«Мир»-ден маза кетті...
«Мир»-ден маза кетті...
© коллаж: Елдар Қаба
392
оқылды
Таяуда еліміздегі банктер «Мир» төлем жүйесімен жұ­мыс істеуден бас тар­т­қаны жайында ақпар тарады. Көп ұзамай кей банктер бұл деректі растады. Сайып кел­ген­де, бұл қадамның артында қаржы ұйым­дарының санкция шыр­мауы­на іліккісі келмеген көз­қа­ра­сы жатқаны анық. Ендеше төр­кіні ре­сей­лік тө­лем жүйесі­нің қандай ке­сірі тиюі мүмкін еді? Түркиядан Өзбекстанға дейін... Ең әуелі елдегі Халық банк «Мир» төлем жүйесіне орай ұстанымын ашық жариялады. Ресейлік карталарға терми­налдар арқылы да, банкоматтар арқылы да қызмет көрсетілмейтінін хабарлаған. Дегенмен банктеріміз жаппай бас тартты деуге келмейді. Мысалы, ресейлік еншілес банк саналатын Қазақстандағы ВТБ банкі кез келген банктердің «Мир» төлем жү­йесіндегі карталарына толық қызмет көр­сететінін мәлімдеген. Банкомат желісінде және банк кассаларында қолма-қол ақша шектеусіз беріледі. Бұл ретте «Банк Центр­Кредит» банкі өз банкоматтарында санк­цияларға ұшырамаған ресейлік банктердің «Мир» карталарын ғана қабылдайтынын хабарлады. Бірақ та «Мир» төлем жүйесі SDN тізіміне енгізілген сәттен бастап ын­тымақтастық туралы шарттардың тізімі шектеулі болмақ. Ал Bereke bank (бұрынғы «Сбербанк») «Мир» төлем картасы бойын­ша қызмет көрсетіліп жатқанын хабарлады. Десек те, карталарды шығару тоқтатылған. Аталған банк бұл істің қандай мерзімге дейін екенін нақтыламай отыр. Қазір «Мир»-ден бас тартпаған жұрт қалмағандай. Ресейлік төлем жүйесінің карталары енді вьетнамдық BIDV-де де қабылданбайды. Банктер BIDV VISA, Mastercard, Western Union, JCB, UnionPay карталарына қызмет көрсетуді жалғас­тырады, бірақ «Мир» төлем жүйесі бұл тізімде жоқ. Ресейдің Орталық банкі шет­ел­дік серіктестер «Мир» карталарын қа­былдау, қабылдамауды өздері шешеді деп жауап берген. Бірақ ұлттық карталарды қабылдау географиясын кеңейту бойынша диалогті жалғастыруға әлі ниетті отыр. Дегенмен 20 қыркүйекте «Мир» төлем жүйесінің сайтында карталарды қабылдау географиясы туралы жазылатын бөлім жабылған. Ұлттық төлем карточкалары жүйесінің 20 сәуірдегі хабарламасында «пластик» сегіз елде, соның ішінде Қазақ­станда қабылданатыны жазылған болатын. Негізі, банктердің бұл қадамға баруы тектен-тек емесін ұғып отырмыз. Ең әуелі түрік банктері лезде «Мир» карталарын қабылдауды тоқтатқаннан кейін, басқа елдердің несие ұйымдары да ресейлік төлем жүйесімен жұмысын тоқтататынын мәлім­деген. Айтпақшы, түріктің A Haber басы­лымы Түркия президенті Ердоған Ыс­танбұлда министрлермен кездесу өткізіп, Түркия мен Ресейге ортақ төлем жүйесін құруды ойластырған. Жаңа төлем жүйесін құруға АҚШ-тың түрік банктерін қорқыту үшін қолданған санкциялары себеп болды. Өткен аптаның соңына дейін Түркиядағы бес ірі несиелік мекеме ресейлік «Мир» карталарына және сәйкесінше Ресейден келетін туристер ағынына қызмет көрсетті. Санкциялар тізіміне ену қорқынышынан кейін Deniz bank және Isbank қызметтерін тоқтатты. Қалған банктер мұндай шешім­дерді әлі талқылауда. Түркия туристердің ақшасын, сондай-ақ Ресеймен газды тө­леуге ыңғайлы валютасын жоғалтқысы келмейтін сияқты. Сондықтан Ердоған рубль төлеміне балама іздеуде. 23 қыр­күйек­тен бастап Өзбекстанда да «Мир» карталарына қызмет көрсету техникалық себептерге байланысты тоқтатылды. Uzcard-Mir ко-бейдж карталары Өзбекстан аумағында тұрақты режимде жұмыс істей­тінін, бірақ шетелде жұмыс істемейтінін атап өткен. Сонымен, бұның бәрі санкциядан қорыққан банктердің амалы болатын. Американың Financial Times басылымы АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға басып кіргені үшін салынған санкциядан Ресейдің айналып өтуіне мүмкіндік беретін «Мир» төлем жүйесімен әріптестігі үшін Түркияға қысым жасап жатқанын хабарлаған еді. АҚШ мемлекеттік департаменті Түркияда ғана емес, Кавказ бен Орталық Азия ел­дерінде де Ресейге салынған санкциядан айналып өтетін әрекеттерге жол бермейтінін мәлімдеген. Саяси астары «сығалап тұр» Елдегі банктер «Мир» төлем жүйесінен бас тарта бастағаны көрші Ресейде қызу талқыға түсуде. Көп ұзаған жоқ, Ресей Мем­лекеттік думасының депутаты Конс­тантин Затулин Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік қарым-қатынас туралы даулы мәлімдеме жасаған болатын. Қарсы тарап та жауапсыз қалған жоқ, Пар­ламент Сенатының халықаралық қаты­настар, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед сол мәлімдемеге жауап қатқан еді.
– Депутат Затулиннің танымалдық рейтингі түссе болды, арандатпа мәлім­демелер айта бастайды. Бұған дейін де бірнеше рет осылай болған. Қазақстандық банктер ресейлік «Мир» банк картасына қатысты өте дұрыс әрекет жасады. Бірін­шіден, біздегі екінші деңгейдегі банктердің бәрі жекеменшікте. Сондықтан қандай банк картасымен жұмыс істеу пайдалы екенін, қолайлы болатынын өздері шешеді. Екіншіден, «Мир» картасының айнала­сында шу мен жанжал көп. «Ақша тыныш­тықты жақсы көреді» дейтін тәмсіл бар. Сондықтан ол өз «алаңдаушылығы» мен «наразылығын» өз еліндегі банк жүйесіне айтсын. Ондағы банк жүйесі Затулин сияқ­тылардың «арқасында» өте қиын жағдайда қалып отыр. Бізге жол көрсеткенше санк­циядан қалай шығатынын ойласын. «Қа­зақстанның жолы тайғақ» деп отырған­дардың өздері талайдан бері тайғақ жолға түсіп алған, – деді сенатор.
Сондай-ақ ол аталған депутаттың жазда да даулы мәлімдеме жасағанын еске салды. Одан соң Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан да Константин Затулиннің мәлімдемесін негізсіз айыптау деп атап, екі ел арасына сызат түсіретінін мәлімдеген.
– Өкінішке қарай, осындай депу­таттардың кесірінен таяу шетелдегі Ре­сейдің достастық бейнесі озбырлық, тә­каппарлық және надандықпен ұштасады. Қазақтарға және өзге де ұлттарға қатысты өздері ойлап тапқан айыппен мұндай саясаткерлер Ресейдің өз мүддесі үшін кері ықпал етеді. Затулиннің мәлімдемесін достыққа сызат түсіретін, негізсіз айыптау деп қабылдаймыз. Ресейдің ішінара мо­би­лизация жариялауынан кейін бірінші күні Қазақстанға 10 мыңға жуық ресейлік келді. Билік те, жергілікті халық та оларға кедергі келтіріп жатқан жоқ. Бұл елімізде орыс­тарды жек көрушіліктің жоқ екенін көр­сетеді, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Депутаттарды былай қойғанда, «Мир» төлем жүйесіне қатысты қаржы сарап­шыларының да пікірі оңды емес. Экономист Расул Рысмамбет бұл төлем жүйесінің Қа­зақстан үшін қажетсіз екенін қайталаумен келеді. Оның ойынша, басқа себептерді айтпағанда, төлем жүйесінен бас тартудың ең негізгі себебі – санкция.
– Бірқатар банк SWIFT жүйесінен ажыратылды. Бұл елдің «Мир» төлем жүйесі мүлде керек емес, – деп қысқа қайырды ол.
Биыл мамырда Ресей тарапы «Мир» төлем жүйесін ТМД елдерінің жүйелерімен синхрондау қажеттілігі туралы хабарлаған еді. Жалпы, экономикалық ықпалын арт­тырғысы келетін солтүстіктегі көршіміз осыған дейін Ұлттық банкке бірнеше мәрте ұсыныс тастап, Үкіметке хат жолдап, ма­заны алғаны есте. Енді өз бастарына күн туып отыр. Түйін: Қайткен күнде де, еліміздегі кей банктердің ресейлік «Мир» жүйесінен бас тартуын орынсыз санай алмаймыз. Әр қар­жылық ұйым өз мүддесін ойлайды. Қазіргі жағдайда олардың басты мақсаты – біреу үшін құрбан болып, санкцияға ілігіп кетпеу.