Суайт серіктестіктерге неге субсидия беріледі?
Суайт серіктестіктерге неге субсидия беріледі?
456
оқылды
Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарына 9 тасы­малдаушы мекеменің 330 автобусы 33 бағыт бойынша қоғам­дық көлік қызметін ұсынады. Алайда автобустардың сапасы, автопарктердің материалдық-техникалық базасы талапқа сай келе бермейді. Жұмысшылардың жай-күйі мен еңбек қауіпсіздігі де кейінге ысырылып қалғандай. Қаладағы қо­ғамдық көлік қызметін ұсынатын кәсіпорындарға зерделеу жұмыстарын жүргізген Тараз қалалық мәслихат депутаттары көп былықтың бетін ашты. Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Мырза-Ғали автобус парктерінің кейбірі авто­бустарды жалға алып, қызметін ұсы­нып жүргенін айтады. Оған қо­са, жүргізушілерді күн сайын ме­­дициналық тексеруден өткізу ісіне жүрдім-бардым қарайтындар көп.
– City-bus жауапкершілігі шектеулі серіктестігі №8 бағыт бойынша қызмет көрсететін 10 автобустың жартысын жалға алып отыр екен. Жұмыс беруші паркте 20 жүргізушінің барын айтса, жур­налда олардың 12-сі ғана тір­келген. Медициналық және ты­нығу бөл­месі қарастырылға­ны­мен, оған көтерілетін баспалдақ қауіпті жағ­дайда. Ал слесарьлық және мо­торлы цех мүлде атымен жоқ, – деді Эльмира Мырза-Ғали.
Қалалық мәслихат депутатта­ры мұндай жүйесіздікті өзге де тасымалдаушы компаниялардан анықтаған. Мәселен, қалалық 4 бағыт бойынша қызмет көрсететін №1 Тараз автобус паркі шілде айында жаңа автобустар алуы керек болған. Десе де, олары күні бүгінге дейін алынбаған екен. Ком­пания басшысы 80 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айт­қанымен, журналда 37 жүр­гізуші ғана тіркелген. 45 жүргізуші «Сапар ТрансМоторс» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінде жүргізушілерді медициналық тек­серуден өткізетін құралдар жоқ. Бұл орайда жүргізушілердің жұ­мысқа қандай күйде шығып жат­қаны белгісіз. «Тараз­Пасс­Транс» және ArsenTransCompany жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тік­те­рінің де көліктері ескірген. Техни­каларының да тозығы жеткен.
– «ТаразТрансМоторс» авто­бус паркінің көлік тұратын аумағы өте тар. Қоғамдық көліктердің са­­нитарлық тазалығы сын көтер­мейді. Мұнда да 80 жүргізуші бар деп айтылғанымен, құжатта 27 адам ғана тіркелген. «Саяхат-99» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің еншісіндегі 35 автобус­тың дені жеке адамдарға тиесілі. Өндірістік-техникалық база аума­ғындағы жуу цехтарында жағдайы нашар. Слесарьлық, моторлы цех­тар да жабдықталмаған. Ме­кеме басшысы жүргізушілерге са­ғатына 600 теңге төленетінін айтады. Бекітілген жоспарды орын­дай алмағандарға айлық та өз деңгейінде төленбейді екен. «Саяхат-99» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты аумақты жалға алып жұмысын жүр­гізіп жатқан «ДамРус» ком­па­ниясының өкілін өз орнынан таба алмадық. Тексеріс барысында өзі­нің базасы мен автобусы жоқ ком­паниялар да мемлекеттік са­тып алуға қатысып, субсидия алып жүргеніне көз жеткіздік, – дейді депутат Эльмира Мырза-Ғали.
Мәслихат депутаттары шаһар­дағы автобустардың 60-70 пайы­зының тозығы жеткенін анық­таған. Олардың кейбірінің техни­калық жағдайы тіптен сын көтер­мейді. Сол себепті тұрғындар та­ра­­пынан қоғамдық көліктердің қыз­мет сапасына арыз-шағым көп. Сонымен қатар экологиялық талаптарды ескермейтін автобус­тарды да жиі көруге болады. Олар техникалық тексерістен қағаз жү­зінде ғана өтетіндіктен, эко­логияға тигізер залал-зардабын болжаудың өзі қиын. Сөйте тұра, тасымалдаушы компаниялар миллиондап субсидия алады. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сәйкес, былтыр қоғамдық көлік қызметін субсидиялауға 572 мил­лион теңге бөлінген екен. Ал биыл 650 миллион теңге қаралған. Былтыр «Әулиеата­Транс­Пасс» жауапкершілігі шек­теулі серік­тестігі жаңа 22 автобус сатып алған. Компанияға бөлін­ген суб­сидияның көлемі 205 мил­лионды құрайды. Ал өз бағытына 10 жаңа автобус қосқан City-bus жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тігі 74,5 миллион теңге субсидия ал­ған екен. Биыл автопаркін 20 автобусқа жаңартқан «Әулиеата­ТрансПасс» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне 340,6 миллион теңге, ал паркі 10 жаңа автобуспен толыққан City-bus жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 78,5 мил­лион теңге субсидия беріліпті. Әрине, субсидияның көлікте­рін жыл сайын жаңартып отырған компанияларға берілгені құптар­лық қадам. Алайда «автопаркімізді жаңартамыз» деп уәде беріп, орын­дамаған мекемелерге қо­мақ­ты қа­ра­жат берудің қажеті бар ма? Мә­селен, «№1 Тараз автобус пар­кі» был­тыр 73,5 миллион, биыл 65 мил­лион теңге субсидия алған. Алайда 15 шілдеге дейін паркке 20 жаңа автобус әкелеміз деген компания басшылары сөзінде тұрмаған. Соңғы 2 жылда 176 миллион теңгеден астам субсидия бөлінген «Сапар ТрансМоторс» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі бас­шылығы да уәдесінің үдесінен шыға алмайтын секілді. Алға­шында бағыттардағы 15 автобусты жаңартамыз деген тасымалдау­шы­лар қазір «қаражат жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп отыр. Сондай-ақ 2 жыл ішінде 72 миллион теңге субсидия алған «ТаразТрансМоторс» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің 10 автобусты жаңалаймыз деген уәдесі сөз күйінде қалды. Жасыратыны жоқ, қазір жо­лау­шылар тасымалдауды ұсына­тын компаниялардың қайсысына барсаң да қаржының жетіспеу­ші­лігін айтып етектері жасқа толады. Осындай да табыс түспейтін ком­паниялардың тасымалдау ісінен екі қолды басқа қойып қашпайды деп те ойлайсың. Бірақ бүгінге де­йін жолаушылар тасымалдау биз­несі тақырға отырғанын да ес­ті­меп­­піз. Демек, барлығының ойы – мүм­кіндігінше жолақымен жыр­тығын жауып, субсидиямен табысқа шығу. Ал бұл тиісті заңға талап­та­рына томпақ келетіні анық. Сон­дықтан не автобусы, не базасы жоқ тасы­малдаушыларды қыруар суб­си­диядан қағудың тетігін ойлас­тырған жөн секілді. Сонда ғана басынан дауы артыл­майтын салада сапалы қызмет көрсетіледі.

Жамбыл облысы