл жолы үнемі ілтипат танытып, күлімсіреумен болды. Тоқаевты сыртқа шығып, қуана қол бұлғап, өзі қарсы алды. Демек, Түркия мен Қазақстан тізе қосып, соғысты бітіммен аяқтауға үлес қосып жатуы да ғажап емес. Осының алдында, шілде соңында Қазақстан Президенті Украина басшысы В.Зеленскиймен сөйлес­ті», – дейді саясаттанушы.
Ол Ресей қоғамында соғысты тоқтатуға қатысты сұраныс артып келе жатқанын еске салды. Мұны Кремльдің тапсырысымен Қо­ғам­дық пікірді зерттеудің бүкілресейлік орталығы (ВЦИОМ) жүргізген жа­бық сауалнаманың нәтижелері паш еткен. «СВО: Проблемные зоны» деп аталған әлеуметтік зерт­теудің қо­рытындыларын The Bell басы­лымы өз дереккөздері арқылы ал­ғызған. Сондай-ақ италиялық Cor­riere della Sera да қол жеткізе алыпты. Құжатта ресейліктердің 44 пайызы ғана Украинадағы әскери қимыл­дарды жалғастыруды жақ­тайтынын көрсеткен. 44 пайызы бейбіт бітімге келу керектігін айт­­қан. 12 пайызы жауап беруге қиналды. Жалпы, Қазақстанның қақты­ғысқан елдерді бітістіріп, ымыраға келтіру тәжірибесі мол. Ресей де, Украина да бейбіт өмірге оралу үшін бейтарап Қазақстанның осы әлеуетін пайдалануы әбден мүмкін.