Қазақстан аумағы барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті – Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан аумағы барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: t.me/bort_01
385
оқылды
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің ашылу салтанаты өтіп жатыр. Салтанатты шараның ашылуы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен басталды. Мемлекет басшысы шараның маңызы жайлы айтып, съезге арнайы келген рухани көшбасшыларға, қонақтарға алғыс білдірді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жалпы отырысында Қазақстан аумағын барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан картаға теңеді.
«Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі ғасырлар бойы қазақ жері Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық олардың бәріне ортақ сипат», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ жерінде түрлі дін өкілдерінің өмір сүргеніне дәлел ретінде ежелгі Қойлық қаласынан жеткен жәдігерді мысал етіп келтірді.
«Мысалы, еліміздің Алматы облысында Қойлық деген ортағасырлық қаланың орны бар. Сол жерде қазба жұмыстары жүргізілді. 12-14 ғасырларда осы қалада ислам, христиан және буддизм дінінің ғибадатханалары іргелес тұрғаны анықталды. Шын мәнінде Қазақстан аумағы барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті», – деді Мемлекет басшысы.