Жолдың жыры қашан аяқталады?
Жолдың жыры қашан аяқталады?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
530
оқылды
Бірнеше жылға созылған Алматы – Талдықорған автокөлік магистралі­нің пайдалануға берілгеніне көп бола қойған жоқ. 260 шақырымнан сәл асатын екі аралықты бес сағатта әрең жүріп өтетін жылдар әлі есте. Әйтеуір, қазір одан құтылғандаймыз. Тасжолдың қолданысқа алынғанына көп өте қоймаса да, әрбір тұсынан шалалық пен жауапсыздықтың көрініс беріп қалатыны рас. Деген­мен қазір екі араға қатынас барынша жеңілдеді, 2-2,5 сағатта жетіп бара­сың. Ендігі мәселе – Жетісу және Шығыс Қазақстан облысы орталықтары арасын­дағы тасжолға қатысты. Жетісу облысының Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары арқылы Шығыс Қазақстан, Абай облысына, одан ары Ресейге, Қытаймен екі арадағы Достық бекетіне автокөлікпен сапарлайтын жо­лау­шылар мен жүргізушілердің қазіргі бас ауруы – Талдықорған – Қалбатау – Өске­мен автожолының адам төзгісіз жағдайы. Күрделі жөндеу дейміз бе, әлде қайта төсеп, құрылымдау деп атала ма, осынау мегажоба аясында бірнеше облысты жалғастырып отырған күре жолдағы ұшы-қиыры жоқ жұмыстардың басталғанына биыл бес жылдан асты. Ал Үшарал мен Достықты жалғастыратын 180 шақырым­дық халықаралық маңызы бар жолдың жыры Кеңес өкіметі құлағаннан бері жал­ға­сып келе жатыр десек, артық айтпаймыз. Әйтеуір, Алматы мен Талдықорған облысы қосылған 1997 жылдан бері осы өңірге жол түскен сайын, Достыққа жете алмай жүргендердің арыз-арманын тыңдап келеміз. Жаз айларында автокөлікпен жарты күн жүріп, шаршап-шалдығып баруға болады. Ал қара күзден бастап ерте көктемге дейін, түрлі шаруамен, әрқилы мұқтаждықпен шекара шебіндегі елді мекенге баруға бел буған жолаушылар мен жүргізушілер ауа райының «қабағын» аңдып, алаңдап отырады. Екі арадаға жол кейде айлап жабылады. Өйткені Ебінің желі өзі шала-жансар, ойқы-шойқы трассаны үрлеп, сай-саланы толтырып тастайды. Сондықтан да Достық кеден бекетіндегі шекара арқылы жүк тасымал­дайтындар пайдаланатын автокөлік өткелінің жұмысы да мандымайды. Негізгі жүк теміржол арқылы тасымалданады. Онда да «әне пайдалануға беріледі, міне іске қосылады» дегелі 20 жылға жуықтаған, арғы беттен тар табанды шойын жол тармағымен жеткізілетін жүк тасымал­дайтын вагондардың дөңгелектерін біздің елдегі кең табандыларға жедел ауыстыра­тын терминалдар әлі күнге қолданысқа берілмеген. Соның кесірінен жүк түсіріп-тиеу жұмысының барлығы бұрынғыдай атқарылады. Вагондағы жүктер мен кон­тейнерлер бір пойыздан екінші пойызға қайта тиеледі. Ол қосымша жұмыс күшін, қыруар уақытты қажет етеді. Екі арадағы жолды реттеуге мемлекет қазынасынан бірнеше рет қыруар қаржы бөлінді. Бірақ жеме-жемге келгенде жетпей қалады. 2000-жылдардың басында қарастырылған миллиардтар 20 шақы­рымнан аспай қалған. Үшаралдан бастал­ған асфальт төсеу Ынталы ауылының тұсында тұйыққа тіреліп, сол бойы қалған. Кейінгі жылдары Премьер бастаған, орынбасарлары қостаған, министрлері жалғастырған іссапарлар арқасында туристік аймақтар орналасқан Көктұма мен Ақшиге дейінгі жол реттелгендей болды. Одан ары қарайғы 120 шақырым баяғы кедір-бұдыр күйде. Биыл Талдықорған – Қалбатау – Өске­мен арасын жалғастыратын 800 шақырымға жуықтайтын тасжолдың Алматы облысы аумағымен өтетін бөлігі біршама түзелді. Үшаралға дейін көпірлердің әлі салынбай жатқанына байланысты алдан шығатын әрқайсысы бірнеше шақырымға созылатын айналма жолдар мен Көлбай мен Қабанбай ауылдарының арасындағы 30 шақырымның бітпеген тұстары біраз қинамаса, жолдың қалған бөліктері жақсарыпты. Оның есесіне автожолдың Жетісу облысының шекарасы аяқталғаннан кейінгі бөлігі қиын десек, ешкім сөге қоймас. Екі облыс орталығын жалғайтын күре жолда құрылыс басталған 5 жылда жобаның аяқталатыны және жолдың пайдалануға берілетіні жайлы облыс басшыларының сөзін келтірмей-ақ қояйық. Жыл сайын бір сарында қайталанып, елді әбден мезі етті. Осы жылдар аралығында Үкімет басшы­лары мен олардың осы салаға жауапты орынбасарлары, салалық министрліктер мен комитеттердің, ведомстволардың басшылары тарапынан кесіп айтылған уәденің талайын естіп, көптеген «қатаң» тапсырмаларға куә болдық. Бірақ солардың бірде-бірі орындалған жоқ. Тапсырыс беруші тарап пен мердігердің көпірме сөздері мен құрғақ уәделері орта жолда қалады. Әлде екі жақ келісіп ала ма, құрылыс созылып, ақша құнсызданып, материалдар қымбаттап шыға келеді де, соңында қаржы жетпейді деген сылтау көлденеңдейді. Көпшілік соңғы жылдары жолдың азабынан әбден қажыды, шаршады. Билік­ке сенімін жоғалтты. Сондықтан да болар, осыдан біраз бұрын Жетісу облысының әкімі Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына барғанда жұртшылықтың аймақ басш­ысына қойған сауалдары арасында жалпы жол мәселесі, соның ішінде Талдықорған – Өскемен, Үшарал – Достық трассасына қатысты проблема жиі көтеріледі. «Күре жолдың облыс аумағы арқылы өтетін бөлігіне асфальт төсеу қазан айының соңына дейін аяқталады. Үшарал – Достық тасжолына афальт төсеу биыл бітеді. Көпірлерді салуды да жеделдетеді. Жалпы, нысан келер жылы толық пайдалануға беріледі» деп жұртты кезекті рет үміттен­діріп кетті әкім. «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы­ның мәліметінше, асфальт төселмеген жол бөліктері Алакөл, Сарқан, Ақсу, Ескелді аудандарының аумағынан өтеді. Сол сияқты Жансүгіров, Сағабүйен, Қабанбай, Көлбай ауылдарындағы 4 көпірді де тез арада бітіру керек. Егер ауа райы бұзылып кетпесе, жоспарланған жұмыс ауқымы белгіленген мерзімге дейін аяқталуы тиіс.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы