«Шекпен» киіп шетте жүр
«Шекпен» киіп шетте жүр
© коллаж: Елдар Қаба
620
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Америкаға барған сапа­рында әлемнің жетекші техноло­гиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан жастармен кездескен еді. Сол жиында Мемлекет бас­шысы Әділетті Қазақстан дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер аша­тынын айтты. Алайда жыл өткен сайын елімізден шетелге кеткен жас мамандардың саны артып келеді. Білікті мамандар шетелге не үшін кетеді? Оларды елге ша­қырсақ, лайықты жағдай ұсына аламыз ба? Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы Қазақстаннан шетелге жалпы саны 32 209 адам кеткен. Оның ішінде 8 584 адам Жоғары оқу орнын тәмамдаған, оның 5 259-ы – техникалық маман, 1 628-нің педагогикалық білімі бар болса, 901-і – медицина мамандары. Басқа елде тұрақтап қалу үшін шекара асып жатқан азаматтардың арасында осындай білікті кадрлардың көптеп кездесуі бүгінде бас ауыртатын мәселеге айналып отыр. Олардың жоғары білім алып, маман ретінде қалыптасуы үшін мемлекеттен қаншама қаражат, уақыт жұмсалды. Болашағынан зор үміт күтіп, әр саланың әлеуетін арт­тыруға үлкен үлесін қосады деп отырған мамандардың шетел асуы алаңдатпай қоймайды. Оның үстіне, олардың орнын шетелден Қазақстанға қоныс аударғандар толтыра алмай тұр. Мысалы, былтыр елімізге 10 982 адам келген. Адам капиталын дамыту экономиканы, халықтың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, мемлекеттің экономикалық даму деңгейінің 30%-ы адам капиталының сапасына бай­ланысты екен. Сондықтан миграция мәсе­лесін реттеу кез келген мемлекеттің басты назарында болып келеді. Мәселен, 2015 жылы көшіп-қонушылар АҚШ эконо­ми­касына – 2 трлн доллар, Германияға – 550 млрд доллар, Аустралияға – 330 млрд доллар, әлемдік ішкі жалпы өнімге 6,7 трлн доллар пайда әкелген. Халықаралық миг­ранттар халықтың 3,4%-ын құрағанымен, олардың жаһандық ІЖӨ-ге қосқан үлесі 10%-ға жетеді екен. Осы деректерге қара­сақ, елден көшіп кеткен азаматтар өзге мемлекеттің экономикасын көтеруге едәуір септігін тигізеді. Дамыған елдердің бірқа­тары өз кадрын дайындаудан гөрі шетел­дерден білікті, болашағы бар адамдарды көптеп тартуды құп көреді. Дегенмен бұл статистикаға да күмәнмен қарауымыз керек. Себебі елімізде жоғары білім алса да, дамыған елдерге барып қара жұмыс істейтін немесе ел көріп, жер тануға баратын азаматтар да бар. Сондықтан «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының пре­зиденті Абзал Сапарбекұлы Қазақ­станнан шетелге қоныс аударған білікті маман­дардың базасын жасақтау керек екенін айтты.
– Соңғы жылдары елден жас, білікті мамандардың кету үрдісі тоқтар емес. Мысалы, тек қана АҚШ-тың өзінде 100-ден астам өте білікті ІТ-маман жүр. Өкінішке қарай, сырттағы бұл әлеуетті қолдана алмай отырмыз. Шет­елдегі түрлі саладағы мамандар мен тұлғалар­дың ортақ базасын жа­саудың және олармен жұмыс істеудің нақты алго­рит­мі мен жоба­ла­рын ұсы­ну міндеті тұр, – деді Абзал Сапарбекұлы.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары Америкада 100 мыңға жуық, Түркияда 30 мыңға жуық, ал Еуропада 10 мыңға жуық қазақстандық жас тұрып жатыр. Жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жүйе керек Шетелге қызметі бойынша қоныс ауда­ратындардың көбі – жоғары білімді, білікті, тәжірибесі мол, бәсекеге қабілетті азамат­тар. Ағылшынша «brain drain» деп аталып кеткен бұл құбылыс жаһандану ғасырымен қатар ілгерілей бастады. 1970 жылмен са­лыстырғанда туған жерінен жырақта өмір сүріп жатқан адамдардың саны үш есе өскен. Бұрындары өзге елге жұмыс істеуге кеткен бірлі-екілі адамды білсек, бүгінде әркімнің шетелге кеткен танысы бар. Мұны елдегі ақыл-ой капи­талының сыртқа кетуі немесе ақыл-ой көші деп атайтын болдық.
– Ғалымдарымыздың шетелге емес, еліміздің дамуына үлес қосқанын қалай­мын. Бірақ жастар шетелдегі жайлы өмірді көргеннен кейін сол жақта қалуға тыры­сады. Жастарды елімізде алып қалу үшін ең бірінші жағдай жасауымыз керек. Мысалы, дарынды балалар немесе «Болашақ» бағ­дарламасымен оқуға түскен жастар елімізге келіп, кемі бес жыл еңбек етуі қажет. Осы уа­қытта олар қоғамға араласып кетеді. Иә, біз елге шақырғанда жастарға жоғары жа­лақы төлей алмаймыз. Сондықтан жастар­дың бойындағы елге деген сүйіспеншілікті арттыруымыз керек, – дейді Болашақ бағ­дарламасының түлегі Ақерке Абылайхан.
Оның пікірінше, жастардың санасын «тұрмыстық идеология» емес, елге қызмет ету мазалауы тиіс. Біз қоғамда материалдық дүниені емес, білімді құндылық ретінде қалыптастырсақ қана білікті жастар елде қалады. Материалдық дүниенің шегіне еш­кім жете алмайды. Сондықтан жастардың бойындағы еліміздің болашағына деген сенімді оятуымыз қажет. Ақерке Абылайхан шетелде жұмыс істеп жүрген көптеген жас­тармен араласады. Олар Қазақстан қо­ғамында әділдік орнаса, жұмыс істеуімізге мүмкіндік беретін жүйе қалыптасса ғана елге ораламыз деген пікірде екен. Расында елдегі төмен жалақы, әсіресе шетелде білім алып немесе жұмыс істеп келген адам үшін мардымсыз екені белгілі. Ұлттық статистика бюросы 2022 жылы Қазақстандағы орташа жалақыны 285 мың теңгеден жоғары деп белгіледі. Десе де 285 мың теңге еңбекақыны елде нақты қанша адам алатыны үлкен сұрақ тудырады. Қазақстанның білікті кадрларының дәл осы жалақы мәселесіне көңілі толмай ел асып кетуі Қазақстандағы әлеуметтік мәселенің өзекті екенін көрсетеді.
– Білікті жастардың жаппай шетелге ағылуы – әлемдік проблема. Бұл үрдіс бар­лық дамушы мемлекетте бар. Статис­тикаға сүйенсек, шетке кетіп жатқан ма­ман­дардың басым бөлігі техникалық, эко­­номикалық, педагогикалық мамандар. Бұ­лай жалғаса берсе елімізде адами капитал жағынан да, экономикалық тұрғыдан да үлкен дағдарыс болуы мүмкін. Дамыған елдер жастарды әлеуметтік жағдайымен, жоғары эконо­микасымен тартып жатыр. Ол жақта ма­мандарға сұраныс та жоғары, – дейді AGS ғылыми-зерттеу және даму де­партаментінің директоры Мақсат Жампейсов.
Оның айтуынша, біздің елімізде маман­дардың жобаларына тым көп қаржы бөлін­бейді. Құрал-жабдықтар да жетіспейді. Онымен қоса барлық салада білікті маман емес, таныс-тамыр рөл атқарады. Сон­дықтан біз тек шетелдегі жас мамандарды ғана емес, ірі компаниялармен де серіктес болуға ұмтылуымыз керек. Ал жастарға елі­мізде қалу үшін жоғары еңбекақы мен түр­лі әлеуметтік көмектер ұсынуымыз қажет. Отандық компаниялар жоғары жалақы ұсынбайды Apple, Google, Tesla сияқты әлемдік ірі компаниялар қызметкерлеріне жоғары еңбекақымен қатар, медициналық сақ­тан­дыру, әлеуметтік көмек түрлерін де ұсы­нады. Сондықтан да шетелде қалуды таң­даған жастар жарқын өмірден қол үзгілері келмейді. Ал оларды елге шақырсақ, бізде лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындары бар ма?
– Біріншіден, Қазақстанда жоғары жалақы төлейтін компаниялар саны аз. Біліктілігі бірдей болса да, шетелдегі ма­мандар Қазақстаннан он есе көп еңбекақы алады. Неге Қазақстандық компаниялар жо­ғары жалақы төлемейді? Себебі компа­ниялар арасындағы бәсекелестік аз. Шетел­де бір ғана мұнай саласында Chevron, Эк­зон, Shell сияқты бірнеше компания ма­мандарға таласады. Сол үшін еңбекақы­ла­рын көбейте береді. Ал мамандарда таңдау бар. Біздің елімізде әр салада бір ғана ірі ком­пания бар. Сондықтан олар өздері айт­қан бағаны қояды, – дейді «Болашақ» бағ­дарламасының түлегі Арнұр Қадылбеков.
Оның сөзінше, шетелде инфрақұрылым, медицина, білім беру жағы әлдеқайда жақсы дамыған. Сонымен қатар, дамыған елдерде карьера қалыптастыру оңай. Біздің қоғамда мансаптық өсу қиын.
– Еліміздің болашағы үшін білімді мамандардың елімізде қалғанын қалаймын. Ал жеке тұлғалар жағынан алып қарасақ, бұл дұрыс та шығар. Мен шетелде білім алдым, қалуға мүмкіндік те болды. Әлі де шетелдік компаниялар шақырады. Бірақ мен еліміздің дамуына үлес қосуды, ата-анамның қасында болуды таңдадым, – дейді Арнұр Қадылбеков.
Біз білікті маман дайындаймыз. Бірақ сол мамандар өзге елдің экономикасының дамуына үлес қосады. Шетелде өмір сүріп, қызмет етіп, білім алып жатқан азаматтарды «жайлы ел іздеп кетті деп» кінәлауға да болмас. Оның орнына кеш болмай тұрып мәселенің мән-жайын зерттеп, шешу жолын іздегеніміз жөн.