Анар Жаппарқұлова: Мазмұны ескірген кітап болмайды
Анар Жаппарқұлова: Мазмұны ескірген кітап болмайды
1,350
оқылды
Білім алудың басты құралы – кітап екенін бәріміз жақсы білеміз. Жаңа заман компьютер дәуірі бол­ғаны­мен, кітап өз құндылығын еш­қашан жоғалтқан емес. Қа­ғаз­дың иісін, парақтарын сезініп оқудың жөні бір бөлек. Жақында соңғы жылдары техника заманы деп ұмы­­тыла бастаған кітапқа, кітапханашыға билік назар аударды. 24 қазан – Кітапханашылар күні деп ресми түрде бекітіліп, Үкімет тарапынан арнайы қаулы шықты. «Бұл кітапханашы­лардың абыройын ас­қақ­татып, мерейін тасытқан күн бол­ды», – дейді Шымкент қала­сын­дағы әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы­ның директоры Анар Жаппарқұлова. – Анар Абусайылқызы, кітапхананың негізгі жұмысы оқырмандар тартып, күнделікті кітапхана қорын ұлғайту екенін білеміз. Бізге осынау кітапхана іс-шаралар орталығы сияқты болып көрінеді. Қалада өтетін ғылыми-әдеби шаралардың көбісі осында бола ма? – Қалаға келетін қонақтардың басым бөлігі бізге соқпай кетпейді. Әсіресе, зиялы қауым өкілдерінің тұрақтайтын мекеніне айналғаны рас. Кездесу кештері, атаулы күнді атап өту жиындары көп ұйымдастырылатынын жасырмаймыз. Оның үстіне, өздеріңіз білесіздер, жылдың басында Қаңтар оқиғасы кезінде жанымызда орналасқан көрме орталығы өртеніп кетті. Содан кейін көрме орталығында өтіп жүрген кейбір іс-шаралар біздің ғимаратта ұйымдастырылды. Жуырда көрме орталығы қайта салынып, қызмет көрсете бастады. Әрине, негізгі жұмысымыз оқырман­дарымызға кітап оқытуды үйлестіріп, олардың сұранысын қанағаттандыруға басым бағыт беру. Бізге жыл сайын министрлік тарапынан мемле­кеттік тапсырыс арқылы жарыққа шыққан жаңа кітаптар үздіксіз келіп тұрады. Олардың қатарында Абайдың, әл-Фарабидің кітаптары, одан өзге ғылымның барлық саласы бойынша меди­цинаға, ауылшаруашылыққа қатысты кітаптар да бар. Біз оқырмандарымыздың нені жиі сұрай­тынына талдау жасай отырып көз жеткіз­геніміз, келу­шілердің негізінен шабыт беретін, жігер­лендіріп отыратын кітаптарды көп оқитынын байқадық. Алайда өкінішке орай, психологиялық кітап­тардың көпшілігі шет тілінде. Қазір олардың аудармалары мен отандық психолог­тардың туындылары сұранысқа ие болып тұр. Біздің мекеме бар­лық оқырман категориясына арналған көпшілік кітапхана болып табылады. Сондықтан жас та, орта буын да, зейнеткерлер де жиі бас сұғады. Ғылыми-зерттеу бөліміне жоғары оқу орындары­ның оқытушылары, докторанттар мен магистрант­тар келіп ғылыми жұмыстарымен айналысады. кітапхана Кітапханада заманауи ELAR PlanScan – әртүрлі форматтағы, кітаптар мен түптелген, күрделі, ескірген немесе зақымдалған құжаттарды цифрлауға арналған әмбебап кітап сканері, аспан сферасын жұлдыздар, планеталар мен серіктермен, кометалар мен метеорлармен демонстрациялайтын ғылыми және оқу орны бар. Сонымен қатар күн мен айдың тұтылуы, Айдың, Марстың, Венераның панорамалары және жер шарының климаттық аймақтарын тамашалайтын Планетарий залы, электронды форматқа көшірілген кітаптарды тыңдауға арналған аудио зал Led Экран техника­ларымен жабдықталған. Жыл басынан бері 300-ге жуық іс-шара өтті. Біздің кітап қоры­мызды ұл­ғайтуға өңіріміздің тұрғындарынан бө­лек, белгілі азаматтар да үлкен үлесін қосып келеді. Ком­позитор-әнші Құралай Сәтмұхамбетова әпкеміз, ақын Бахытжан Алдияр да үйінде тұрған көптеген құнды кітапты оқырмандарға сый­лады. Менің түсінігімде тозығы жеткен, маз­мұны ескірген кітап болмайды. Мысалы, Кеңес үкіметі кезінде үйіне том-том кітап жинағандар бар. Кейбіреулер отқа жағып жіберіп жатады. Ол тарих, тарихты өртеп жібере алмайсыз. Дәл сол тақырыпты зерттейтін адамдар болады. – Оқырмандарға кітап оқыту үшін қандай амал-тәсілдер жасап жатсыздар? Биылғы «Балалар жы­лы­на» нендей үлес қоса алғандарыңыз жөнінде де айтып кетсеңіз... – Кітапханаға келушілерге барлық жағдай жасалған. Мұнда оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдерімен қоса, мәжіліс залы, «Әл-Фараби» залы, аудио зал, планетарий, «Қайрымды қала» залы, коворкинг орталығы жұмыс істейді. Оқырмандарды тарту, кітапқа қызықтыру үшін түрлі шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Байқаулар, шығармашылық кештер, дебаттар, турнирлер, кездесулер, кітап көрмелеріне тұсаукесер рәсімдері оқырмандарды қызықтырмай қоймайды. Кре­а-тивті форматта жаңалыққа жаны құмар жастарды заманауи квест ойынын пайдалана отырып, әлем таныған әл-Фарабидің рухани, ғылыми мұрасын насихаттау мақсатында өткен NIGHTQUEST кітапханалық түні жастардың есінде қалар ерекше шара болды. Шараға қала қонақтары, ЖОО студенттері, өнерлі балалар студиясының ансамблі қатысты. Осы тұста қаламыздағы педагог маман­дарды даярлайтын шығармашыл жастары көп Оңтүстік Қазақстан педагогикалық универ­ситетінің ұстаздары мен студенттерінің кітапханаға жиі келетінін, бізбен тікелей байланыс орнатқанын айта кеткім келіп отыр. Университет қабырғасында құрылған «Алқа» әдеби бірлестігі негізінен кітапханамен жұмыс істейді. Аталған бірлестік бір кітапты таңдап алады да, сол кітаптың авторымен осы жерде кездеседі. Ол – үздіксіз жүріп отыратын жоспарлы да, жоспардан тыс өткізе беретін шарамыздың бірі. Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы да кітап оқытудың тәсілі ретінде сәтті жоба болғанын айта кету керек. Одан бөлек, республикалық «Оқитын ұлт» жобасының аясында «Шымкент – оқитын қала» жобасы да өз жемісін беріп келеді. – Жуырда «Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазы­насы» тақырыбында республикалық ғылыми көп­шілік конференциясын өткіздіңіздер. Онда қан­дай мәселелер сөз болды? – Бұл – жаңғыртудан өткеннен кейінгі ғұлама ғалымға қатысты екінші үлкен шара. Былтыр халықаралық деңгейде, биыл республика көлемінде өтті. Ұлы даланың ұлы тұлғасы әл-Фарабидің рухани мұралары кеңінен насихатталған халықаралық ғылыми көпшілік конференцияда былтыр марқұм академик Әбсаттар Дербісәлі, Қазақстан ҰҒА академигі Ғарифолла Есім, академик Саттар Мажитов есімі әлемге танылған ойшыл туралы баяндама оқыды. Ал Францияның еңбек сіңірген профессоры Альберт Фишлер, Огайо университетінің профессоры Джеймс Патрик, Ыстанбұл университеті Фараби ғылыми-зерттеу орталығының директоры Абдуллақ Қызылжық құттықтау сөз алып, Фараби мұраларының әлем деңгейіндегі ұлылығына, әлі де талай зерттеулерді қажет ететіндігіне тоқталған. Ал биылғы шараға фарабитанушы ғалым Жақып Алтаев, Алматы қаласынан Әсет Құранбек, Астанадан Болат Қорғанбеков келіп, әл-Фараби мұрасын сақтау, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы қорын құнды материалдармен толықтыру, әл-Фараби атындағы қалалық кітапхананы әлемдік деңгейдегі кітапханалар қатарына ілгерілетуге бірлескен жобаларды жүзеге асыру шаралары қаралды. Конференцияда әл-Фарабидің еңбектері, оның насихатталуы, шетелдегі әл-Фараби орталықтары туралы айтылды. кітап   – Биыл тұңғыш рет кәсіби мерекелеріңізді атап өттіңіздер. Жалпы, «Кітапханашылар күні» сіздерге қалай әсер етті? Атаулы күн қарсаңында кітапхана директоры­ның орынбасары Гүлмира Алпысбаева ҚР Мә­дениет және спорт министрі Д.Абаевтың қолынан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін алып келді. Мұндай мәртебеге 30-40 жылдап еңбек етіп, жете алмай кеткен қайраткерлеріміз бар. Мұндай құрмет бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сонымен бірге биыл министрліктің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен республика бойынша қыркүйек айында KitapTime фестивалі алғаш рет жария­ланды. Аталмыш фестиваль аясында әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана­сында KitapTime республикалық кітап мерекесі өтті. Онда Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі, ақын, ұстаз Абай Қалшабек оқырман­дармен кездесіп, «Тәубе» кітабының таныс­тырылымын өткізді. Біз бұны кітапханашыларға деген биліктің оң көзқарасының бастамасы деп білеміз. – Сұхбатыңызға рақмет!

Шымкент қаласы