Көтере алмас қарызды бюджетке байлама!
Көтере алмас қарызды бюджетке байлама!
792
оқылды
Квазимемлекеттік сектор мем­лекетті борышқа батырып жатыр. Қазір жалғыз «Самұрық-Қазына» қорының жалпы қарызы 10 триллион теңгеден асты. Қордың, ұлттық компания­лар­дың, министрліктер, әкімдіктер жанындағы мемлекеттік ұйым­дардың борышы алда тек арта беруі мүмкін. Өйткені Ұлттық экономика министрлігі квази­мемлекеттік сектордың сырттан заем тарту рәсімдерін жеңілде­туді ұсынып отыр. Орнымен алынған қарыз ғана игілік Қаржы саласының магистрі, бизнесмен Әлішер Көккөзовтің түсіндіруінше, шет­елден несие алмай, ұлттық экономиканың қарыштап дамуы мүмкін емес. Мұны ауыр санкциялардың қыспағына түсіп, сырттан қарыз тарта алмай, өркениет көшінің со­ңын­да қалған елдердің мысалы куә. Шетел­дік белді институттардың заемына кейде зор инвестиция, озық технологиялар ере келеді.
«Сондықтан әлемде үкіметтер қара­жаты жетіп тұрса да, халықаралық немесе мега мәртебесіндегі жобаларға халық­аралық қаржы институттарынан кредит тартады. Бұл ол жобаға бедел қосады, оның жүзеге асырылатынын кепілден­діреді. Бірақ шетелдік капиталды және валюталық ресурстарды тартуға байсалды, жан-жақты ойластырылған түрде келу қажет. Бұл ретте ол қаражаттың жоғары тиімділікпен, ұтымды пайдаланылуы, заем­дық қаражаттың лайықты қайтары­мының болуы маңызды. Себебі ол несиені келесі ұрпаққа өтеуге тура келмек. Егер болашаққа пайдасы тимесе, ұзақмерзімді шетелдік кредитті алу да орынсыз деп танылғаны жөн», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, мемлекеттің сыртқы қарызының шектен тыс өсуі болашақта теріс экономикалық салдарларға соқты­рады. Сондай-ақ ұлттық валюта бағамы­ның құнсыздануына, экспорт-импорт арақатынасының күрт өзгеруіне, баланс­тың бұзылуына, экономикалық даму жолындағы кедергі, қиыншылықтарға соқтыруы мүмкін. Мәселен, Аргентина, Эквадор, Шри-Ланка, Кот-д'Ивуар сияқ­ты біраз ел қарызын қайтара алмай, дефолт болып, өркендеу даңғылының жиегіне шығып қалды. Олардан инвесторлар да сырт айналды. 2010 жылы Қазақстанның мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген борышы 2 трлн 792 млрд теңге немесе 19 млрд дол­ларды құрапты. Бұл жалпы ішкі өнімнің 17,4 пайызы. Енді салыстырыңыз: Қаржы министрлігінің дерегінше, 2022 жылғы қаңтарда Қазақстанның мемлекеттік борышы және Үкіметтің кепілдік беруімен квазимемлекеттік сектор алған борышы рекордтық 37 млрд долларға жетті. Мем­лекеттің өзінің сыртқы борышы 22 трлн теңге немесе 27,4 пайыз болып отыр. Сенат депутаты Нұрлан Бекеновтың мәліметінше, сыртқы қарызда Қазақстан қауіпті межеге – шекті шамаға таяп қалды. Сондықтан ол Ұлттық қорды шетелдік заемдарды өтеуге арналған кепілден­дірілген резерв ретінде қарастыруды доғарған жөн деп санайды. Мәселен, қазіргі кезде қолданыста 52 үкіметтік сыртқы заем бар, олардың аясында жалпы сомасы 112,2 млрд доллар қарыз тартылған. Бірақ соның тек 80%-ы игерілді. Ал Ұлт­тық қор активі 51,9 млрд доллар ғана. Депутат Қазақстанның сыртқы қары­зының артуының негізгі факторларын атады: біріншіден, халықаралық ұйымдар қаржыландырған жобаларды жүзеге асыру мерзімдері ұзартыла береді. Екіншіден, жекелеген шетелдік кредиттер тиімсіз жұмсалған, тіпті олардың қаражатының бір бөлігі қажетке жаратылмай, босқа жатыр. Үшіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілері сыртқы қарызды өнді­рістік емес мақсаттарға да тартады. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» АҚ төл қаража­тының бар болғанына қарамастан, сырттан 3 жылға 300 млн доллар қарыз тартып, оны ары қарай акционерлері арасында дивиденд ретінде үлестірген. Кейбір компаниялар шетелден консультанттар жалдау үшін шетелдік несие алады екен. Қымбаттаған қарыз – ұрпаққа ауыр мұра Квазимемлекеттік сектор қарызын шектеу үшін Парламент депутаттары да, сарапшылар да мемлекет кепілдігімен алынатын заемдарға талапты күшейтуді ұсынады. Мұның сыртында сырттан қарыз тарту бағыттары мен жобаларына ревизия жүргізіп, сыни тұрғыдан талдау жүргізу, олардың санатын қатты шектеу қажет. Қаржыландырылатын жобалардың жоба­лау-сметалық құжаттамасындағы құнды да нақты реттеген абзал. Олай болмаған соң мұндай жобалар қымбаттай береді. Тек былтырдың өзінде Қытай Эксим­банкі қаржыландыратын жол құрылысы жобалары бойынша қымбаттау кем де­генде 23 пайыздан асқан. Яғни, болашақ ұрпақ жұңғо алдында борышқа батуы мүмкін. Қытай төл мемлекеттік банкі ар­қылы несиелендіріп жатқан Қазақстандағы республикалық маңыздағы жолдардың жайына тоқталсақ, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» (287–1073 шақырым) құрылысы 2016 жылы басталды. Оған 278 млрд теңге тартылды, оның 229,6 мил­лиарды игерілген. Бұл жоба қазір 23 пайызға қымбаттады. «Мерке – Бурылбайтал» (7–273 ша­қырым) трассасы да 2016 жылы салына бастады,         2019 жылы қолданысқа берілуі тиіс еді, 2022 жылға сырғыды. Оған шың елінен 97,1 млрд теңге қарыз тартылды, 82,7 млрд теңгесі игерілуде. Жоба құны 36 пайызға тағы өсіпті. «Қалбатау – Майқапшағай» (906–1321 шақырым) тас жолы 2016 жылдан са­лынуда: шығыс көршіден алынған 155,7 млрд теңге қарыздың 116,9 миллиарды қажетке жаратылған. Құрылыс құны 38 пайызға ұлғайды. 2018 жылдан бері төселіп жатқан «Қарағанды – Балқаш» (1492,4–1855 ша­қырым аралығы) автожолына 248,2 млрд теңге заем алынды, 166 миллиарды иге­рілді. Бұл жоба құны 24 пайызға жоғары­лаған. Дегенмен Қытай Эксимбанкі не­­сиелендіріп жатқан жобалардың ішінде ең көп қымбаттағаны (42 пайыз) «Астана қаласының оңтүстік-батыс айналма жо­лы» (0–34 шақырым) жобасы. Бас қаланың төл «сақиналы жолын» салуға 2017 жылдан бері 57,6 млрд теңге қытай қарызы жұмыл­ды­рылып, оның 50,2 млрд теңгесі игерілді. Негізі, республикалық автожолдарды басқару жөніндегі ұлттық оператор «Қаз­Авто­Жол» ұлттық компаниясы ха­лықаралық дәліздердің телімдерін салуға сыртқы қарызды көп тартты. 2022 жылғы жағдай бойынша Еуропа қайта құру және даму банкі, ҚХР Эксимбанкі және Азия даму банкінен жалпы сомасы 2 млрд 552 млн доллар, бұдан бөлек 202 млрд теңге көлемінде мемлекеттік кепілдік берілген 10 мемлекеттік емес қарызды пайдаланып жатыр. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының дерегінше, осы жолдар үшін Қытай ал­дындағы қарызды өтеудің шырқау шегі 2024-2037 жылдар аралығына келеді: сонда жыл сайын 200 миллион долларға дейін негізгі борыш пен қытайлық банк сыйақы­сын төлеуге тура келеді. Ендеше ауырт­палығы да осы жылдарға түспек. Бұл сома қазіргі бағамның өзінде 96,8 миллиард теңгеге тең. Ал ол жылдарға дейін алапат девальвация болып, бұл сома бірнеше жүз миллиардқа жетпесіне еш кепіл жоқ. Қуантыров неге қулыққа басты? Бұл қиындық аз болғандай, еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыров «Са­мұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компаниялардың шетелден қарыз алуына қойылған кедергілерді жұмсартудың қамына бас қатырып жүр. Бұл ұсыныс Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген «Кейбір заңнамалық актілерге бюджет заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасына да енгізілген. Құжат «сыртқы қарыз тарту рәсімдерін оңайлатуды» көздейді. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, егер квазимемлекеттік сектор нысаны сыртқы қарыздарды тартқысы келсе, алдымен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға, яғни экономика министрлігіне шығып, соның қажеттілігін дәлелдеуі тиіс. Содан соң министрлік мына жобаға қарыз тартсақ қайтеді деп, Үкіметке ұсыныспен шығып, дәйектей алуы шарт. Соңынан сырттан алынан борыштардың көлемдерін Үкіметпен келісу міндет. Бұл ретте Үкімет жыл сайын квази­мем­лекеттік сектордың сыртқы борышының шекті көлемін, квотасын бекітіп, шектеп отырады. Одан артық қарыз алуға бол­майды. Тарата кетсек, биылғы 2022 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қо­рына жалпы сомасы 7 триллион 20 млрд 575 млн теңге немесе 16 миллиард 519 млн доллар, ал «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне 2 трлн 219 млрд 775 млн теңге немесе 5 млрд 223 млн доллар сыртқы заем тартуына рұқсат етілген. Жалпы, осы ұлан­ғайыр сома шектеуден гөрі мол мүм­кіндікке ұқсайды. Дегенмен келісу түрінде кедергілер болғандықтан квазисектор осы квотасын да толыққанды пайдалана алмай жүр. Қуантыровтың командасы квазимем­лекеттік сектордың аяғындағы тұсауын алып, сыртқы қарыз өрісінде көсіле шабуына мүмкіндік бермек.
«Тәжірибеде квазимемлекеттік сек­тордың сыртқы қарыздарының көлем­деріне Үкіметтің келісуі мемлекеттік жос­парлау жөніндегі орталық уәкілетті органның квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің тиісті кезеңге арналған сыртқы борышының шекті көлемдерін айқындауы мен бекітуіне келіп тіреледі. Осыған байланысты бюрократия­сыз­дандыру аясында квазимемлекеттік сек­тордың сыртқы қарыздарын тартуды олар­дың көлемін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен ке­лісу арқылы жүзеге асыру ұсынылады» де­лінген жаңа заң жобасының тұжырым­дамасында.
Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық компаниялар тағы да дивиденд, бонус түрінде үлестіру үшін шетелден қарыз алғысы келсе, оны Үкімет алдында қорғау қажет болмайды: ұлттық экономика ми­нистрлігіндегілердің тілін тапса, жеткілікті болмақ. Министрлік осылай квазимем­лекеттік сектор субъектілерінің өтінішіне құлақ асса керек. Қынжылтатыны сол, ұлттық қордың, холдингтердің, ұлттық компаниялардың, мемлекеттің үлесі бар компаниялардың және басқаларының қарызды қалай жұм­сап жатқанынан жұртшылық хабарсыз. Ал таяуда АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанға мемлекеттік кәсіпорын­дар­дың борышы туралы ақпаратты ашуға ұсы­ныс жасады. Бұл кеңес 2022 жылға ар­налған Қазақстанның қаржылық айқындылығы туралы есепке арналған ба­ғада айтылған. Америка Қазақстан Үкі­метіне фискалдық тазалықты жақсартуды, бұл үшін квази­мемлекеттік сектордың борышын бюджетте ашып көрсетуді ұсын­ды. Қазақстандық депутаттар да осыны сұрап келеді. Бәлкім, қырық қадам жердегі Парламентті менсінбесе, Үкімет Атлант мұхитының ар жағындағы алпауытты тыңдар?