Ел дамуында Маңғыстаудың маңызы зор
Ел дамуында Маңғыстаудың маңызы зор
574
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облы­сына жұмыс сапа­рымен барып, өңір жұртшылығымен кез­десті. Пре­зидент облыс халқымен жүздесуін­де аймақтың ерекшеліктеріне тоқ­талып, өлкені жан-жақты өркен­детуге толық мүм­кіндік бар екенін атап өтті. Сондай-ақ тәуел­сіздік жылдарында тұрғындарының саны 2,5 есе өскен облыстың әлеуметтік-экономи­калық дамуы туралы ой-пікірін жеткізді. Президент ең алдымен Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібі мен бизнес саласын дамыту қа­жеттігіне назар аударды. Мемлекеттің алдында тұрған негізгі мін­деттің бірі – ұлттық экономиканы іс-жүзінде әртараптандыру. Сонымен қатар терең өңделген дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашу қажет.
– 2023-2026 жылдары 29 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Со­ның нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Үкіметке және әкімдікке барлық жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Облыста кәсіпкер­лікті дамыту үшін де зор мүмкін­діктер бар. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 32 пайызға жетті. Осы салада 140 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібі, туризм, сауда, сондай-ақ білім беру және медицина саласында кәсіпкерлер саны артып келе жатқаны қуантады. Яғни, облыс экономикасы әр­тараптана бастады деуге болады. Аймақ­тағы шағын және орта бизнесті дамытуға «Мен – кәсіп­кермін» жобасы тың серпін берері анық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың көлік-логис­ти­калық және инвестициялық әлеуетін арттыру мәселесіне де тоқталып, Маңғыстау географиялық тұрғыдан ұтым­ды жерде орналасқан өңір екенін және бұл өлкені әлемдік деңгейдегі көлік-транзит торабына айналдыру керектігін атап өтті. Прези­денттің айтуынша, порт­ты қала Ақтау – Қазақстан­ның теңізге шы­ғатын қақпасы. Жаһандық логис­тика­лық жүйе қайта қалыптасып жатқан қа­зіргі кезде Каспий теңізінің маңызы күрт арта түсті. Еліміз порттың инфрақұрылы­мын дамыту үшін инвестиция тартуды, контейнерлік және көлік-логистикалық хаб құруды көздеп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өңір тұрғын­дарының облыстық деңгейдегі жолдың сапасы жөнінде жиі шағым айтатынын еске салып, автомобиль жол­дарының сапа­сын жақсартуға баса назар аудару керек екеніне тоқталды. Атап айтқанда, жұмысы баяу жүрып жатқан «Бейнеу – Шалқар» тасжолы құрылысының маңыз­дылығын айтып, Үкіметке құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды жедел дайындауды тапсырды. Сондай-ақ әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, «Ақтау – Форт-Шевченко», «Таушық – Шетпе» жолдарын жөндеуге келесі жылдан бастап кірісу керек екенін айтты. Бұған қоса, Мемлекет басшысы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы инвестиция тарту, өнім өндіру, салық төлеу көрсеткіштері бойынша республикада ең үздік үш аймақтың бірі екенін атап өтіп, арнайы экономикалық аймақтарда игерілмеген жер телімдерін инфрақұрылыммен қам­тамасыз етуді тапсырды.
– Үкімет арнайы экономикалық ай­мақтардың жұмыс істеу мерзімін ұзартуы қажет деп есептеймін. Қазақстан шетелдік әріптестермен инвестициялық ынтымақ­тастықты дамытып келеді. Со­ның бірі – «Жасыл» сутегін өндіру және тарату орта­лығын» салу жобасы. Қазақ­стан мен неміс-швед компаниясы ара­сында инвестиция туралы тиісті келісімге қол қойылды. Инвестор Маңғыстау облысында «жасыл» сутегі өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ күніне 255 мың текшеметр су тұшытатын зауыт, 40 гигаватт жаңғыртылатын қуат көздері стансасын салу жоспарда тұр. Осы жоба жүзеге асырылса, құрылыс кезінде 3 500, ал нысан іске қосылған кезде 1 800 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Өз мамандарымызды оқытып, даярлаймыз. Тиісті инфрақұрылым салы­нады. Инвестор өзіне жүктелген әлеумет­тік міндеттемелерін орындайды, – деді Президент.
Сондай-ақ жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудың сумен қамтамасыз ету жүйесін және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларын дамытудың маңыз­дылығына тоқталды. Мемлекет басшысы бес жыл ішінде өңірдегі барлық қала мен ауылды ауызсумен қамтамасыз ету жөнін­де міндет жүктегенін атап өтті. Жыл ая­ғына дейін 12 ауыл орталықтан берілетін су жүйесіне қосылады. Өңірде 2025 жылға дейін су тұшыту жөніндегі 9 жоба, магис­тральді су құбырын салу және қайта жаң­ғырту жөніндегі 4 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Президент Кендірлі ауы­лындағы су тұщытатын зауыттың құры­лысын бастау керек екеніне, 33 жыл бұрын пайдалануға берілген Астрахань – Маңғыс­тау су құбырының әбден тоз­ғанына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, өңірдің үздіксіз дамуына және халық санының өсуіне байланысты ин­женерлік жүйені жаңғырту мәселесі туын­дап отыр. Сондай-ақ Ақтау қаласының инженерлік жүйесінің 75 пайы­зы ескірген. Үкіметке облыс орта­лығы­ның инженерлік жүйесін қайта жаб­дықтауға қажетті қара­жат бөлуді тап­сырған Мемлекет басшысы Ақтау қала­сында құрылыс жүргізу мәселе­сіне ар­найы тоқталды. Облыс орта­лығындағы ескі үйлердің мәселесін шешу қажет. Қалада мұндай 280 үй бар. Сол се­бепті Президент Үкіметке Ақтау қала­сындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Жаңа­өзенді кешенді дамыту мәселесіне баса назар аударып, күрделі түйткілдерді ше­шуге 580 миллиард теңгеден астам қара­жат бөлінгенін жеткізді. Маңғыстау Бұдан кейін Мемлекет басшысы об­лыстың білім беру, денсаулық сақтау сала­ларын дамытып, жастарға қолдау көрсету керек екенін атап өтті. Маңғыстау об­лысында балабақша мәселесі толық ше­шімін таппаған, 10 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Сондай-ақ 13 мың оқу­шыға мектептен орын жетпей жатыр. Апатты жағдайдағы, үш ауысыммен оқы­татын мектептер бар. Президент осы мәсе­лелерді айта келе, балабақша салуға мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін пайдалану керек екенін атап өтті. Соны­мен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы бойынша Маңғыстау аймағында ал­дағы үш жылда 21 мектеп салынатынын айтты. Мемлекет басшысы мұның өзі жеткіліксіз екеніне назар аударып, бұл жұмыста биз­нестің мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажеттігін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге қажетті кәсіби кадрларды даярлау ісіне баса мән берген жөн деп есептейді. Оның айтуын­ша, биыл жоғары оқу орындарына 73 мың грант берілген. Бұған қоса, Президент батыс облыстарының түлектеріне қо­сымша 10 мың грант бөлуді тапсырған бо­латын. Соның 6 мыңы Маңғыстауға берілді.
– Бірақ бұл гранттың төрттен бірі ғана игерілген. Бұл – түсініксіз жағдай. Оның үстіне облыста білікті мамандарға деген сұраныс өте жоғары екені белгілі. Ашы­ғын айтсақ, жоғары оқу орындары және құзырлы министрлік кәсіби бағдар беру жұмыстарын ойдағыдай атқармай отыр. Түлектерге және ата-аналарға қосымша грант бөлінгені туралы толық ақпарат жетпей жатады. Ғылым және жоғары білім министрлігіне арнайы білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырамын, – деді Президент.
Кездесуде Президент агроөнеркәсіп саласы ел экономикасын дамыту ісіндегі стратегиялық басымдықтың бірі екенін атап өтіп, Маңғыстаудың ауыл шаруа­шылығы саласын, азық-түлік нарығын дамыту маңыздылығына тоқталды. Ай­мақ тұрғындары жыл сайын 100 миллион доллардың азық-түлігін сырттан алады. Мұндай тәуелділік оның бағасына тікелей әсер ететіні белгілі. Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 20 пайыздан астам қымбаттаған. Көбіне мұндай ахуалдың қалыптасуына аймақтың орналасқан жері және логистика мәселелері себеп болып отыр. Мемлекет басшысы жыл сайын мал азығының 75 пайызын басқа облыстардан алатын Маңғыстау облысында жемшөптің бағасын арзандату мәселесі өте өзекті екенін айтты. Өзге өңірлерден мал азы­ғын тасымалдау үшін жеңілдетілген тариф­тер енгізу жолын қарастыру керек екенін атап өтті. Бұған қоса, Маңғыс­таудың эко­логиясында күрделі түйткілдер бар және экологиялық тепе-теңдік пен Каспийдің биоалуандығын сақтау – маңызды міндет. Бүгінде итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуы жиіледі. Мұндай маңыз­ды мәселеге кешенді ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыс­тауда еңбегімен көпшілікке үлгі болып, елімізді өркендетуге зор үлес қосып жүрген бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұдан соң Мемлекет басшысы Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауы­тының жұмысымен танысты. Президент­ке зауытты кеңейту жобасының орындалу барысы туралы баяндалды. Тәулігіне 20 мың текше метр таза су өндіретін зауыт­тың қуатын екі есеге дейін арттыру жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Қазір Мұнай­лы ауданы­ның елді мекендері мен Қара­қия ауданына қарасты Құрық ауылында су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Өңірде халық санының артуына және туристік кластердің дамуына байланысты «Кас­пий» су тұшыту зауы­тының өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арт­тыру қажеттігі туындаған. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді ауызсумен қамтамасыз ететін кәсіпорынның маңызы зор екенін айтып, зауытты жаңғырту жұ­мысы сапа­лы орындалатынына сенім біл­дірді. Президент Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Бекет ата жер асты мешітіне зиярат етті.Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи орында жергілікті ақсақал­дармен әңгімелесіп, елдік мәселелерді талқылады.
– Қасиетті жерге зиярат ету үшін ар­найы келдім. Мұнда 2019 жылы Пре­зидент лауазы­мына кіріскен кезде келген едім. Бүгін жұртшылықпен кездесіп, ма­ңызды мәсе­лелерді талқыладық. Маң­ғыстау об­лы­­сының дамуына тың серпін беру керек екенін айттым. Үкіметке тиісті тапсыр­ма­лар бердім. Аманшылық болса, келешекте облыста бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бәрі менің бақы­лауымда болады, – деді Мемлекет бас­шысы.