Қолқаны қапқан сасық көл
Қолқаны қапқан сасық көл
667
оқылды
Қызылордалықтар көлшіктерден шыққан күлімсі иістен әбден мезі болған. Қала аумағындағы бірқатар шағын ауданда пайда болған мұндай сасық су тұрғындардың еркін тыныстауына кедергі. Жергілікті әкімдік тарапынан көлшік­терді көму жұмыстары жүргізілгенімен, одан қайран болмай тұр. Соның бірі – қалаға қарасты «Сәулет» шағын ауданы тұрғын­дары­ның осындай сасық көлшіктен зардап шегіп отырғанына біраз жыл болды. Тұрғындар ұдайы осы мәселені көтеріп, жергілікті әкім­дікке шағымданған. Нәтижесінде, сол аумақтағы көлшіктің бірі осы­дан үш жыл бұрын көміліпті. Бірақ тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмаған сияқты. Көп уақыт өтпей-ақ сасық су сол көшенің келесі бір жерінен тесіп шығып, қайтадан көлшікке айналған. Енді тұрғындар оның зардабынан құтыла алмай әлек.
«Көшемізде осыдан үш жыл бұрын көмілген көлшіктің орнына бүгінде жеке үй салынып, адам тұрып жатыр. Бірақ сасық су қарсы беттегі бос жатқан жерге шығып, тағы көлшікке айналды. Негізінен, сасық су басқан орындар біреуге берілген жер телімдері. Егелері бол­мағандықтан, құзырлы орын­дар тарапынан алдыңғы көлшікті көму қиындық туғызған еді. Бұл жолы да біреудің жерінен шыққан көлшікті көму қиындық тудырып тұрған сияқты», – деп мәлімдеді сол аумақ тұрғыны Жазира Мырза­шева.
Қазіргі Төлебаев көшесі, бұ­рын­ғы Сәулет-31 және Сәулет-32 үй­лердің аралығындағы бос жатқан жер бүгінде үлкен көлшікке айналыпты. Мұның өзіне үш жылға жуық уақыт болды. Көлден шық­қан күлімсі иіс өз алдына. Бұл орын­ға жергілікті тұрғындар күл-қоқыстарын жиі төгіп кетеді екен. Көршілеріне қанша мәрте ескерт­кенімен тазалық сақтайтындары некен-саяқ. Соның салдарынан жақын маңдағы тұрғындар жағым­сыз иістен тұншығып отырғанын ай­тып, мұңын шақты. Ойын бала­ларының да осы көлшікті жиі айнал­шақтап жүретіні де ата-ана­ларын тіптен алаңдатады. Ең қызығы, мұндағы сасық көл қыс мезгілінде де қатпайтын көрі­неді. Аздап тартылғандай болғаны­мен, көлшіктен шыққан күлімсі иістен құтылу мүмкін емес.
«Естуімізше, Кеңес Үкіметі тұсында бұл көшеде су қорғау аймағы болыпты. Осы аумақта жер астында артезиан су көздері болған деседі. Кеңес Үкіметі құлағаннан кейін жерасты суы қараусыз қалғаны жайында айтылып жүр. Бір жерді көмгенімен, сасық судың екінші жерден тесіп шығуы соның салдарынан шығар», – деп мәлім­деді көше тұрғыны Ж.Мырзашева.
Оның айтуынша, 1955-1970 жылдары «Сәулет» шағын ауда­нын­да мемлекет қарауынсыз жатқан тұзды көлдер көп болыпты. Сол кездің адамдары осы көлдерге барып, емдік мақсатта шомылған екен. Тұзды су денедегі жараға, буын сырқырауына таптырмас ем болған көрінеді. Ол бұл жайында өз анасынан жиі естігенін алға тартты. Қалай дегенде де сасық иіске толы сор көлден сорлап отырған тұр­ғылықты халық жергілікті құ­зыр­лы орындардан көмек күтеді. Иістен бөлек, оның адам өміріне үлкен қауіп тудырып отырғанын айтып, мұңын шақты. Осы мәселе бойынша Қызыл­орда қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөліміне хабар­ластық. Құзырлы мекеме тарапы­нан бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Өңірдегі иесіз көлшіктерді жою бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 2019 жылы Қызылорда қаласының «Сәулет» мөлтек ауданындағы Қойсары батыр және Сарынов көшелерімен қоса, «Саяхат» мөл­тек ауданындағы көлдерді көмуге облыстық бюджеттен 85,7 миллион теңге қаржы бөлінді. Оған «Сәулет» шағын ауданындағы 3 көлшік, сондай-ақ «Саяхат» мөлтек ауда­нын­дағы жалпы аумағы 27 мың шаршы метр болатын көлшіктер көмілді», – дейді бөлім басшысы­ның орынбасары Дархан Бақтия­ров.
Негізінен, бұған дейін өңірде 34 жер телімі аумағынан 24 сор көл анықталып, оның біраз бөлігі сот шешімімен көмілген. Алайда мұндай су өзге жерден қайтадан шығып, сасық көлшікке айна­латын­дықтан, бұл амал нәтиже бер­мей тұр. Бүгінде өңірде сасық көлдің зар­дабын тартқан шағын аудандар қатарында «Сәулеттен» бөлек, «әл-Фараби», «Саяхат», «КБИ», «Арай» секілді шағын аудандар да бар. Бұл ауданның тұрғындары көлшіктен шыққан күлімсі иіспен тыныстап күнелтуге мәжбүр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы