Қазақстан Президентіне қастандық жасамақ болған адвокат 17 жылға сотталды
Қазақстан Президентіне қастандық жасамақ болған адвокат 17 жылға сотталды
953
оқылды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты А. есімді айыпталушыға үкім шығарды. Сот отырысы Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 29-бабына сәйкес жабық өтті. Үкімге сенсек, А. кінәлі деп танылған және оған мынадай жаза тағайындалған: - мемлекетке сатқындық жасағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айыру; - бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, Еуразия экономикалық одағының шекарасынан қару алып өткені үшін 9 жылға бас бостандығынан айыру; - бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, атыс қаруын, жарылғыш затты заңсыз сатып алып, тасымалдағаны, сақтағаны үшін 7 жылға соттау; - бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, оқ-дәрі, жарылғыш зат дайындағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айыру; - Қазақстан Президентіне өшігіп, оның өміріне қастандық жасауға дайындалғаны үшін 10 жылға соттау; - терроризм актісіне дайындық жасағаны үшін 10 жыл; - құқық қорғау, арнайы меморган қызметкерлері мен әскерилердің өміріне қастандық жасауға бел буғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айыру; - шағын және аса ірі көлемде есірткі сатып алып, сақтағаны үшін 5 жылға соттау.
"Қылмыстық кодекстің 58-бабы 4-бөліміне сай оған жалпы жиыны 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол осы уақытты қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өткізеді. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - деп жазды Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Еске сала кетейік, 25 наурызда елордада Қазақстан Президентіне және бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге қастандық жасауды жоспарлаған шетел барлау агенті, А. атты Қазақстан азаматы ұсталған. Ол бір мезгілде арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты террористік актілер жасауды жоспарлаған. Алдын ала тергеу барысында ҚР азаматы жоғарыда көрсетілген істерді шетел мемлекетінің тапсырмасы және мүддесінде жасағанын мойындады.