Елді елең еткізген «Еркелету сағаты»
Елді елең еткізген «Еркелету сағаты»
888
оқылды
Күні кеше әлеуметтік желіде Жамбыл облыстық Білім басқармасының аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерінің басшыларына жолдаған хаты тарады. Мұнда Жамбыл облысы әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес әр отбасында ата-ана немесе балалардың заңды өкілдерінің кешкі сағат 20.00-21.00 аралығында «Еркелету сағатын» міндетті түрде өткізуін бақылауға алу қажеттігі жазылған. Ал мұның себебі ретінде 13 қазаннан бастап облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша күнделікті таңертең кесте бойынша облыс әкімдігі ақпаратты жинап беретінін көрсеткен.
Осы хат бүгінде қызу талқыға түсуде. Мәселенің мәнісін білмек болып облыстық Білім басқармасына хабарластық. Олардың бізге берген жауабында: «Қазір білім саласындағы тәрбие жұмысы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне сәйкес құрылған бағыттар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жоғарыда көрсетілген хат кәмелетке толмағандар арасында түрлі келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін ата-аналармен байланыс орнатып, отбасылық тәрбиенің маңызды екенін ескеру мақсатында жолданған», – деп жазылған. Сондай-ақ олардың айтуынша, жолданған хаттың мағыналық тұрғыда дұрыс құрылмауына байланысты жауапты маманға қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, тәртіптік шара қолданылмақ. Сонымен қатар басқарма өздері тарапынан педагогтерді жұмыстан тыс уақытта жұмысқа тарту туралы тапсырма берілмегенін және артық жұмыс міндеттелмегенін алға тартты.