Жағадан алмай, жөнге салған жеңеді
Жағадан алмай, жөнге салған жеңеді
736
оқылды
Енді бірер күннен соң жаңа оқу жылы бас­талады. Дегенмен алғашқы қоңырау үні­мен мектеп табалдырығын аттайтын оқу­шыларда қуаныштан гөрі мұң басым. Се­бе­бі оларды әлімжеттік жасау мен әкіреңдеуді әдетке айналдырған тентек­тер күтіп тұр. Зорлық-зомбылық, тепкіге түсу, теперіш көру жалғасады. Мек­теп сыртындағы төбелес түгіл сынып ішіндегі қысым-қия­наттарды педагогтардың біразы елемеу­ге тырысады. Олар­ды осыған үн қатып, тосқауыл қою ша­раларын қабылдауға міндеттеу үшін Оқу-ағарту министрлігі Буллингтің профи­лак­тикасы қағидаларын әзірледі. Бірақ оған қоғам қарсы. Неге? Буллингпен күреске мемлекет мүдделі Президент білім ордаларын­дағы әлімжеттікпен күресу керегін бұрыннан айтып келеді. 2020 жыл­ғы 1 қыркүйектегі Жолдауында мұ­ны азаптауларға теңеді. Балалар құқын қорғау жөніндегі шараларды кү­шей­ту қажеттігін, кибержүйедегі ғай­баттаулардан, қоқан-лоқыдан ең алдымен балалар зардап ше­ге­тінін, оның соңы қайғылы жағдайға да ұшырап жататынын қаперге сала келе, азаматтарды, әсіресе бала­лар­ды кибербуллингтен қорғайтын заң қабылдауды жүктеді. Ол заң биыл кү­шіне енді, бірақ сарап­шы­лар заң­дық актілері дайын емесін ескертеді. 2021 жылғы 15 қаңтарда VII ша­қырылымдағы Парламенттің I сес­сиясының ашылуында Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені қайта көтеріп, балалардың қауіпсіздігі, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемле­кеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді енгізуді тапсырды. Бұл мәселе сондай-ақ Ұлттық кеңесте де талай сөз болған. Дегенмен істің ілгерілегені шамалы. Әлімжеттік мектепте ғана емес, өзге білім ұйым­­дарына, колледждерге, уни­вер­си­теттерге қанат жайғаны жа­сырын емес. Оған бүгінде қоғамды дүрлік­тірген, полицияның терге­уіне арқау болған Назарбаев уни­вер­ситетіндегі дау дәлел болса керек. Буллинг мәселесіне мемле­кеттік деңгейде мән берілуі бекер емес: ол әлеуметтік кернеуді, аза­маттық шиеленісті ушықтыратын теріс фактор. Айналасынан қыспақ көріп, тәлкекке түскен жастар ке­йін қоғамға соны қайтаруға тыры­сып, қаскөйлікке, қылмысқа құмар болуы ғажап емес. Бұл факторлар білім ордаларындағы буллингпен күресті күшейтудің мемлекеттік маңыздылығын көрсетсе керек. Мемлекет басшысы 2022 жыл­ғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейт­ілген отырысында буллинг мәсе­лесіне оралды. Мемлекет Балалар жылы бұл кеселден арыла алмаға­нына, мектеп қабырғасында зор­лық-зомбылықтың көбейіп кет­кеніне алаңдаушылық білдірді. Мұ­ны жауапты органдар мектеп­терге жаппай бейнебақылау ка­мерасын орнатып, оны полиция­ның жедел ден қою орталықтарына қосу арқылы шешуі тиіс еді. Бірақ аз жиынтықты ауыл мектептерін қоспағанның өзінде толық жаб­дықталған мектептердің 65 пайы­зында, яғни 3 мың мектепте бей­небақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді. Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид оқиғалары кө­бейіп барады. Сол себепті ел Пре­зиденті балаларды зорлық-зом­былықтан қорғауға, суицидтің ал­дын алуға, әрбір баланың құқығын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар әзірлеуге тапсырма берді. Сотқарды «агрессор» алмастырады Қош, сонымен Оқу-ағарту ми­нистрлігі «Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидаларының» жобасын қоғам­дық талқылауға шығарды. Құжат жұртшылық арасында қызу айтыс-талас туғызды. Онда ұрыншақ, сотқар бала­ларды «агрессор» деп атау көздел­ген. Қағида жобасында бұл тер­мин­ге «басқа адамды қорқыту не­месе оның денсаулығына зиян кел­тіру мақсатында оған қатысты жүйелі түрде кемсітушілік сипат­тағы іс-әрекеттер жасайтын адам» деген анықтама берілген. Бірақ педагогтар да, бірқатар ата-ана да бұған қарсы. Себебі біріншіден, сарапшылар, саясаттанушылар әлем­де Украина қалаларына ша­буыл жасап, қанды қырғын ұйым­дастырған басқыншыларды агрес­сор деп атайды. Оның қасында құрбы-құрдастарын қорқытатын, кемсітетін шалдуар, сотанақ бала­лардың ісі агрессор деп бағалауға тартпаса керек. Ал егер оқушы ұр­лық жасаса, зорласа онда ол қыл­мыскер атануы, қылмыстық қуда­лануы керек. Екіншіден, қағида педагогтарға да қолданылатындықтан, қарғысқа бергісіз бұл «атақ» мұғалімдерге таңылуы мүмкін. Үшіншіден, бұл қағида ресми нормативтік-құ­қық­тық акті саналатындықтан, ондағы осы термин кейін инспектордың, құқық қорғау органының хаттама­сына түседі. Салдарынан ұстазды айтпағанда, бір рет жаза басып, теріс қылық жасаған балаға «агрес­сор» атағы өмір-бойы жабысып, тұлға болып қалыптасуына, ман­сабында өсуіне кедергі, кесір келтіруі мүмкін. [caption id="attachment_214305" align="aligncenter" width="1432"]Буллинг © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Қағиданың бір жаңалығы сол, ол әрбір білім беру ұйымында Ба­ланы жәбірлеудің, буллингтің про­филактикасы жөніндегі кеңес құ­руды қарастырады. Кеңес құра­мы­на директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілері, педа­гог-психолог, мектептің медицина қызметкері және кәмелетке тол­мағандар ісі жөніндегі полиция инспекторы кірмек. Жұртшылық тарапынан Ата-аналар комитеті ұсынған сыныптардан бір-бір ата-анадан, сондай-ақ оқушылар ара­сынан мектептің өзін-өзі басқару органдарының (президенті, пар­ламенті) өкілдері қосылады. Оның құрамын мектеп басшысы бекітеді. Сондай-ақ жұмыс жоспары мен отырыстарын өткізу мерзімділігі білім ұйымының жарғысымен ай­қындалады. Кеңес шешімі ұсы­ным­дық сипатта болады. Кеңестің негізгі міндеті – буллинг профи­лак­тикасы, анықтау және әрекет ету. Құжатта жазылғандай, буллинг фактілерін анықтау педагогтарға жазбаша, ауызша жүгіну жолымен немесе заманауи байланыстың кез келген түрі, интернет, әлеуметтік желі арқылы жүзеге асырылады. Алгоритм түзілмей, іс алға баспайды Егер әлімжеттік оқиғасы анық­талса, ары қарайғы іс-қимыл қан­дай болмақ? Жұмыс алгоритмі бю­рократияландырылғаны бай­қалады. Шағым жалғыз мұғалімге ғана емес, білім беру, ішкі істер, денсаулық сақтау, халықты әлеу­меттік қорғау органдарына және жергілікті атқарушы органдарға түсуі мүмкін. Ондай жағдайда бі­ріншіден, ақпаратты алған сәттен тиісті органның маманы бір жұмыс күні ішінде баланың аты-жөнін, тұратын жерін, жалпы сипатта­ма­сын қамтитын бала туралы бас­тапқы ақпаратты түзеді. Екіншіден, жиналған деректер негізінде әлгі маман баламен ары қарай қандай мемлекеттік орган жұмыс істей­тінін анықтайды. Тиісінше, өтініш келіп түскен соң 2 күннен кешік­тірмей ақпаратты сол елді мекен­дегі осы бағыттағы жұмысқа же­текшілік ететін органның мама­нына жолдайды. Үшіншіден, егер баланы жәбірлеу фактісінде қылмыстық не әкімшілік қылмыс белгілері болса, онда маман тиісті шаралар қабыл­дауы үшін дереу ішкі істер орган­дарына хабарлауы тиіс. Төртін­шіден, ақпаратты алған орган өті­нішті тіркеуді жүргізеді. Сондай-ақ зәбір көрген бала оқитын білім беру ұйымының әкімшілігін құлақ­тандырады. Бұл ретте буллингпен күрес екі бағытта жүреді: біріншісі сотқарға, екіншісі жәбірленушіге қатысты. Мектеп басшылығы агрессор ба­ланы психологиялық-педагоги­калық сүйемелдеуді ұйымдас­ты­рады. Бұған жағдайды кешенді бағалау, сойқанның жауапкер­шілігін айқындау, оны оңалту және қайта әлеуметтендіру шаралары жатады. Айтпақшы, сынаушылар осы шараларға не кіретіні, жай-жапсары қағидада ашып көрсетіл­мегеніне назар аудартты. Мектептің әлеуметтік педагогы бұзықтың отбасына барады, агрес­сормен, ата-анасымен әңгіме­ле­седі. Сонымен бірге агрессор ба­ланың коммуникативтік қабілет­терінің сапасын арттыру үшін жеке және топтық бейімдеу іс-шара­ла­рын өткізеді, оны адам құқығына, ар-намысы мен абыройына құр­мет­пен қарауға, балалармен дұрыс қарым-қатынасқа үйретуі керек. Сарапшылар дамыған елдерде бұл іспен Ашуды басқару орталықтары мен тәжірибелі психологтар айна­лысатынын, демек бұл мектеп пе­дагогы не психологының қолынан келмеуі мүмкін екенін ескертеді. Тентек туралы хабар ішкі істер органдарына, Кәмелетке толма­ған­дардың істері және олардың құ­қығын қорғау жөніндегі ко­мис­сияға, қамқоршылық органына беріледі, тіркеуге қойылады. Осы­ған ұқсас, буллингке ұшыраған бала туралы ақпарат та мүдделі мемлекеттік органдарға беріледі. Егер тексеру барысында баланың содыр болып өсуіне оның ата-анасының теріс ықпалы анықталса, ол туралы да тиісті органдар құлағ­дар етіледі. Іс-қимыл алгоритмінің екінші бағыты буллингке ұшыраған бала­мен жұмысты қарастырады: ол бала қызығушылығына сәйкес білім беру қызметінің қосымша нысан­дарына, спорт секцияларына, үйір­мелерге, лагерьлерге бағытталуы мүмкін. Жәбірленген баланың эмо­ционалды мінез-құлық ерек­ше­ліктерін жеке және топтық бе­йімдеу, әлеуметтендіру, кеңес беру, түзету, тренинг түрінде баланың өзіне деген сенімін қалыптастыру шаралары қолға алынады. Мектептер өзінде болған бул­линг жағдайлары және қабыл­данған шаралар туралы ақпаратты аумақтық Білім басқармасына тоқсан сайын кемінде 1 рет жол­дауға міндеттеледі. Мамандар буллинг тек балалар тарапынан ғана емес, мектеп және педагог тарапынан да жасалатынын еске салады. Мысалы, қызылор­далық Зияда Б. мектеп әкімшілі­гі­нің қызы Динараның қыр соңына түсіп алғанына назаланады. Бар­лығы 2021 жылы оқушылар он­лайн­нан дәстүрлі оқуға көшкенде басталған. Мектеп «шотландық прин­тке» көшіпті. Ал Зияда қою көк түстегі классикалық мектеп фор­масын сатып алған: Білім ми­нистрлігінің мектеп киіміне қатыс­ты еркіндік болатыны туралы мә­лім­демесін басшылыққа алыпты.
«Алайда сынып жетекшісі қы­зыма «көзге шыққан сүйелсің» деп қайта-қайта тиісе берген. Формасы мектеп талабына сәйкес келмейді деп оның үстінен шағымданған. Бірақ мектептің сол талабы жа­зылған ресми шешімді көрсетпеді. Мен өзге ата-аналармен ақылдаса келе, жаңа форма көңілімізден шық­пағанын, наразы екенімізді ай­тып, мәселе көтердім. Содан ди­ректор бүкіл мектептің алдында қызымды сөгіп, жылатқан. «Басқа мектепке кет» деген. Динара үйге жүгіріп келіп, өзіне-өзі келе алмай, ұзақ өксіді. Жанына қатты жарақат түссе керек, қатты налып, енді мек­тепке бармайтынын жарияла­ды», – деп еске түсірді ана. Содан басқа үйден алыстағы мектепке ауысуға мәжбүр болыпты.
Білім күні жақындады. Жа­уапты органдар әлімжеттікпен кү­ресте алға жылжи алмағандықтан, әлжуаз балалар аяусыз, адуынды буллерлердің қақпаны мен қыспа­ғына қайта түспек.