Құқықтық базаны қалыптастыруға күш саламыз – Мәулен Әшімбаев
Құқықтық базаны қалыптастыруға күш саламыз – Мәулен Әшімбаев
348
оқылды
Мемлекет басшысы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, ел дамуының алдағы уақыттағы басым бағыттарын жүйелі түрде белгілеп берді. Жолдауда жаңа экономикалық саясат, экономиканың нақты секторын дамыту, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, мемлекеттік басқаруды қайта жаңғырту, құқық үстемдігі қағидаттарын іске асыру және тағы басқа стратегиялық бағыттар туралы айтылды. Жаңа экономикалық саясаттың мақсаты – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арт­тыру. Оның аса маңызды қағидалары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту және ұлттық табысты әділ бөлу екенін атап өткен жөн. Президентіміз мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту қажеттігін айтты. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтардың мүдделерін қатар ескере отырып, баға белгілеу саласында экономикалық субъектілерге тиісті мүмкіндіктер беріледі. Әлеуметтік-экономикалық салада әділеттілік қағидатын іске асыру үшін салық реформасын жүргізу көзделіп отыр. Соған сәйкес экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшу және «сән-салтанатқа салық» салуды енгізу мәселесі көтерілді. Мемлекет басшысы Жолдауда азаматтардың Ұлт­тық қордың қаражатын әділ бөлуге қатысты сұра­ныстарына да жауап берді. «Ұлттық қор – балаларға» атты аса маңызды бас­таманың дәл балалар жылында жариялануы симво­ликалық мәнге ие. Осы игі бастама аясында ұлттық қор­дың жыл сайынғы инвестициялық табысының жар­тысы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшо­тына олар 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Жинақталған қаржы болашақта балалардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Ұлттық қордың негізгі міндеті болашақ ұрпақтың жинағы ретінде қызмет ету екені белгілі. Жаңа бастама Қордың сол миссиясының іс жүзіндегі көрінісі деуге толық негіз бар. Сонымен қатар Жолдауда саяси саланы әрі қарай дамыту мәселелері де қамтылды. Мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауы және Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы туралы жариялады. Алдағы кезеңдегі электоралды циклдің мерзімін ашық жариялау жаңа саяси мәдениеттің көрінісі екені сөзсіз. Мұндай қадам қоғам мен билік арасындағы сенімді күшейте түседі. Республикалық референдумда қолдау тапқан конституциялық реформаның ауқымды бөлігі басты саяси институттарды, яғни Парламентті, партияларды, мәслихаттарды, сондай-ақ, партиялық және сайлау жүйесін табанды түрде қайта жаңғыртуға бағытталғаны белгілі. Осы ретте кезектен тыс сайлау негізгі билік ор­ган­дарын Конституцияның жаңартылған нормала­рына сәйкестендіретінін атап өткен жөн. Бұл өзгерістер мен бастамалардың бәрін тиісті деңгейде заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет. Сенаторлар жаңа, әділетті Қазақстанның құқық­тық базасын қалыптастыру үшін осы бағытта Мәжіліс пен Үкіметтегі әріптестерімен, сарапшылармен және қоғам өкілдерімен бірлесіп, белсенді жұмыс істейді.