«Ақиқаттың алдаспаны, намыстың наркескені атанған ардақты Шер-аға саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнаған қарымды қаламгер, қайраткер тұлға еді. Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті. Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды» делінген Президенттің құттықтау хатында.Өз кезегінде Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шаханов Шерхан Мұртазаның шығармашылық қырларын айта келе, мерейтойдың мерейлі өтуіне ақ батасын берді. Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бастаған зиялы қауым өкілдері ескерткіштің лентасын қиып, гүл шоқтарын қойды. Айта кетейік, бұл күні алдына Шер-ағаның еңселі ескерткіші қойылған халықаралық Тараз инновациялық институтына ресми түрде Шерхан Мұртаза есімі берілді. Жалпы, аталған білім ордасы – Шер-аға шығармашылығын көзі тірісінде дәріптеген бірден-бір оқу орны. «Шерхантану» орталығын ашып, қаламгердің «Бір кем дүние» көптомдығын да басып шығарды. Одан бөлек, Шерхан Мұртаза оқуларын ұйымдастырып, жазушы мен жастарды жақындастыра түсті. Сондықтан дәл осы институтқа Шерхан Мұртаза есімінің берілуі заңды дүние екенін көпшілік айтуда. Мерекелік шаралар бұдан соң «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен баспасөзінің даму үрдісі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Конференция алдында көпшілік фойеде ҚР Мемлекеттік Орталық архивіндегі Шерхан Мұртазаның жеке текті архивтік құжаттарының көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды. Одан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушы-журналист Мейрамбек Төлепбергеннің модераторлығымен конференция жұмысы басталды. Жиында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдіұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жақып Бауыржан, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Ғарифолла Есім, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Мейірхан Ақдәулет, Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Уәлихан Қалижан, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор Ергөбек Құлбек сынды азаматтар баяндама жасап, Шер-ағаның шығармашылығы мен қайраткерлік болмысына кеңінен тоқталды. Бұдан кейін мерейтойға орай жарық көрген облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқысымен Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы құрастырған жазушының қолжазбалары, күнделіктері негізінде «Ауылды, сені сағынам...» атты 2 томдық жинақ пен атпал азамат Ерболат Саурықовтың демеушілігімен халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы дайындаған жазушының 5 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Түс ауа той қонақтары Шерхан Мұртазаның туған топырағы Жуалы ауданы Талапты ауылын бетке алып, әдеби-мемориалдық мұражайының ашылуына қатысты. Биыл Шер-ағаның өзі тұрған үйі мемлекет қарауына алынғаннан кейін толықтай жөндеуден өтіп, құнды жәдігерлері қойылған мұражайға айналған болатын. Салтанатты шараға Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұхтар Шаханов, Аягүл Миразова, Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев және Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Гүлдара Нұрымова, Ильяс Буларов, Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшімжан қатысып, музейдің лентасын қиды. Бұдан кейін Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев жазушының балалық кезі мен білім алған шақтары, студенттік жылдары, журналистика және жазушылық қызметі, саяси өмірге араласуы, жұмыс кабинеті мен инсталляциясы орналасқан әдеби-мемориалдық үйді таныстырды. Жуалы жерінде бұдан бөлек, «Ақиқаттың ақ туы» республикалық қаламгерлер байқауының, «Шынның жүзі – Шераға» республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімдері өтіп, соңы ас беріліп, концерттік бағдарламаға ұласты. Осылайша, тау тұлғаның 90 жылдық мерейтойы Жамбыл жерінде бар салтанатымен аталып өтті.
Жамбыл облысы