«Жүздеген мың жанкүйер бұл жекпе-жекті асыға күтті. Барлық облыс орталықтарында жекпе-жекті тамашалауға болатын қоғамдық алаңдар ұйымдастырдық. Таңсәріде басталған тартысты кездесуді тамашалуға 10 мыңнан астам адам жиналды. Олардың арасында тек жастар ғана емес, зейнеткерлер, балаларын жетелей келген отбасылар да болды. Геннадий Головкин қолдауымызды сезінді деп үміттенемін. Барлығы оның асқақ айбынын, чемпиондық рухын байқады. Мұндай іс-шаралар бұқаралық спортты дамытуға ерекше ықпал етеді. Геннадий Головкин – үлгі тұтарлық тұлға», – деді ол.Атап айтқанда, елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығының жанындағы алаңға 5 мыңға жуық бокс жанкүйері жиналды. Жекпе-жек көрсетілімін күту кезінде көрермендерге ыстық сусындар ұсынылды. Осы күні Геннадий Головкинге қолдау білдіру мақсатында автошеру ұйымдастырылды. 10-нан астам автокөліктен тұратын керуен Қазақстанның және «Жастар рухының» туын желбіретіп, елорданың басты көшелерімен жүріп өтті.